Клубты тығырықтан кім шығарады?
Тұңғиыққа батқан «Тараз»
5,526
оқылды

«Тараз» футбол клубының басына үйірілген бұлт сейілер емес.  Былтыр жоғары лигамен қош айтысқан команда төменгі топта да түк тындырмады. Турнир кестесінде 12-орынға бір-ақ құлдырап, жанкүйерді жерге қаратты. Ал ең қызығы, клубта қанша басшы ауысса да «баяғы жартас сол жартас» күйі қалып, алға жылжудың орнына кежегесі кейін тартып келеді.

Күні кеше клубқа Мұрат Ағы­баев есімді азамат бас­шы болып тағайындалды. Мұ­рат Жұмақожаұлының еңбек өті­ліне қарасаң 2017 жылы Қазақстан фут­бол федерациясында маман бол­ған. Кейіннен бас мамандыққа  кө­теріліп, 2023-2024 жылдары фе­де­рацияда спорттық департамент ди­ректоры қызметін атқарады. Сон­дай-ақ футбол лигасының спорт­тық директоры лауызымын да қатар алып жүрген. Осындай ең­бектеріне Қазақстан футбол фе­дерациясы президенті мен фут­бол лигасы президентінің «Фут­бол­ды дамытуға қосқан үлесі үшін» грамоталары табыс етілген. Тіп­ті, коронавирус дерті өршіп тұр­ған кезде біріншілікті тиянақты ұйым­дастырғаны үшін арнайы құр­меттелген. «Қазақстан футбо­лы­на 100 жыл» медалін де кеуде­сін­де жарқыратқан. Бір сөзбен айт­қанда, осындай білікті кадр «Та­разды» тұңғиықтан алып шығу керек болатын. Өз кезегінде жаңа ди­ректор клубтың 450 миллион тең­гедей қарызын жабуға уәде етіп, команданы жеңіске жете­леу­ге күш саламын деген-ді. Алайда бас­шының уәдесі сылдыр суға, одан әрі буға айналғалы тұрғандай. Олай дейтініміз – дәл қазір «Та­раз­ға» премьер-лига түгілі, бірін­ші лигада қалу мұң болып тұр. 

Негізі, «Тараз» клубы байыр­дан мықты ойыншылардың ұста­ха­­насы саналады. Жас футбол­шы­лар­ды шыңдауда алдыңғы қа­­­тар­дан көрініп, бүгінде клуб ба­засында 400-ге жуық жас жет­кіншек доп теуіп жүр. Олардың жасы 8-16 жас аралығында болса, талантты жастардың шоғыры 8 жас­тан жасақталуда. Міне, осы тә­лімгердердің арасынан  25 үздік ойыншы іріктеліп, екінші лигада өнер көрсеткен-ді. Алайда «Тараз­дың» негізгі құрамының өзі тө­мен­гі лигада ойнайтындықтан биыл екінші лигалық құрам тар­қап кетті. Бұл байырдан жалғасып келе жатқан ізбасарлық жүйенің бұзылғаны.           

Негізі, осыдан екі жыл бұрын «Та­раз» футбол клубының қарызы миллиардтан асып кеткен. Сол тұс­та жақсы ойыншылардың бар­лығы клубтан кетіп, команда бі­рін­ші лигада ойнауға мәжбүр бол­ған. Клубтың спорттық дирек­торы Ғабит Қазыбековтың ай­туын­ша, қазіргі мақсат осы қарыз­дан құтылып, командағы жоғарғы лигаға қайта шығару екен. 

– Алда тұрған мақсат – қарыз­ды жауып, келесі жылы премьер-ли­гада өнер көрсету. Ол үшін ко­ман­даны күшейтеміз. Сыртта  жүрген жамбылдық ойын­шы­ларды өзімізге алдырмақпыз. Мә­селен, қазір премьер-лигада доп теуіп жүрген Еркебұлан Тойбеков, Жалғас Жақсылықов, Мақсат Әмірхановпен сөйлесіп, коман­даға шақыруды бастап кеттік. Бір кездері «Тараздың» сұрмергені атанған Абылайхан Жұмабек қазір «Ордабасы» командасында ойнап жүр. Ол ойыншыны да шақырып жа­тырмыз. Бірақ олардың  пре­мьер-лигадан бірінші лигадағы ко­мандаға келуі көп келіссөзді қа­жет етуде. Себебі жалақы мә­се­лесінде едәуір айырмашылық бар. Алдымызда осындай қиындықтар тұрса да, біз оны еңсеруге күш са­ла­мыз.  

Тағы бір ерекше айта кетер­лі­гі, қазір  Қазақстан пре­мьер-лигасында 25 тараздық фут­болшы доп теуіп жүр. Командамыз жо­ғарғы лигаға  өтпесе де, же­ке­ле­ген ойыншылар  жоғарғы лигада ой­науда. Ал «Тараз» командасы са­­­пындағы Санжар Кемелбек пен Нұрдәулет Орынбасар Қазақстан жастар Ұлттық құрамасына  алын­ды. Бұл да үлкен жетістік. Осын­дай талантты футболшыларды түлеткен «Тараздың» алар асуы әлі алда деп сенемін, – дейді клубтың спорттық директоры.

