Парламент Сенатының депутаттары Жақып Асанов, Сұлтанбек Мәкежанов, Нұртөре Жүсіп, Алишер Сатвалдиев және Жанна Асанова Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисінің Маджлиси Милли арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Тұрақты комиссияның үшінші отырысына қатысты.
Ынтымақтастықтың орнықты серпіні
5,456
оқылды

Іс-шараға қатысушылар сау­да-экономикалық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы қазақстандық-тәжікстандық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Көлік, цифрландыру, ғылым мен білім беру салаларындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ туризм мен мәдени байланыстарды ны­ғайтуға ерекше назар аударылды.

Вице-спикер Жақып Асанов өз алғысөзінде Тәжікстанның Қа­зақстан үшін жақын әрі сенімді серіктес ретіндегі ерекше рөлін атап өтіп, екі халықты байланыс­тыратын терең тарихи және мәде­ни байланыстарға тоқталды.

«Тәжікстан – біз үшін тек ма­ңызды стратегиялық әріптес емес, сонымен қатар өте жақын мем­лекет және сенімді одақтас. Екі халқымызды ғасырлар қойнауы­нан бастау алатын достық, ортақ мәдениет пен рухани құндылық­тар біріктіреді. Елдеріміз арасында барлық деңгейде тығыз саяси байланыс орнаған, экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келеді, мәдени-гуманитарлық қа­рым-қатынастар нығаюда. Мем­лекет басшылары белгілеген ты­ғыз өзара іс-қимылдың жоғары дең­гейі, сөзсіз, Қазақстан мен Тә­жікстанның заң шығару орган­дары арасындағы қатынастар арқылы да сақталуы тиіс», – деді Жақып Асанов.

Өз кезегінде, тәжік тарапы парламентаралық диалогті екі­жақты қатынастарды дамыту­да­ғы маңызды құрал ретінде атап өтті. Маджлиси Милли Мадж­лиси Оли Төрағасының бірінші орынбасары Ахмадзода Раджаб екі ел арасын­дағы өзара құр­мет­ке, сенімге және өңірлік тұ­рақ­­тылық пен тату көр­шілік қа­ғи­даттарына негізделген ын­ты­­мақтастықтың орнықты сер­пінін ерекше атап өтті.

Отырыс барысында 2025–2027 жылдарға арналған парламен­таралық өзара іс-қимылдың жаңа «Жол картасы» ұсынылды. Бұл құжат екі ел арасындағы ынты­мақ­тастықты тереңдетуге бағыт­талған нақты іс-шараларды қам­тып, заң шығарушы органдар дең­гейінде орнықты байланыс­тардың одан әрі дамуына септігін тигізетін болады.

Мейір ЖАСЫН