Болгарияның Обзор қаласындағы әйгілі «Амфитеатр» сахнасында хореографиялық өнердің «Би жағалауы» атты халықаралық фестиваль-байқауы өтті.
Сәнқой әжелер Болгариядан жүлдемен оралды
Фото: gov.kz
4,167
оқылды

Астана қаласының Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты Kerbez_models тобының әжелері Болгарияда өткен халықаралық байқаудан жүлдемен оралды, - деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Жақында Болгарияның Обзор қаласындағы әйгілі «Амфитеатр» сахнасында хореографиялық өнердің «Би жағалауы» атты халықаралық фестиваль-байқауы өткен болатын. Бұл шара Art in Motion халықаралық жобасының аясында ұйымдастырылған мәдени оқиға болды.

Фестиваль Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Болгария Республикасындағы елшіліктерінің қолдауымен өтті. Іс-шараның басты мақсаты – хореография арқылы ұлттар арасындағы достықты нығайту, дәстүрлі және заманауи би мәдениетін дамыту, дарынды өнерпаздарды қолдау және халықтық хореография мұрасын сақтау болды.

Байқауға Қазақстан атынан қатысқан Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының KERBEZ MODELS тобы ел намысын абыроймен қорғап, 60+ жас санаты бойынша «Сән шоуы. Ансамбль» номинациясының бірінші дәрежелі лауреаты атанып, сондай-ақ «Сахна бейнесін жарқын бейнелегені үшін» арнайы марапаттарға ие болды. Өнер додасында елордалық сәнқой әжелер Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Дизайн академиясының академигі, «Алмас тасты алтын қайшы» иегері Қайрол Әбішевтің ZEKEN MODA брендіндегі сәндік коллекциясының киім үлгілерін ұсынды. Kerbez_models тобына Екатерина Жақияқызы жетекшілік етеді. Бүгінде сән тобының кербез әжелері ұлттық нақыштағы киім үлгілерін дәріптеп жүр.

Сәнқой әжелеріміз Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына аптасына 3 рет жиналып, дайындық жұмыстарын жүргізеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.