Иә, сенім болғаны әрине дұ­рыс. Алайда әрекет те қажет. Бұл орай­да «Тараз» футбол клубына жұл­дызды ойыншының бірі Ұлан Қо­нысбаевтың қайта оралғаны жан­күйерлерді қуантқаны анық. Бірақ Ұлан бұл жолы клубқа ойын­шы емес, спорттық директор  бо­лып келіп отыр. Яғни, оған енді та­лантты ойыншыларды тауып, ко­мандаға тарту міндеттелуде. 

Негізі, Ұлан Қонысбаевтың тә­жірибесі жоқ дей алмайсың. 2008 жылы «Тараз» бірінші лигаға тү­сіп қалған кезде осы Ұланның үз­дік ойынының арқасында ко­ман­да қайта премьер-лигаға орал­ған болатын. Сондықтан Ұланның ал­дында осы ерлікті енді ойыншы емес, спорттық директор ретінде қай­талау мақсаты тұр.

Енді «Тараздың» бірінші ли­гадағы бүгінгі жағ­дайы­на келсек, іш қынжылады. Пре­мьер-лигаға өтпек түгілі, бірінші лиганың алдыңғы бестігінен көрі­ну қиынға соғуда.

Команда жаңа маусымның ал­ғаш­қы ойынында түркістандық «Же­­тісай» командасынан 1:2 есе­бі­мен жеңіліп қалды. Кезінде ел бі­рін­­шілігінің кубогын төбесінде кө­­терген «Тараз» үшін аудан дең­гейіндегі командадан ұтылып қалу – ұятты іс. Жанкүйерлердің осы реніші команда ойыншы­ла­рын қамшылады ма «Тараз» келесі екі ойында жеңіске жетіп, төртін­ші орынға тұрақтаған. Алайда бұдан кейін «Таразға» көз тиді ма, әлде сөз тиді ма белгісіз, әйтеуір қай­та кежегесі кейін тартты.  Атап айт­сақ,  «Каспий», «Ақтауға» 1:2, «Түр­кістанға» 0:1 есебімен есе жі­бер­дік. Содан соң «СД Фэмили» жә­не  «Хан тенгри» клубтарымен 1:1 есебімен тең ойнап, өз алаңы­мызда Павлодардың «Ертісіне» 0:1 есебімен жол бердік. Осылайша,  бес ойында бар болғаны 2 ұпайға ғана қол жеткіздік. 

Содан кейін де ойынымыз оңал­­ған жоқ. Сырт алаңда «Эки­бас­­туз» командасына 1:4, «Қайрат Ал­маты-2» командасына 1:3 есе­бімен ұтылдық. Ол аз десеңіз,  4 шіл­де күні өз алаңымызда Қара­ған­дының «Шахтеріне» 4:0 есебі­мен ойсырай тізе бүктік. Одан соң сырт алаңда «Акас» клубына 1:3 есе­бімен жеңіліп, өз алаңымызда «Академия Оңтүстік» коман­да­сымен 1:1 есебімен тең тарқастық. Бір сөзбен айтқанда, «Тараз» биыл­ғы жылдың бірінші айналым ойын­дарын 14 ко­ман­даның ішін­­­де 12-ші орын­мен аяқ­тап, жерге қа­рат­ты.

Бірінші ли­ганың кө­шін бас­тап тұрған «Каспий» 14 тур­­дың 11-інде ұтқан. Ақтаулық­тар­дан кейін тұрған «Ертіс», «Шах­тер», «Алтай» командалары 9 реттен жеңіске жеткен. Премьер-ли­гадан үмітіміз болса осы ко­ман­даларды жеңіп, бірінші лигада сәтті ойнауымыз керек. Әзірге он­­дай сәттіліктің төбесі де  көрі­нер емес. 

Қазір «Тараз» бірінші лигада екін­ші айналымын бастап жатыр. Енді 12 тур ойнайды. Сол 12 ойын­­­да жағдайымызды едәуір тү­зей аламыз ба? Біздің алдымызда тұрған «Эки­бастуз», «Хан тенгри» командаларының жерлестері­міз­ден 2 ұпайы ғана артық. Ал бесін­ші орында тұрған «Қайрат-Жас­тар» командасының  10 ұпайы ба­сым. Бесінші орындағы коман­даға жету үшін бізге қатарынан 4 жеңіс керек. Осындай жетістікке жете аламыз ба? Оны енді алдағы ойындар көрсетеді. 

Айтпақшы, клубқа жаңа бас­шы тағайындалғаннан кейін об­лыс әкімінің орынбасары Серік Сә­лемов «Тараздың»  бапкерлер мен ойыншылар құрамымен кез­десіп, билік тарапынан қажетті қол­даудың барлығы болатынын ай­­тып жігерлендірген. Өз кезегін­де жаттықтырушылар мен ойын­шы­лар келесі жылы премьер-ли­га­да доп тебеміз деп уәдені үйіп-төккен. 

Әзірге бұл уәде уәде күйі қалу­да. Әйтеуір, маусым соңында премьер-лига былай тұрсын, бірінші лигада қалу арманға айналып, бармақ тістеп жүрмесек болғаны...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы