Өз ісін сүйетін адамның еңбегі көрініп тұрады. Ол айтулы датаға орай ұйымдастырған іс-шарасы мұнша танымал болады деп ойламады, білем.
Салтанат Қазыбаева, Almaty Marathon корпоративтік қорының директоры: Еңбек етсең, алынбайтын асу жоқ
545
оқылды

Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде марафонға қатысып жүргендер бір рет болсын Almaty Marathon-да бақ сынағысы келеді-ақ. Өйткені бұл Орталық Азиядағы танымал жарыстың біріне айналды. Ал бұл спорт мейрамының артында бірнеше адамның еңбегі жатыр. Соның бірі – триатлоншы, спортты өмірлік серігіне айнал­дыр­ған Салтанат Қазыбаева.

– Салтанат, сіз кез келген жобаға жаныңызды сала кірісесіз. Бұл спортты сүйген соң ба әлде дағды ма? 

– Мен үшін ең бастысы – нәтиже. Көз алдымда жақсы дүние пайда болып жатса, ол маған қуаныш сыйлайды. Бір жобаға кіріссем, толықтай соған беріліп, күні-түні ойланамын. Қайтсем жақсы нәтиже шығарамын, қай тұсты жетілдіру керегін қаперден шығармаймын. Осылайша, әр жобаға барымды салатын болдым, әдетке айналып кетті. Кейде өзім толықтай жобаның басы-қасында жұмыс істеймін. Кейде командама сеніп тапсырамын, енді бірде серіктестеріме арқа сүйеймін. Десе де, жұмыс барысын қадағалау, келісімшарт, тағысын тағы дүниені жіті қадағалауға тырысамын. Жақында 130 адамның басын қо­сып, түсірілім жасадық. Бұл ұзақ жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан «Этаж» креатив агент­тігімен бірге жасаған туындымыз. Нағыз командалық рухтың, жігер­дің танылған тұсы. Осынша адам­ды бір түсірілім алаңына жинап, бағыт беріп, тұшымды дүние жасау кез келгеннің қолынан келмейді. Бел шеше кірісетіндер ғана нәтиже шығарғанша талмайды. Almaty Marathon үшін қалай жүгірсем, қалған жобам үшін де барынша, жең түре кірісемін. Кейіннен нә­тижесін көргенде, марқайып, ар­қамды кеңге саламын. Сондықтан маған жаны бар, өзіндік пози­ция­сы, қоғамға берері бар жобалар ұнайды. 

– Осы ретте сізге Almaty Mara­thon-ын ұйымдастыру не берді? Жалпы, бұл жобаға қалай келдіңіз?

– 2012 жылы фитнес-клубы­мыздың туған күнін ерекше атап өткіміз келді. Жәй іс-шара емес, қала тұрғындарына қуаныш сый­лайтын, есте қалатын дүние жа­сауды қаладық. Сөйтіп, марафон ұйымдастыру идеясы пайда болды. Бұл идея қонақтарға да, өзімізге де ұнап қалды. Ақырында, осы іс-шара керемет жобаның бастауына айналды. Содан бері марафонды тұрақты түрде ұйымдастырамыз. Оның үстіне, Almaty Marathon жа­нымның бір бөлігі, балам сияқты. Жоба менімен бірге өсті, дамыды. Марафон менің қиялыма қанат бі­тіріп, команда жинауыма, спорт­тағы отбасымды табуға көмектесті. Иә, жыл санап жоба көбейіп жа­тыр, уақыт тапшы. Бірақ ма­рафон дегенде «шығарда жа­ным бөлек». Бір қызығы, осы марафон, спорт ме­ні жан-жарыммен жо­лық­тыр­ды. Талай дос тап­тым, ұмы­тылмас эмо­ция сый­лады.

Қазір марафонға қы­зығатындар көп. Елі­міз­дің басқа қалаларында да түрлі марафон өтеді. Almaty Marathon – Ор­та­лық Азиядағы ең үл­кен спорт іс-шарасы. Қуан­тарлығы, өткен жыл­ғы де­рекке сүйенсек, қатысу­шы­лардың 40%-ы – әйелдер. Ең егде қаты­сушы – алматы­лық Дуза Мавлютова, 87 жаста. Ол мұнымен тоқтамай, ары қа­­рай да қатысатынын айта­ды. Осындай жігерлі қаты­сушылар жобаға дем беріп, гүлденуіне үлес қосады. 

– Ал әуесқой спортшы болу жо­лыңызға үңілейікші. Марафонда жүгіруді қашан бастадыңыз?

