Қылмыстық кодекске түзетулер жобасы қыркүйекте Парламентке ұсынылады.
Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін
www.istockphoto.com
625
оқылды

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған нормативтік құқықтық актілер пакеті әзірленді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістер жобасы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен алдын ала оң қорытындылар алған. Яғни, Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысты жеке баптар енгізіледі. Бұл жаңа 158-1-бапта шектеуден бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылады.

Күзде парламентте дәрігерлерге қоқан-лоққы көрсету мен шабуыл жасауға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заң жобасы қаралады. Енді бір медицина қызметкеріне шабуыл жасаған адам 2-7 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал төтенше жағдайда жасалған әрекет үшін 10 жылға дейін сотталады. Бірнеше медицина қызметкеріне шабуыл жасағандар 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Мұндай шешімге осындай оқиғалардың көбейіп кетуі себеп болған.

Сонымен қатар министр Үкімет үйінде Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша өткен баспасөз конференциясында дәрігер қабылдауына жазылу мәселесі министрліктің бақылауында екенін айтты. «Емханалардың қызметтерін жетілдіру бойынша біз былтыр жұмыс бастаған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрлігінің біраз бұйрықтарына өзгерістер енгізілді. Стандарттар өзгертілді. Оның ішінде ем алушылар бағдарын барыншы оңтайландыру бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар өздігінен қабылдауға жазылу мәселесі былтырдан бастап біздің бақылауымызға алынды. Оның ішінде электронды қосымшалар арқылы жазылу 4%-дан аспайтын. Бүгінгі таңда 70%-дан асты. Сондай-ақ хроникалық диспансерлік есепте тұратын науқастарды дәрігерге барудан бұрын медбике толығымен тексеріп, барлық анализдерімен жібереді. Және де ауруханаларға жату үшін анализдердің санын азайттық. Халықаралық стандарттарға сүйеніп берілген анализдердің жарамдылық мерзімін ұзарттық. Аталған стандарттардың жергілікті жерлерде жұмыс істеуі әлі де күрделі болып отыр. Сондықтан биылдан бастап біз 20 өңірге мониторингтік топ жібердік. Бұл тек тексеру емес, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.