Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр жұмыспен қамту мәселесіне тоқталып, инвесторлардың жаңа жұмыс орындарын құру бойынша өз міндеттемелерін орындау бағытындағы жауапкершілігін арттыру керек екенін айтты.
Премьер-Министр: Елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі – уақытша жұмыспен байланысты екеніне назар аудару қажет
Фото: primeminister.kz
448
оқылды

Жұмыс орындарын құрудың сапалы мониторингін қамтамасыз ету үшін Инновациялық жобалар навигаторы әзірленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің ақпаратына сәйкес. Ақпараттық жүйе жаңа жұмыс орындарының санын, олардың еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігін, сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын қадағалайды.

«Шетелдік және отандық инвесторлардың жаңа жұмыс орындарын құру бойынша өз міндеттемелерін орындау бағытындағы жауапкершілігін арттыру керек. Сондай-ақ инвестиция көлемінің ең кемі 30%-ын құрайтын еңбекақы төлеу қорын қалыптастыру талабын сақтау қажет», – деп атап өтті Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Дегенмен инновациялық жобалар навигаторында салалар бойынша тек ірі инвестициялық жобалар ғана көрініс тапқан. Жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режимінде толық әрі жүйелі түрде мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қажет. Ол елімізде іске асырылып жатқан жобалар туралы барлық ақпаратты, соның ішінде біліктілік деңгейін, еңбек жағдайларын, жалақы мөлшерін және басқа да деректерді қадағалап отыруға тиіс.

Олжас Бектенов тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайтып, әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аударуды тапсырды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі – уақытша жұмыспен байланысты екеніне назар аудартты. Мұндай тәсілдің халықты жұмыспен қамтуда тиімділігі төмен.

«Сондықтан қолданыстағы жоспарларда тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет. Әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған шаралар Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында көзделген. Жалпы алғанда, орталық мемлекеттік органдардың, өңір әкімдіктері мен бизнестің өзара үйлесімді, бірлескен жұмысы қажет»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Аталған жиында Қазақстанда келесі жылдан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізілетіні белгілі болды.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша, Премьер-Министр салалық министрліктер мен әкімдіктерге келесідей тапсырмалар берді: Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алсын.

Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлес(іп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2025-2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректерді мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.

Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруға тиіс,  делінген хабарламада.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.