Биыл бакалаврда білім алу үшін 77 мың грант бөлінген.
Мамандық емес, маркетинг ұтып тұр
409
оқылды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, экономикаға инженерлік, су және энергетика, жол құрылысы, көлік, әуе жолдары мен темір жол саласындағы мамандар қажет. Ал талапкерлер арасында медицина, педагогика, инженер, биотехнология мен жеңіл өнеркәсіп, тау-кен ісі мамандығына сұраныс көп. Одан бөлек, қоғамда жоғары білім алмай-ақ курс оқып, ақша тапсам дейтін көзқарас бар.

Курс оқып, табыс таптым...

Қазір мектеп бітірген соң ЖОО-ға түспей-ақ, түрлі курс оқып, жоғары жалақы алып жүргендер бар. Қала берді мектеп оқушысы тойға шығып, мо­било­граф ретінде бір видеоға 5 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін ақы ала­ды. Осыған байланысты әлеуметтік желіде бір дәрігер мобилографтардың жоғары ақы алатынын, ал дәрігерлер 250-300 мың теңге жалақыға жұмыс істейтінін жазған. Содан ба қазір төрт жыл бір оқуды «мүжігенше», сол ара­лық­та қысқамерзімді бірнеше курс оқымаймын ба дейтін ұстаным да бар. Бірақ өзі қалаған мамандыққа грантқа оқуға түсе алмаған соң, хоббиін кәсіпке айналдырып, пайда тауып отырғандар да бар. Соның бірі – тігінші Бақдәулет Парсаханов. ҰБТ тапсырып, 91 балл жинағанымен, өзі қалаған мамандыққа грантқа түсе алмаған. Содан белгілі тігіншінің курсын 600 мың теңгеге сатып алған. Басында тігіншінің көм­ек­шісі болып жұмыс істеп, қазір өзі дү­кен ашуға қамданып жүр. Класси­калық костюм тігіп, одан қалса кос­тюм­ді қалай киіп, қалай таңдауы керегі жөнінде блог жүргізеді. Дегенмен Бақ­дәулет жоғары білім алуға ниетті. Жағ­дайы реттелсе, өзі қалаған мамандықты меңгеріп шығады. 

Сол сияқты қоғамда көк қағазды көбірек табу үшін құжаттың не керегі бар дейтін түсінік бар. Профор­иенто­логтің айтуынша, жастардың пікірі екіұдай болғанымен, академия­лық б­ілімнің маңызын ешкім сызып тастаған жоқ. 

«Шынтуайтында, жастар арасында бұрынғыдай «диплом алу керек» дейтін қағида жоқ. Оған себеп – дипломсыз-ақ курс оқып, жақсы табыс табуға бо­лат­ын мамандықтың көбеюі. Оның ішінде медиа, IT, дизайн саласы болсын курс оқып, жұмыс істеуге дағдыланған. Кө­бінесе, диплом емес, тәжірибе мен дағ­ды маңызды. Десе де, диплом өзінің маңызын жоймайды. Мемлекеттік, ака­демиялық ортада әлі күнге дейін диплом талап етеді. Төрт жылдық бі­лім­ді қыс­қамерзімдік курспен салыс­тыруға кел­мейді. Өйткені бұл ака­демиялық білім, бұл жерде академия­лық, ғылыми тұ­жыр­ымдама негізінде білім алады. Одан бөлек, кейбір маман­дықты курс арқылы оқып білу мүмкін емес. Қазір уни­вер­ситеттің көбісі 3 жыл­дық білім беру бағдарламасына көшіп жатыр. Яғни, үш жылдың ішінде төртжылдық білімді игеріп шығады. Жаңадан ашылған көп университетте осы үшжылдық білім беру жүйесі бар», – дейді про­фори­ен­толог Жасұлан Бостандықұлы.

Иә, кейінгі бес-жеті жыл ішінде елі­мізде қысқамерзімді курс арқылы SMM-маман, графикалық дизайнер, веб-про­грам­мист, копирайтер, видео­монтажер болып болып табыс тауып жүргендер бар. Оған қоса, фриланс пен кәсіпкер­лікте де диплом маңызды емес. Жауапты, нәтиже көрсете алатын тә­жіри­бесі бар маман болсаңыз жетіп жатыр. Белгілі бір курсты оқыған соң, бірден табыс таба алмайтыныңыз тағы бар. Бастапқыда тегін немесе жарты бағасына келісіп, жұмыс істеп, порт­фолио жинайсыз. Былтыр LinkedIn жария­лаған мәлімет бойынша, digital саладағы жұмыс беру­шілердің 80%-ы skills over degree прин­ципін ұстанады. Яғни, оларға дипломнан гөрі тәжірибе маңызды. 

