Домбыра тек дыбыс шығаратын ағаш құрылғы емес, ол ғасырлар бойы қалыптасқан ойдың, сезімнің, естеліктің бейнесі іспетті
XIX және XXI ғасыр домбырасының айырмашылығы неде екенін білесіз бе?
Домбыра суреттері «Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары» альбомынан
3,335
оқылды

Домбыра - қазақтың ішкі әлемін сыртқа шығаратын аспап. Ол адам көңіліндегі сөзге сыймайтын ой мен күйді жеткізудің жолы. Кейде айтуға келмейтін сезімді, көңілдің тереңінде жатқанды адам тек домбыра арқылы жеткізе алады. Сондықтан да ол жай ғана музыкалық құрал емес, үн мен рухтың арасындағы көпір деп білеміз. Бүгінгі таңда бізге таныс домбыра көпшілік үшін өзгермеген түрде келе жатқандай көрінуі мүмкін. Көпшілік Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сияқты күйшілер дәл қазіргі үлгідегі домбырада ойнаған деп ойлайды. Алайда бұл қате пайым. Уақыт өте келе домбыра да өзгерді, оның материалы, пішіні, құрылымы мен бөлшектері заман талабына қарай бейімделіп отырды. 

Біз бұл мақалада домбыраның тек дыбыс шығару емес, құрылымдық, органологиялық сипатына назар аударғымыз келеді. Домбыраның ішегі қандай болды? Пернелері қалай байланды? Ағашы қайдан алынды? Мақалада осы сұрақтарға екі дәуірдегі домбыра құрылымын қатар салыстыра отырып жауап беруге тырысамыз.

Ішек. 19 ғасырда домбыра ішектері мал ішегінен тартылған. Ең көп қолданылғаны – қой мен ешкінің ішектері. Табиғи ішектердің дыбысы жұмсақ, қоңыр әрі барынша табиғи естілетін. Сонымен қатар ішек үзіліп кетпеуі үшін арнайы илеу мен майлау тәсілдері қолданылған.

21 ғасырда ішектердің материалдық негізі түбегейлі өзгерді. Қазіргі таңда нейлон, металл, нейлон-металл қоспалары немесе арнайы синтетикалық материалдар кеңінен қолданылады. Бұл ішектер дыбыс қуатын арттырып, сапалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Алайда, бұл өзгеріс домбыраның табиғи тембрін белгілі бір деңгейде өзгерткенін де ескерген жөн.

Құлақ. Бұрынғы домбыра құлақтары (керуіштері) қолдан жонылған, симметриясы дәл емес, бірақ өз міндетін атқара алатын қарапайым құрылым болған. Және мұражайлардағы домбыралардың көбінде құлақтары бүйірінен қадалған.

Бүгінде құлақтар фабрикалық әдіспен өңделеді. Біздің білуімізше, Түркиядан арнайы жасалады. Кейбір домбыраларда металл негіздегі немесе бұрандалы жүйелер де кездеседі. Бұл құрылым ішектердің керілуін дәл және ұзақ мерзімде тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.

Перне. 19 ғасырдағы домбыраларда пернелер саны шектеулі болған. Арқада 7–9 перне, батыс өлкеде 12-14 пернеге дейін ғана қолданылды. Олар жіңішке жылқы қылы немесе мықты шым жіппен байланған, кей жағдайда орын ауыстырып отыратын қозғалмалы сипатта болған. Бұл жүйе әр күйшінің орындаушылық ерекшелігіне бейімделуге мүмкіндік берген.

Қазіргі домбыраларда пернелер саны 19. Олар перне сияқты, бірақ қалыңдығы 0.6 мм ішекпен байланады. Бұл стандарт музыкалық білім беру жүйесінің академиялық талаптарына сай қалыптасқан.

Шанақ. 19 ғасырда шанақтар тұтас ағаштан шабылып жасалған. Құрама шанақтар өте аз кездескен. Тұтастығы арқасында мұндай аспаптарда резонанстың табиғи өтуі жақсы сақталған.

21 ғасырда шанақтар көбінесе жапсырмалы құрылымда жасалады: жеке қабырғалар, қақпақ, түп бөлік біріктіріліп жиналады. Мұндай шанақтар өндіріс процесін жеңілдетсе де, дыбыстың табиғилығына әсер ететін фактор болуы мүмкін. Кей үлгілерде ішкі қуысқа дыбыс күшейткіш құрылғылар орнатылады.

Ағаш. ХІХ ғасырдағы шеберлер жергілікті табиғи ресурстарды қолданған: шырша, қарағай, қайың, жөке сияқты ағаш түрлері кең таралған. Әр аймақтағы ағаш таңдауы климаты мен орман қорына байланысты өзгеріп отырды.

Қазіргі таңда домбыра жасауда венге, палисандр, махагони сияқты экзотикалық, тығыз құрылымды ағаштар жиі пайдаланылады. Бұл ағаштар импорт арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар заманауи шеберлер түрлі ағаштарды біріктіріп, құрама домбыра жасау тәжірибесін қолданады.

Пішіні. ХІХ ғасыр домбыралары пішіні жағынан әртүрлі болған. Әр өңірге мен өнерпазға сай өзіндік пішіндер болған. Әрқайсысының шанағы, мойыны, басы бір-біріне ұқсамайтын, бірақ домбыра табиғатын сақтайтын жеке стильге ие еді.

Қазіргі таңда домбыра пішіні біршама стандартталған. Көбінесе сахналық, академиялық үлгі кең таралған. Өндірістік бірізділік пен визуалдық біртектілік аймақтық пішіндердің жойыла бастауына себеп болды.

Ұзындығы. 19 ғасырда домбыра ұзындығы орындаушының дене бітіміне, қолдану мақсатына қарай анықталған. Белгілі бір қалып болмаған.

21 ғасырда стандартты ұзындық 98–105 см аралығында бекіген. Бұл – сахналық, оркестрлік және оқу құралы ретінде қолдануға ыңғайлы өлшем.

Ою-өрнек. Бұрынғы домбыраларда ою-өрнек қолдан салынған, әр шебердің өз қолтаңбасы мен мәнері болған. Оюлар көбінесе эстетикалық емес, символикалық мәнге ие еді. Яғни қорғаушы, береке шақырушы элемент ретінде қарастырылған.

Қазіргі оюлар фабрикалық немесе лазерлік әдіспен түсіріледі. Стильдік ерекшеліктердің орнына, көбіне визуалдық сұлулық мақсат тұтылады. Дайын үлгілердің қайталануы жеке ерекшелікті жойып барады.

Біз болашақ домбыра қандай болатынын болжап көрдік. 22 ғасырда бұл аспап жаңа материалдардан жасалуы мүмкін. Қазіргі ағаштың орнына жеңіл әрі берік биопластиктер, карбон немесе жасанды жолмен өсірілген ағаш талшықтары қолданылуы ықтимал. Мұндай материалдар дыбыс сапасына әсер етуі мүмкін, бірақ домбыраны жеңілдетіп, ұзақ мерзім қолдануға ыңғайлы етеді.

Сондай-ақ, болашақ домбыраға сандық технологиялар енуі мүмкін. Аспаптың ішіне микрофон, дыбыс өңдейтін чип, Bluetooth сияқты құрылғылар орнатылып, ол өздігінен дыбысты жазып, реттеп, тіпті оқыту функциясын атқаруы да ықтимал. Жинамалы немесе ерекше пішінді домбыралар пайда болып, алып жүруге де ыңғайлы болмақ. Осы болжаулар негізінде біз жасанды интеллектке болашақ домбыра қандай болуы мүмкін екенін сурет салып беруін сұрадық 

Аспаптың сыртқы пішіні, материалдық құрамы, тіпті пайдалану тәсілі өзгеруі мүмкін, бұл табиғи процесс. Себебі әр дәуірдің талғамы, технологиясы мен қажеттілігі өзіне тән ерекшеліктерді талап етеді. Бірақ домбыра қандай өзгеріске ұшыраса да, оның түпкі мәні - қазақ халқының ішкі үнін жеткізетін құрал ретіндегі қызметі өзгермеуі керек. Домбыра тек дыбыс шығаратын ағаш құрылғы емес, ол ғасырлар бойы қалыптасқан ойдың, сезімнің, естеліктің бейнесі іспетті. Сондықтан оның ішкі философиясы сақталған жағдайда ғана, сыртқы жаңғыруына алаңдаудың қажеті жоқ. Уақыт өте келе пернесі көбейсе де, материалы ауысса да, шанағы өзгерсе де егер ол қазақтың жан-дүниесін жеткізетін аспап болып қалса, онда бұл даму өз арнасында деген сөз. Ең бастысы - сыртқы жаңарудың ішкі рухани өзекті жойып жібермеуі.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс