Танымал блогер Әйкерім Ерғазы хиджабын шешіп тастады. Ол өзінің оқырмандары не десе де қабылдай алатынын айтты. Кейбір оқырмандардан «хиджабты ойыншық қылдың ба?!” деген пікірлер келген. Әйкерім Ерғазы бұл жүрегімен қабылдаған шешім болғанын жеткізді. Оның өз себептері бар екенін айтып, мысал келтірді.
«Қыз бала бір жігітті ұнатып, екеуі жұп болады. Уақыт өте шаңырақ көтереді. Бірақ неке өмірінде барлығы қыз ойлағандай бола бермейді.
Тұрмысқа дейін қамқор болған жігіт бір күні қатыгез күйеуге айналып, дауыс көтеріп, тіпті қол көтеруі мүмкін. Кей қыздар мұндай өмірге көнеді, кейбірі – көнбейді. Шыдай алмағаны ажырасады. Ажырасу – ешбір әйел үшін оңай шешім емес. Бірақ сол сәтте қоғам, ағайын-туыс: “Неге ажырастың?”, “Байың бар еді, неге көнбедің?” деп сөге бастайды. Ал шындығында, бұл шешімді қабылдаған – сол қыз. Өйткені басынан не өткеріп жатқанын тек өзі біледі», – деді блогер.
Блогер Әйкерім Ерғазы өзінің жағдайы да дәл сондай екенін айтып, орамалды шешу – оңай шешім болмағанын жеткізді.
«Бірақ бұл – менің таңдауым. Хиджабты ойыншық еткенім емес. Ол – мен үшін қасиетті болған, солай қала да береді. Мен себептерімді айтқым келмейді. Қабылдағысы келгендер – қабылдар. Керісінше, түсінбегендерге де ренішім жоқ. Бірақ біліңіздер: Мен кисем де, шешсем де, намаз оқысам да, оқымасам да – оның күнәсі де, сауабы да маған ғана жазылады. Мен де сіздер сияқты пендемін. Қателесуге толық хақым бар. Тек бір өтініш: егер жүрегіңізде иман болса – өзгені сөкпей, дұғада болыңыз… Жығылғанға жұдырық болмаған абзал», – деді блогер.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.