Осыған орай таяуда Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде 2025 жылы мерейтойы атап өтілетін белгілі суретшілердің шығармашылығына арналған көрме ашылды. Экспозицияда осыған дейінгі әртүрлі буын өкілдерінің шығармашылығы мен әрқайсысының өзіндік ерек қолтаңбасы тоғысып жатыр. Олардың қатарында Хлудов Николай, Валентин Антощенко-Оленев, Валерий Каптерев, Татьяна Глебова, Хакімжан Наурызбаев, Молдахмет Кенбаев, Анатолий Горовых, Михаил Антонюк және Ескен Сергебаев бар. Өнерге деген махаббатының арқасында кейбірі үшін Қазақстан екінші Отанға айналды.
Аталған мәдени іс-шара мерейтой иелерінің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, жас буынға шабыт беруді көздейді. «Әр суретші – бір дәуірдің үні, сол уақыттың тынысын жеткізуші. Біз олардың еңбегі арқылы елдің мәдени болмысын танимыз», – деді ұйымдастырушылар. Ерекшелігі сол, көрме музей қорында сақталған тарихи туындылар арқылы келушілерге бұрын беймәлім болған жаңа қырларын тануға мүмкіндік береді.
– Көрмеге қойылған туындылар негізінен 2025 жылы мерейтойы атап өтілетін суретшілердің еңбектерінен іріктелді. Бұл көрме арқылы музейге келушілер эстетикалық және тарихи құндылықты түйсінуі қажет деп ойлаймыз. Мәдени іс-шара көрерменді рухани байытып қана қоймай, отандық бейнелеу өнерінің қайнар көзімен таныстыруға бағытталған. Көрмеге қойылған туындылар тұрақты экспозицияда жоқ, яғни барлығы музейдің қорынан алынған, – деді «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің аға ғылыми қызметкері, көрме жетекшісі Лаура Әбділдаева.
Экспозицияға туындылары қойылған әрбір суретшінің өнердегі тағдыры ел өмірімен астасып жатыр. Олардың әрқайсысы өз еңбегін қазақтың ұлан-ғайыр даласына, көздің жауын алар әсем табиғатына, тарихпен үндескен бай мәдениетіне арнады.
Биыл 175 жылдығы атап өтілетін Николай Хлудовтың шығармашылығы ХІХ ғасырдағы реалистік кескіндеме мектебінің Қазақстанда кеңінен таралуына ықпал етті. Қазақ жеріне XIX ғасырдың соңында келген ол Орта Азия мен Қазақстанды аралады. Сапар кезінде көзбен көрген ғажайыптарын, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен табиғат көріністерін қағазға түсірді. Кейіннен осының барлығы кескіндемелік туындыларға арқау болды. Николай Хлудов 1921 жылы Верный қаласында (қазіргі Алматыда) алғашқы көркемсурет студиясын ашты.
Қазақстандағы бейнелеу өнері тарихында Молдахмет Кенбаевтың шығармашылығы айрықша орынға ие. Оның картиналары терең мазмұнымен, ұлттық нақышымен және дара шығармашылық қолтаңбасымен ерекшеленеді. Молдахмет Кенбаев – республиканың шегінен тыс академиялық көркем білім алған алғашқы қазақ суретшілерінің бірі, Қазақ КСР-нің халық суретшісі. Биыл суретшінің 100 жылдығы атап өтіледі.
Ал Хакімжан Наурызбаев – ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаған дарын иесі. Ол – мәдениет пен өнер қайраткерлерінің портреттер галереясын жасап, еңбек майталмандарының бейнесін шебер жеткізе білген тұлға. Графика жанрында өзіндік орны бар тағы бір танымал есім – Валентин Антощенко-Оленев. Көрнекті график-суретшінің шығармашылығы бейнелеу өнерінде жанрлық саналуандығымен, эмоционалдық тереңдігімен маңызды.
Көркемөнерсүйер қауымға арналған көрме 18 тамызға дейін жалғасады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы