Жүргізушісі жоқ такси құрылыс шұңқырына түсіп кеткен. Бұндай таксилердің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық күшейді.
Құрылыс шұңқырына түсіп кеткен таксидің жүргізушісі болмаған
Жүргізушісі жоқ такси құрылыс шұңқырына түсіп кеткен. Фото reddit.com сайтынан алынды
1,051
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, оқыс жағдай кезіндегі роботаксидің жолаушысының қауіпсіздігін бағалайды.

Baidu компаниясының Apollo Go роботаксиі жолаушыны тасымалдау кезінде терең құрылыс шұңқырына түсіп кеткен. Оқиға сәрсенбі күні (6 тамыз) Чунцин қаласында болғанын Southern Metropolis Daily және Huashang газеті сияқты ақпарат көздері хабарлаған. Көлікте болған жолаушы әйел зардап шекпеген. Оны жергілікті тұрғындар сатының көмегімен шұңқырдан шығарып алған.

Қытайдың әлеуметтік желілерінде тараған видеоларда Baidu Apollo логотипі бар ақ түсті көліктің құрылыс алаңындағы шұңқырда тұрғаны көрінеді. Жергілікті дүкен иесінің айтуынша, құрылыс алаңында қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылған. Көліктің бұл қауіпсіздік шараларын қалай айналып өткені белгісіз.

Reuters ақпарат агенттігі әлеуметтік желідегі видеолардың түсірілген орнын растаған. Бірақ көліктің ол жерге қалай түскені жайлы мәліметтер белгісіз екенін жариялаған. Baidu компаниясы жұма күні (8 тамыз) оқиғаға түсініктеме беру туралы Reuters-тің өтінішіне жауап бермеген.

Бұл оқиға Қытайдың әлеуметтік желілерінде роботакси қауіпсіздігі мәселесіне қатысты кең талқылау туғызған. Baidu – Қытайдағы ең ірі автономды көліктерді басқаратын және Ухань, Бейжің, Чунцин сияқты ірі қалаларда коммерциялық роботакси қызметін ұсынатын компания. Жақында компания әлемдік нарыққа шығу мақсатында америкалық Uber Technologies және Lyft такси платформаларымен серіктестік туралы келісімдерге қол қойған.

Мамыр айында Baidu-дың бәсекелесі Pony.ai компаниясы әлеуметтік желілерде Бейжің көшесінде оның бір көлігінің өртену видеосы тарағаннан кейін қатаң назарға іліккен болатын. Кейін компания бұл көліктің техникалық қызмет көрсету кезінде жүйедегі ақауына байланысты өртенгенін және ішінде жолаушылар болмағанын мәлімдеген.

Өткен жылы Сан-Францискодағы оқиға да көп талқыға түскен еді. Көшелерінде адамдар жаяу қыдыратын көшеге шығып кеткен Waymo автономды роботаксиін наразы топ өртеп жіберген. Бұл жағдай жүргізушісіз көліктердің шешім қабылдау қабілетіне қатысты пікірталастарды өршітіп жіберді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.