Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу-құтқару штабы құрылып, арнайы топтар жұмылдырылған.
«Сол күні жаңбыр мен бұршақ жауған»: Алматы тауларында тағы да адам жоғалды
1,066
оқылды

27 шілде күні таңертең Жастар шыңына бет алған 20 жастағы Алан есімді қазақстандық сол уақыттан бері із-түзсіз жоғалып кетті. Қазіргі таңда оның туыстары мен жақындары әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратып, жұртшылықтан көмек сұрап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу-құтқару штабы құрылып, арнайы топтар жұмылдырылған. Құтқару жұмыстарына кинологтар, дрондар, сондай-ақ «Медеу» құтқару бекетінен Республикалық жедел-құтқару жасағы (РОСО) мен «Тұйық-Су» бақылау-құтқару пунктінің мамандары тартылған.

«Онымен байланыс тек әпкесі арқылы болған, нақты геолокациясы белгісіз. Алынған мәліметке сәйкес, ол үстіне жылы киім, шолақ сым және спорттық аяқкиім киген. Бұл күндері тауда жаңбыр мен бұршақ жауған, 4 000 метрден жоғары биіктікте қар түскен», – деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

 

Қазіргі таңда Жастар, Титова және Т1 шыңдары тексеріліп үлгергенімен, әзірге Аланның ізі табылған жоқ. Іздеу жұмыстары тоқтаусыз жалғасуда.