– Сол, 2012 жылы Афина қала­сына марафондар симпозиумына бардым. Сонда алғаш рет толық марафон жүгіріп өттім. Шынымды айтсам, марафонға қатысу өңім түгіл түсіме де кірмепті. Бірақ ма­ра­фонның туған жеріне барып тұрып, жүгірмей кетсем болмас деп белді бекем будым. Қысқа қашық­тықтарға орын қалмаған соң, бір­ден 42,2 шақырым қашықтыққа тіркелдім. Бір жағынан өзімді сынап көргім келді. Бірақ марафон бір рет көріп, «жүгіре саламын» дейтін жер емес. Үлкен дайындық керек. Физикалық дайындықтан бөлек, медицина жағынан толық тексеруден өткен жөн. Ал өзім іштей дайын екенімді сездім. Өйткені бала кезден спортпен дос болдым. Әкем інім екеумізді «тауға да, тасқа да сүйреді». Апта сайын кермеге тартылып, бассейнге, стадионға апаратын. Алғашында әкеммен бірге жүргенге, түрлі спорт түрін байқап көргенге мәз едік. Кейіннен спорт өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бауырым да, мен де уақытты босқа өткізбеуді үйрендік. Сол үшін әкеме айтар алғысым шексіз. Осы дисцип­ли­наның арқасында Афинада ұзақ 42,2 шақырым марафонды ба­ғындырдым. 

– Триатлон, соның ішінде Ironman жарысының төрт дүркін әлем чемпионысыз. Аталған жарысқа қатысу туралы ой қайдан келді?

– Жоғарыда айтқанымдай, әкем біздің спортпен айналыс­қанымызды барынша қадағалады. Бірақ бір спорт түріне байлап қойған жоқ. Түрлі бағытты көр­сетіп, спортқа қызығушылығы­мызды оятты. Келе‑келе пауэр­лиф­тингпен айналыстым. Ар­­­тынша триатлонға келу қиын болған жоқ. Триатлонның өзі үш спорт түрінен тұрады. Жүзу, ве­ложарыс және жүгіру. Осы, триат­лонмен айналысып жүргеніме он жыл болды. Ironman жарысын триатлонды жаны сүйген адамның алға қойған мақсаты деп білемін. Әр жеңіс – қиын жаттығу мен өзің­мен күрестің жемісі. Пандемия біткен соң, чемпионат қалпына келді. Мәселен, 2022 жылы бір жыл­дың ішінде үш чемпионат өтті. Бәріне қатысуға тырыстым. Жа­сы­ратыны жоқ, әуелде жүзу білмедім, веложарыс пен жүгіруде жылдам­дық жетпей жататын. Қазір бәрі басқаша. Босфорды жүзіп өткенім тағы бар. Ironman-нан төрт дүркін әлем чемпионы атандым. Жігіт­терді басып озған кезім болды. 

– Алда қандай жарысқа қатыс­қыңыз келеді?

– Алда Challenge Samarkand триатлон жарысына қатыссам деймін. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі Challenge Family сериясына кіретін жалғыз жарыс. Тарихы терең, табиғаты әсем Самарқанда жүгіріп, жол бойы тамсансам, энергия жинасам деймін. Әрі мұндай бастамаға қолдау білдірмей, жай жатқан болмас. Өйткені Almaty Marathon секілді ауқымды іс-шараны ұйым­дастырудың артында қаншама еңбек барын жақсы білемін.

– Өмірлік ұстанымыңыз қалай? Жазбаңыздан, болмысыңыздан әйелдердің қоғамдағы орнын, олар­дың жетістікке жетуін қалайтын жан ретінде танимын, солай ма?

– Иә, менің болмысым сондай, әділетсіздікке жаным қас. Барын­ша тең құқылы қоғамда өмір сүруді қалаймын. Тек Қазақстанда емес, шетелде де әйелді екінші орынға ысырып қою бар. Мен бұған қар­сымын. Осындайда әйел әйелдің досына айналып, қолдау білдірсе деймін. Сол үшін Trigada атты әйел­дерге арналған спорт қауым­дас­тығын құрдым. Олардың өзіне сенімді болғанын, барынша дамы­ғанын қалаймыз. Спортта да, ман­сап баспалдағында да нық сенім­мен көтерілсе дейміз. Сол үшін мақ­саты айқын қыздарды бір топ­қа біріктірдік. Trigada-дан бө­лек, Community Almaty Run атты тобымыз бар. Топтасып жүгіреміз, энергия жинаймыз. Қазақстанның әр қаласында осындай топ бар. Егер сіз де өзіңізге сондай орта із­деп жүрген болсаңыз, қосылуы­ңыз­ға болады. Ал өмірлік ұстаны­мыма келсек, «жатқан тастың астына су бармайтыны», «мүмкін емес нәрсе жоғы», «құласаң, қайта тұрып үйрену» керегі, әрқашан шешім табуға болатыны есімнен шығармаймын. 

– Қоғамда адам өз орнын табу үшін не істеуі керек? 

– Адам бір орында тұрып қалмауы керек. Үнемі ізденіс үстін­де жүрген жан жолын табады. Ал маған әрқашан жанымдағы жақындарым жол сілтейді. Ата-анам, басшыларым, серіктестерім, әріптестерім бар. Олармен үнемі байланыстамын. Бір білерім, кез келген істі шын ниетіңмен істеп, шынайы болсаң, өзіңді жоғалт­пай­сың. Сонда жан-жағың мүмкін­дік­ке толы екенін көресің. Егер ба­рыңды салып жұмыс істесең, ал­дыңдағы асуды оңай еңсересің.

Сұхбаттасқан 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