2025 жыл – елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тың серпін әкелді.
Сапалы маман – сенімді көлік
4,377
оқылды

Бұл бастама жұмысшы кадрлардың мәртебесін арттырып қана қоймай, сұранысқа ие мамандықтарды таңдау­ға жастардың қызығушылығын еселеп отыр. Аталған жылдың аясында ел бойынша өндіріс орындары мен оқу орындарының серіктестігі тереңдеп, жаңа мүмкіндіктер көкжиегі кеңейе түсті. Осы орайда, Шымкент қаласындағы жарты ғасырлық тарихы бар Жол-көлік колледжінің жетістігі – осы игі бастаманың жарқын көрінісі.

Қазір еліміздегі техникалық білім беру саласында алдыңғы қатардан табылатын бұл колледж көлік жөндеу, автоэлектрика, сервистік қызмет көрсету сияқты заманауи бағыттағы мамандарды даярлауда тәжірибе­сі мол оқу орны. Колледж базасында жаңартылған шеберханалар, заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған гараж кешендері бар. Бұл жерде студенттер теориялық біліммен қатар, нақты өндірістік ортада да тәжірибеден өтеді.

Колледждің оқу-өндірістік шебері Киелібек Жүнісовтің айтуынша, соңғы жылдары техникалық бағытқа бет бұрған жастардың қатары арта түскен. Себебі көлік саласы үнемі жаңарып, кәсіби қыз­меткерлерге деген сұранысы азаймайтын сала.

– Бүгінде елімізде әр отбасыда кемінде бір көлік бар. Жаңа маркалар – Toyota, Hyundai, KIA, әсіресе қытайлық автокө­лік­тер қарқынды еніп жатыр. Демек, олар­ды сапалы жөндеуден өткізу үшін жо­ғары деңгейдегі мамандар қажет. Пре­зиденттің жұмысшы мамандықтарға көңіл бөлуі – осы саладағы кадр даярлығына серпін берді, – дейді Киелібек Жүнісов.

Колледжде бүгінде үш мыңға жуық студент білім алуда. Жаз мезгілінде жастар түрлі сервистік орталықтарда тәжірибе жинақтап, нақты кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Осы бағытта колледж бен өңір­дегі жетекші автосалондар мен сервистер арасында тұрақты серіктестік байланыс қалыптасқан. Соның бірі – ROYAL MOTORS автосалоны. Бұл орталық жыл сайын Жол-көлік колледжінің студенттерін өн­дірістік тәжірибеге қабылдайды. Авто­са­лонның жетекшісі Бағлан Көпбаев қазіргі нарықта қолынан іс келетін маманның мәртебесі жоғары екенін айтады.

– Бүгінде білімді ғана емес, тәжірибелі, жаңа техниканы игере алатын мамандар ауадай қажет. Біз колледжбен бірнеше жылдан бері тығыз жұмыс істейміз. Тәжірибеден өткен көптеген студент бүгінде біздің тұрақты қызметкерімізге айналды, – дейді ол.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған арнайы іс-шара да жоғары деңгейде өтті. Шара ба­рысында жас мамандар мен ардагер ұстаздар бас қосып, тәжірибе алмасты. Кәсібіне адал мамандар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – бір жағынан ынталандыру, екінші жағынан жастарды мамандыққа деген сүйіспеншілікке баулудың көрінісі.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы