Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Жасанды интеллект – цифрлық дербестік тірегі
2,317
оқылды

Кеңеске Премьер-Министр Олжас Бектенов, Пре­зидент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік орган­дар­дың жетекшілері қатысты.

Президент қазір дүниежүзінде жасанды ин­тел­лектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүл­де жаңа технологиялық өзгерістер болып жат­қа­нын атап өтті.

– Бұл технология әлемдегі барлық елдің да­муы­на тікелей әсер етуде. Қазір онсыз жаһандық бә­секеге төтеп беру мүмкін емес. Озық техно­ло­гия­лар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсім­нің қозғаушы күшіне айналуда. Біз жасанды ин­теллект саласында бірқатар жетістікке қол жет­кіздік, бірақ босаңсуға болмайды. Осы стра­те­гия­лық бағытта табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл жұ­мысқа мен ең маңызды басымдықтың бірі ре­тін­де қараймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сау­да және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша 2033 жылға қарай жа­­санды интеллект нарығының ауқымы 4,8 трил­лион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық тех­нологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады. Бұл, әрине, теңдесі жоқ өсім болмақ. Жасанды интеллект дамудың жаңа мүм­кіндіктеріне кеңінен жол ашады, – деді Мем­ле­кет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазір бұл саладағы бә­­секе күшейді.

– Биыл шілде айында АҚШ Президенті Дональд Трамптың Әкімшілігі America’s AI Action Plan стра­тегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып тұруына қажетті аса маңызды құрал ретінде қаралған. Маман­дары­мыз осы және басқа да құжаттарды мұқият зер­де­леп, нақты қорытынды жасауы керек. Ал Қытай Жа­санды интеллект саласындағы ынтымақ­тастық­ты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Мақсат – жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілету, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жою, жасанды интеллектіні тұрақты қолдану және оны пайдалану этикасын қалыптастыру. Қытайдың мұндай ұйым құру туралы ұсынысын қолдау керек деп ойлаймын. Дайындық іс-шараларына атсалысу қажет. Бұл – еліміздің мүддесі. Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақ­ты іске көшу керек. Әр мәселеге жүйелі түрде қа­рап, батыл шешімдер қабылдап, оның орын­далуын қатаң бақылауға алу қажет. Мен бұған дейін бірың­ғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тез­дету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайын­дап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жи­нау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні ен­гізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тап­сырмалардың орындалу барысы мәз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші болуға тиіс деп санайды. Оның пікірінше, ЖИ – еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі.

– Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек. Үкімет Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуге тиіс. Бұл іске халықаралық компа­ниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат прагматикалық тұрғыдан барынша жетік, айқын әрі алдағы жұмысы­м­ыздың бағыт-бағдары ретінде қызмет етуге тиіс. Онда жасанды интеллектіні дамыту және қолданудың барлық аспектісіне қатысты кешенді шаралар қамтылуы қажет. Ол экономика мен мемлекеттік секторға аталған технологияны енгізу тұрғысынан нақты әрі түсінікті болуға тиіс. Құжаттың міндеті – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға және жаңа индустрияларды құруға ықпал ету. Сонымен қатар жаппай оқыту бағдарламалары мен кадрларға сұранысты болжау арқылы еңбек нары­ғындағы трансформацияны басқаруға назар аударған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын тоғыз басым бағытқа жеке-жеке тоқталды.

– Бірінші. Жасанды интеллектіні эко­номиканың нақты секторына енгізуді қолға алу қажет. Бұл – күрделі, бірақ өмірлік маңызы бар міндет. Өйткені экономиканы түбегейлі жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін, ең алдымен, ірі кәсіпорындармен ықпалдас­тықты жолға қойған жөн. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге жыл соңына дейін жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізіп, экономикалық тиімділігін көрсететін нақты үлгілер ұсынуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады. Бұл – анық нәрсе.

– Қазір ChatGPT қағидатымен жұмыс істейтін кейбір жобалар енгізіліп жатыр. Бұл тәсілдер азаматтардың өтініштеріне жауап беруге септігін тигізуде. Дегенмен мұны алдағы үлкен жұмыстың алғашқы қадамы ғана деуге болады. Озық техно­логияның әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Жасанды интеллект мемлекеттік аппарат­тың жұмысын мейлінше жеңілдетуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстанда қызметтердің басым бөлігі әлі де «цифрлық фиксация» күйінде. Яғни, құжаттар электронды түрде беріледі, өңделеді, бірақ рәсімдеудің өзі мемлекеттік қызметшінің араласуын талап етеді. Шын мәнінде, бұл – қағаз жүзіндегі бюрократияны цифрлық форматқа көшіру ғана. Бұдан тиімділік еш артқан жоқ. Біз жасанды интеллектіні қолданып, қандай қызметтерді толық өз­гертуге болатынын нақты айқындап алуымыз керек. Ал одан босаған ресурстарды басқа да күрделі әрі пайдалы жұмыстарға жұмсауға болады. Сондықтан Үкімет үш айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Әсіресе, өтініштерді қарау және шешім қабылдау жұмысында кеңінен пайдаланған жөн. Бізге тұтас мемлекеттік басқару жүйесінде қолдануға болатын нақты тетіктер өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.

– Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабыл­дауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Қазақстанда да перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі меди­циналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді,– деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интел­лект саласын реттеу тетіктерін жетілдіруді тағы бір маңызды міндет ретінде айқындады. Оның айтуынша, бүкіл әлемде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық негізі белсенді қалыптасып жатыр.

– Еуропа одағы, АҚШ, Қытай және Канада қауіп-қатерлер мен ықтимал мүмкіндіктерді ескере отырып, саланы реттеудің төл моделін жасақтауға кірісті. Қазақстан да өзінің нормативтік базасын қалыптастыруға тиіс. Осы орайда, озық халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуға тиіс. Жалпы, жасанды интеллект туралы тиісті заңды қабылдау – шұғыл міндет. Оны орындауға Үкімет баса мән беруі керек. Құжатта инновация, жауапкершілік, қауіп­сіздік мәселелері тең дәрежеде ескерілуі керек. Сондай-ақ азаматтардың құқығын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау ісіне мән берілуі қажет. Заң жасанды интеллектіні дамытуға бөгет болмауға тиіс. Ереженің бәрі айқын әрі түсінікті болғаны жөн. Яғни, инвестиция тартуға және технологияларды енгізуге барынша қолайлы заң әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударып, Үкімет мүшелеріне ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт құрылымын қайта қарау туралы тапсырма берілгенін еске салды.

– Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Бірақ мәз болып, босаңсуға болмай­ды. Тиісті жұмыс әлі алда. Есептеу ресурс­тары баршаға бірдей қолжетімді болуы керек. Суперкомпьютердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек. Сонымен қатар шашыраңқы мемлекеттік ақпарат жүйелерін ретке келтіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүкіл мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені біртұтас платформаға көшіруді тапсырды.

– Мұндай тәсіл түпкілікті интеграция­­ны, архитектуралық үйлесімділікті қам­тамасыз етіп, артық шығынды болдырмайды және толыққанды деректер массивін қалыптастырады. Биыл шілде айында QazTech ұлттық цифрлық платформасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Ол бүкіл цифрлық әзірленім процестерін орталықтандырып, оларды енгізу уақытын қысқартады. Платформаны жаппай қолданысқа енгізу мақсатында 2026 жылдың қаңтарынан бастап QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі. Әрбір жағдай бойынша шешім­ді Цифрландыру жөніндегі комиссия қа­был­дауға тиіс. Үкімет 2026 жылы бірінші тоқсанның соңына дейін QazTech плат­формасының толық ақпараттық қауіпсізді­гін қамтамасыз ету процедурасын аяқта­уы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ кибер­қауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді.

– Жасанды интеллектінің дамуымен қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болды. Үйреншікті әрекет ету механизмдері оған бейімделіп үлгермей жатыр. Ней­ро­желілер көмегімен адамның биометриялық көшірмесі жасалатынын, дауысын, бет әлпетін, тіпті мінез-құлқын айнытпай салуға болатынын бәріміз көріп отырмыз. Бұл азаматтардың жеке мәліметі мен банк есепшоттарына қол жеткізуге, қоғамдық пікірді бұрмалайтын жалған бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Одан әрі Мемлекет басшысы ақпарат­тық жүйелердің осал тұстарына тоқталды.

– Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді. Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда орын алады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті. Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және ша­шыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке Цифрлық даму министрлігі құрамындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойыншате хникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау Ұлттық қа­уіпсіздік комитетіне бағынышты Мемлекет­тік техникалық қызмет құзырында. Бірыңғай басқару вертикалінің болмауы және функциялардың қайталануы мемлекеттік органдардың киберқауіпке қарсы баяу әрекет етуіне себеп болады. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғалған коммуникацияны қамтамасыз етуді тағы бір маңызды міндет ретінде атады.

– Қазіргі кезде іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтардың жеке деректерін беру үдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мес­сенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұны елімізде жүргізіліп жатқан цифрлық бетбұрыстың негізгі шарты десек болады.

– Біз қазірдің өзінде AI-Sana оқыту бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Жобаның мақсаты – студенттердің жасан­ды интеллект саласындағы дағдысын жетілдіру. Бұл бағдарламаның ауқымын барынша кеңейте түскен абзал. Ұстаздар мен оқушылардың жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл – тиісті министрліктің алдында тұрған маңызды міндет, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы инвес­тиция мен дарын иелеріне қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.

– Өткен жылы жасанды интеллект саласындағы стартаптарға дүниежүзі бойынша 100 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Бұл – әлемдегі вен­чурлық қаражаттың үштен бір бөлігінен асып түседі. 2023 жылмен салыстырғанда ЖИ жобаларын қаржыландыру шамамен 80 пайызға артты. Осылайша, жасанды интеллект саласындағы таланттар мен идеяларға бәсеке күрт өсті. Бүгінде негізгі инвестиция ағынын АҚШ, Еуропа одағы елдері және Қытай қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бұл қаржы қалыптасқан экожүйе бар жерге бағытталады. Яғни, инфра­құрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, қолдауға, нарықты реттеуге және дамытуға жұмсалады. Ақша жағдай жасалған жерге келеді. Бір ай бұрын мен ЖИ сала­сындағы бірқатар қазақстандық стартаппен таныстым. Олардың кейбірі әлемдік дең­гейге шыға алады. Дарынды жастарымыз­дың бар екені қуантады. Олардың біразы шет­елде жұмыс істесе де, отаншылдық сезімін жоғалтпаған. Мемлекет мұндай талант иелерін қолдауға міндетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке отандық стартап­тардың экспортқа шығуына қолдау көрсету үшін кешенді шаралар әзірлеу, сондай-ақ «цифрлық елшілер» институтын қайта қарау міндетін жүктеді.

– Біздің міндетіміз – қарым-қабілеті жоғары жастарға қолайлы инновациялық экожүйе қалыптастыру. Жалпы айтқанда, оларға барлық жағдайды жасау, қол ұшын беру. Сондай-ақ тың бастамаларды жедел жүзеге асыруға ықпал ететін құрылымдар мен зерттеу орталықтарын ашу керек. Цифрлық технология саласындағы халық­аралық байланыстарды нығайта түскен жөн. Сонда ғана Қазақстан Еуразияның цифрлық хабы ретінде танылмақ. Жасанды интеллектіні дамыту – еліміз үшін стра­тегиялық мәні айрықша міндет. Бұл міндет Қазақстанның болашағымен тікелей бай­ланысты. Еліміз міндетті түрде озық, да­мыған болуы қажет. Сондықтан бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Бүгінгі жиында бірқатар маңызды міндеттерді айқындадық. Барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа жеке сектор өкілдерін де қосу керек. Себебі бұл – жалпыұлттық мақсат. Цифрлық даму министрлігі басты үйлестіру­ші орган ретінде өзара байланысты қам­тамасыз етуге тиіс. Уақыт өте тығыз, тоқ­мейілсіп отыруға болмайды. Жасанды интеллектіге қатысты негізгі шешімдер мен ұсы­ныстарды екі айдың ішінде дайын­дап, маған көрсету қажет, – деп қорытын­дылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңес барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баян­дама жасады. Сонымен қатар талқы­лау­ға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төраға­сы Ермек Сағымбаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ермек Кө­шербаев пен Қанат Бозымбаев, Денсау­­лық сақтау министрі Ақмарал Әлназа­рова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазық­бай қатысты. 

 

Руслан ЖЕЛДІБАЙ, Президенттің кеңесшісі-баспасөз хатшысы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға арналған жиында Үкімет пен Астана әкімдігінің елордада «Ақылды қала» ауқымды жобасын жүзеге асыру бойынша нәтижелі жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

Жобаны ресми түрде іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. Президент бұл тәжірибені Қазақстанның барлық ірі қалаларына таратуды міндеттеді. Сонымен қатар елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту айрықша маңызға ие екенін ескере отырып, Үкіметті формализмнен аулақ болуға шақырды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект құралдарының экономиканың нақты секторына енгізілуі баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Осы орайда Үкіметке жұмысты жедел қолға алуды тапсырды.