Сот отырысында прокурор Бауыржан Қараманов айыптау актісін оқып, оқиғаның мән-жайын толық баяндады.
«Қызметінен кетуі керек болған»: Руслан Берденовке неге оқ атқаны белгілі болды
kazface.kz
1,812
оқылды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі қаралып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот отырысында прокурор Бауыржан Қараманов айыптау актісін оқып, оқиғаның мән-жайын толық баяндады.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде айыпталушы Ернар Жиенбай Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізу бөлімінің басшысынан белгілі бір ақпарат алған. Ол ақпаратта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің тапсырмасы бойынша, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры қызметінен өз еркімен кетуі қажет екені айтылған.

Осыдан кейін Жиенбайда Берденовке деген өшпенділік пайда болып, оны өлтіруге бел буған. Эмоционалды күйде ол дүкеннен ішімдік сатып алып, оны көлігінде ішіп қояды. Кейін үйіне барып, «Сайга» маркалы аңшы мылтығын алып шығып, қаруды біраз уақыт жұбайының автокөлігінің жүк салғышында сақтаған.

Кешкісін Жиенбай қала әкімдігі ғимаратына келіп, әкім орынбасарын күткен. Руслан Берденов сыртқа шыққан сәтте айыпталушы оған бес рет оқ атқан. Шенеунік жерге құлаған кезде, шабуылшы бақылау үшін жақындап, тағы атуға әрекеттенген. Алайда алған ауыр жарақатына қарамастан, Берденов қарсылық көрсеткен. Осы сәтте оның жүргізушісі араласып, көлігімен шабуылдаушыны қағып, қылмыстың алдын алған.

Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі («Кісі өлтіруге оқталу») бойынша қаралып жатыр. Негізгі сот отырысы 6 тамыз күні сағат 10:00-де өтеді.