Оның үстіне, жыл санап елімізде EdTech (білім беру технологиялары) нарығы кеңейіп жатыр. Естеріңізде болса, пандемия кезеңінде онлайн бі­лім алу, кәсіп меңгеру кең етек алды. Stepik, Coursera, Skillbox, Serpin, Bilim Media Group, QWANT, MARS Academy, Result School сияқты платформа арқы­лы мыңдаған адам білім алды. Бұл ал­аң­да онлайн түрде, өзіне икемді фор­матта оқып, қысқа мерзімде кәсіби дағ­дыны меңгерді. Сәйкесінше, дип­ломсыз жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Осы аралық білім жүйесіне өзгеріс керегін, заман талабына сай лайықтау қажетін нұсқады. 

Кәсіби білім маңызын жойған жоқ

2022 жылы Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру турасында көптеген елде 3 жылда бакалавриатты аяқтауға болатынын айтты. Біз де осы мерзімге көшуіміз керегін, тіпті кей мамандық бойынша 2,5 жылда оқуды аяқтауға болатынын атап өткен. Осыдан соң кей университет пилоттық жоба ретінде осы аралықта жоғары білім беруді қол­ға алды. Қазір AlmaU, Astana IT сияқты бірқатар университетте үш жылдық білім беру бағдарламасы бар. 

Үш жылдық білім беру жүйесі де­мекші, биыл AlmaU университеті алғаш рет осы бағытта білім алған түлектерін «шығарып» салды. Универ­ситет маманы: «Бұл – заман талабына сай, жүйеленген шешім», – дейді. 

«Біз 3 жыл бұрын осы білім беру бағдарламасына көштік. Биыл алғашқы түлектер диплом алды. Бұл – нарық тала­бы. Қазір бірқатар мамандық бойынша 4 жыл университетте оқудың қажеті жоқ. Сондықтан біз тәжірибеге негізделген үшжылдық бағдарламаға көштік. Жоғары білім – ол тек кәсіпке (профессияға) дайындау ғана емес. Сондықтан кей мамандық үшін 2 жыл аз. Себебі университеттің әлеуметтік институт ретінде жан-жақты тұлғаны қалыптастыру сияқты миссиясы да бар», – дейді AlmaU университетінің ака­демиялық даму жөніндегі прорек­торы Әсел Арын.

Проектор сөзін профориентолог та құптап отыр. Оның айтуынша, универ­ситет берген академиялық білімді еш­бір курс бере алмайды. Төрт жыл ғы­лыми бағытта, күнделікті өмірге қажет емес дүниені оқу мүмкін екенін де ескертті. Бірақ «бұл – академиялық білім» деп аталатынын ұмытпауды қосты. Одан қала берді, университетте оқу ол диплом алу емес, университетте оқу – орта табу, өзіннің қабілетіңді шыңдау екенін айтты. Аталған жылдар ішінде университте жүріп тіл үйреніп немесе басқа қабілеті меңгеруге бола­тыны да рас. Оның пікірінше, универ­ситетке барған не бармаған баланы салыстырсақ, біріншісінің өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, этикасы бірден білініп тұрады. Адамды орта тәрбие­лейтіні рас болса, ол дипломмен қатар өзін тәрбиелеуге мүмкіндік алады. 

«Мысалы, өзім Экономика факуль­тетін бітірген соң, алдыма осы саланы таңдаған балалар келеді. Арманы – бастық болу, менеджер болу. Барлығы «Басқару және менеджмент» білім беру бағдарламасына оқуға түскісі келеді. Соның ішінде менеджер боламын дей­ді. ҰБТ тапсырмай-ақ екінің бірі мен­ед­жер бола алатынын алға тарта­мын. Менеджер болу – білім емес, дағды. Адамда менеджерлік талант болады. Менеджерлікті курспен оқып алуға болады. Айналдырған төрт функциясы бар, соны игерген адам менеджерге ай­нал­ып шыға келеді. Осы тұрғыда атына қызығып емес, болашағына, дамуына қарап, мамандық таңдау ке­рек. Менеджер боламын дейтін баланы барынша басқа мамандыққа жіберуге тырысамын. Менеджер банкте де, бас­қасында да менеджер. Банктегі менед­жер қатардағы консультанттан бастап көтеріледі. Яғни, адам менеджер болу­ды жұмыс барысында иегеруі мүмкін. Сондықтан бұған төрт жыл уақытты сарп етудің қажеті жоқ», – дейді про­фор­иентолог Жасұлан Бостандықұлы. 

АҚШ-та мектеп бітіргеннен кейін біржылдық демалыс алатын кезең бар. Оны «gap year» деп атайды. Бір жыл ішінде ол өзіне не қажетін анықтап, түр­лі салада өзін сынап көруіне болады. Әлде біздегі білім жүйесіне осындай аралық қажет пе? Өйткені мамандар қысқамерзім ішінде алған білім үнемі толықтыруды қажет ететінін айтады. Аталған кезең ішінде кәсіби білім алу­дың маңызын түсіне жатар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