Соңғы жылдары іздестіру жұмысын реттейтін нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, құқық қорғау органдарының жұмысы заманауи цифрлық құралдармен күшейтілді. Енді іздеуде жүрген адам мемлекеттік немесе өзге де қызметтерге жүгінген сәтте мемлекеттік органдар іздеу бастамашыларына автоматты түрде хабарлама алады. Бұл жүйе іздеудегі адамдарды тез арада анықтап, ұстауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бет-әлпетті тану функциясы бар бейнебақылау камераларының мүмкіндіктері кеңейтіліп, қауіпсіздікті бақылау жүйесі жаңа деңгейге көтерілді.
Бюджет қаражатын тартпай-ақ, азаматтық қоғаммен бірлесіп, халық көп жиналатын орындарға 3 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Бұл – құқықтық саясаттағы мемлекеттің қоғаммен тиімді серіктестігінің жарқын көрінісі. Нәтижесінде, 2024 жылы дәл осы камералардың көмегімен 72 қылмыскер ұсталды.
Қазақстан құқықбұзушыларды шетелден қайтару бағытында да белсенді жұмыс атқарып келеді. 2024 жылы аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 28 адам шетелдік юрисдикциядан елге қайтарылды. Бұл еліміздің құқық қорғау жүйесінің халықаралық деңгейде нәтижелі әрекет етіп жатқанын көрсетеді.
Биылғы жыл басынан бері іздестіру шаралары нәтижесінде 706 адам ұсталды. Олардың ішінде 14 адам – адам өлтіру бойынша, 13 адам – есірткі сату, 34 адам – тонау, 141 адам – алаяқтық, 269 адам ұрлық фактілері бойынша жауапкершілікке тартылды.
Құқықтық саясатты тиімді жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегия. Мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекеті, технологиялық мүмкіндіктердің тиімді қолданылуы – қылмыстың алдын алуға және әділеттілікті қамтамасыз етуге жол ашады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Қазақстанның қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет ретінде дамуына үлес қоса бермек.