Сараптама нәтижесі бойынша, нәресте тірі әрі жетіліп туған.
Қарағандылық келіншек пойызда босанып, нәрестесін унитазға тастағаны үшін жазаланбады
www.istockphoto.com
689
оқылды

Қарағанды облысының соты пойызда босанып, сәбиін унитаз арқылы сыртқа тастаған әйелді есі дұрыс емес деп таныды, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.

Еске салайық, бұл жантүршігерлік оқиға биыл сәуір айында «Қызылорда-Павлодар» бағытындағы пойызда, құрам Қарағанды маңынан өтіп бара жатқан кезде болған. Проводник дәретханадан қанның ізі мен шалшықты байқап, оның қай купеге апаратынын анықтаған. Ішке кіргенде қанға боялған әйел табылған.

Белгілі болғандай, ол әйел пойыздағы дәретханада босанып, жаңа туған нәрестеден құтылу үшін оны унитаз арқылы тастап жіберген. Кейін сәбидің денесі табылды.

Сараптама нәтижесі бойынша, нәресте тірі әрі жетіліп туған. Ол теміржолға құлаған сәтте бас сүйегінің сынуы, ашық бас-ми жарақаты және басқа да жарақаттар салдарынан көз жұмған.

Алайда әйел бұл ісі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды, себебі ол есі дұрыс емес деп танылған.

«Қарағанды облысы Осакаров ауданының соты әйелді қоғамдық қауіпті әрекет жасаған сәтте есі дұрыс емес деп танып, оны арнайы медициналық мекемеде мәжбүрлеп емдеуді тағайындады. Бұл сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады прокуратура.