Қорғаныс министрлігінің мамандарынан бөлек, іздеуге Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері қатысып жатыр.
«11 күнге созылған іздеу операциясы»: Қорғаныс министрлігі жоғалған тікұшаққа қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Қорғаныс министрлігі
5,383
оқылды

Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

11 тәуліктен бері жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамның 330-дан астам адамы, 59 бірлік автомобиль техникасы, 23 жүзу құралы, 12 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ эхолоттар, георадарлар, авиация және кинологиялық есептоптар тартылған.

Қорғаныс министрлігінің мамандарынан бөлек, іздеуге Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері қатысып жатыр.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылып, құрамына Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі департаментінің жоғары білікті мамандары кірді. Комиссияның бір бөлігі іздестіруге жұмылдырылған, тағы бір бөлігі авиациялық инцидентті тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Көл түбінің терең шөгуі, су астындағы нөлдік көріну және ауа райының құбылмалылығы сияқты қиын жағдайларға қарамастан, іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

– Өтуі қиын аудандарға әуеден шолулар жасалып, жағалау белдеуі мен көл акваториясы тексерілуде. Су асты және жер үсті іздеулеріне арнайы жабдықтарды пайдаланатын ғылыми және техникалық ұйымдар тартылған.  Сонымен бірге, техникалық тергеу жалғасып жатыр. Комиссия әуе кемесін дайындау және пайдалану жөніндегі құжаттаманы, құқық қорғау органдары мен авиациялық қызметтердің материалдарын, тікұшақ бағытындағы метеорологиялық және орнитологиялық жағдайды және басқа да факторларды зерделеп жатыр, – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов.

Іздеу жұмыстары жоғалған тікұшақтың экипаж мүшелерінің тағдыры анықталып, қайғылы жағдайға әкелген себептер анықталғанға дейін жалғасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM   арнасынан табасыз.