Халқымызда «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген тәмсіл бар. Бұл – тек отбасы тәрбиесіне емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына да қатысты ұғым десек қателеспейміз.
Қоғамдық келісімнің жаңа форматы
5,715
оқылды

Өйткені қоғамдық келісім мен құқықтық тәртіпсіз елдің даму даңғылы да бұлыңғыр болмақ. Осы орайда Ақмола облысында қолға алынған «Зиялы қауым» бағдарламасы – ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғамдық қауіпсіздік тетіктерін біріктірген тың бастамаға айналғанын атап өткен жөн. Жоба шеңберінде жергілікті елді мекендер мен ауыл-аймақтарда құрылған қоғамдық кеңестер мен полицияның үйлесімді әрекетінің арқасында қоғамда тыныштық орнап, қылмыстық оқиғалар мен бұзақылықтардың саны айтарлықтай азайып отыр...

Аталған жоба ел ішіндегі құқық­бұзушылықтардың алдын алуға, ауылдық жерлердегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, сонымен қатар полиция мен халық арасындағы сенімді байланысты барынша нығайтуға бағытталыпты.

Дәстүр мен замана үндестігі

Қазақ қоғамында ел ішіндегі дау-дамай, жанжалдарды шешу, тәртіп орнату – ежелден сөзге тоқтай білетін ақсақалдар мен би-шешендердің енші­сінде болғаны белгілі. Осы дәстүр бүгінгі күні «Зиялы қауым» жобасы арқылы жаңаша мазмұнмен қайта жанданып отыр.

Полицияның ұсынған ресми дерек­теріне сенсек, 2023 жылы бастау алған бұл бастама ауыл тұрғындарын құқық қорғау жүйесіне серіктес ретінде тартуға негізделген. Бағдарламаның өзегі – азаматтық жауапкершілікті арттыру, құ­қық­тық мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын ұстанатын салауат­ты қоғам орнату осы жобаның ең негізгі басымдығы болса керек.

Жоба аясында бүгінде Ақмола облы­сы­ның барлық өңірінде 138 қоғамдық кеңес құрылған. Олардың құрамына 840-қа жуық белсенді азамат, олардың қатарына кезінде ел тұтқасын ұстаған белгілі ардагерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер мен діни жетекшілер еніпті.

Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнәр Пинчуктың айтуын­ша, қоғамдық кеңестер тек кеңес берумен шектелмейді. Олар нақты жұ­мыс атқарып отыр. Атап айтқанда, ауыл­дардың тентегі мен телісін тыю, ішім­дікке тәуелділікті азайту, тұрмыстық жан­жалдардың алдын алу, жастармен тәрбиелік насихат жүргізу, полициямен тығыз байланыста әрекет ету – бұл қоғамдық құрылымдардың негізгі бағыт-бағдарына айналған. Жоба басталғалы ол көп күттірместен өзінің оң нәтижесі көрсетіп жемісін де берген. 

– Өңірге қатысты аудандардың бәрінде дерлік «Зиялы қауым» жобасы негізінде құрылған қоғамдық кеңес­тер­мен үздіксіз жұмыстардың арқасында қоғам арасында қылмыстардың саны біршама азайып, құқықбұзушылықтар тыйыла бастады. Мәселен, осы уақыт ішінде 98 ауылда бірде-бір қылмыс тір­келмеген. 31 елді мекенде ішімдік ішу де­рек­тері мүлдем жойылған. Бұл поли­ция мен халық ішінен құрылған қауым­дастықтың бірлескен жұмысының нақ­ты жемісі, – дейді Ақмола облысы Поли­ция департаментінің ресми өкілі Гүлнәр Пинчук.

Әкім кеңесшілері – тиімді үйлестіруші

Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы» аясында Ақмола облысының әкімдігі барлық аудан әкімдіктерінде қоғамдық кеңесшілер лауазымын енгізген. Кеңесшілер – жер­гілікті жердегі қауіпсіздік, құқықтық тәртіп, тұрғындармен өзара байланыс және профилактикалық шараларды үй­лес­тірумен айналысады. Полицияның мәліметінше, дәл осы құрылым билік пен халық арасындағы байланысты ны­ғайтып, ел ішінде тарала бастаған өзекті мәселелерді ерте анықтап, жедел шешуге жол ашқан.

Сонымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесін білу үшін статистиканы сөй­летсек, 2023 жылдан бері ғана облыс аумағында құқықбұзушылықтар саны 2 311-ден 1 811-ге дейін яғни 21,6%-ға азай­са, жалпы қылмыстар – 2050-ден 1 428-ге дейін немесе шамамен 30,3 пай­ызға кемігені байқалған. Сондай-ақ ауыр қылмыстар саны 501-ден 363-ке дей­ін қысқарып 27,5 пайызға дейін күрт төмендегені анықталды. Ал аса ауыр қылмыстар саны 48-ден 23-ке дейін нақтырақ айтқанда 52,1 пайызға дейін, яғни тең жарымынан астамға қысқар­ғаны мәлім болды.

Сонымен қатар ел ішіндегі бұзақы­лық оқиғалар 23,5 пайызға, ұрлық – 30,2 пайызға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 23,5 пайызға дейін төменде­ген. Бұл құрғақ статистика ғана емес. Әрбір көрсеткіштің артында бүтін бір ел тыныштығының, азаматтар қауіпсізді­гінің көрінісі жатыр десек қателеспейміз.

Осылайша, «Зиялы қауым» – құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас азаматтық қоғамның бірлесе әрекет етуіне жол ашқан жобаға айналған. Жаңа жобаның нәтижесінде адам саудасы, діни экстремизм, тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі бизнесі секілді ішкі қауіптерге қарсы тұруда мұндай қоғам­дық серіктестік маңызы аса зор болары сөзсіз.

Жоба халықтың құқықтық сауатын арттырып, қоғамдағы заңға деген құрметті жаңа деңгейге көтере берері анық. Бұл – құқықтық мемлекеттің берік іргетасын қалауға қосылған сүбелі үлес те болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы