Ашық деректерге сүйенсек, Қазақстанда 350 мыңға жуық лудоман тіркелген. Бұл тек ресми есепте тұрғандары. Ал көлеңкеде қалып, өмірін ойынға тігіп жүргендердің нақты саны одан да көп болуы мүмкін. Бұдан бөлек, ажырасқан отбасылардың 40 пайызы дәл осы лудомания кесірінен шаңырақтарын шайқалтқан. Суицид жағдайларының 20 пайызы да құмар ойындармен байланысты екені айтылады.
Қоғамда бұл дертке шалдыққандардың ішінде қылмысқа барып, қарызға батқан адамдар аз емес. Бейресми ақпараттар бойынша, лудомандардың орташа қарызы 10 миллион теңге шамасында. Ең қорқыныштысы, бұл құбылыс кәмелетке толмағандар арасында да белең алып келеді.
Осы өзекті мәселені шешу үшін заң қабылдау туралы ұсыныс қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан еді. Атырауда өткен құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та «Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», – деген еді.
Президент қол қойған жаңа заңда бірнеше нақты шектеу қарастырылған. Біріншіден, қатысуға болмайтындар қатары кеңейді. Бұрын тек шектеулі тұлғаларға тыйым салынса, енді бұл қатарға борышкерлер, мемлекеттік қызметшілер, әскери адамдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бюджеттік ұйым басшылары да енгізілді. Олар заң бұзса, жұмыстан босатылады.
Екіншіден, букмекер жарнамасына тосқауыл күшейді. Енді букмекерлік кеңселер көлік құралдарында, БАҚ-та, кино мен видеода, анықтамалық қызметтерде жарнама жасай алмайды.
Жарнама жасауға тек букмекер кеңсесінің сыртында, спортшылардың киімінде, ресми спорттық БАҚ-та, халықаралық жарыстарды тікелей көрсететін отандық телеарналарда ғана берілмек. Яғни, мысалы, Qazsport арнасынан букмекер жарнамасын көрсеңіз – бұл заң аясында рұқсат етілген, ал «Хабар» немесе басқа арна жарнамаласа – бұл заңбұзушылық.
Экономист Мақсат Сералының айтуынша, лудоманиямен күрес тек заңмен шектелмейді.
– 2026 жылға қарай жылдар бойы лудоманияның құрығында жүргендердің санын екі есеге қысқарту мақсатында Қазақстан билігі оларға мемлекет есебінен тегін емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалту ұсынуды жоспарлап отыр екен. Бұл мақсаттарға бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ ел билігі лудоманиямен күрес аясында төрт бағыт бойынша 42 іс-шара ұйымдастырмақ, – дейді экономист.
Тағы бір маңызды қадам eGov mobile қосымшасы арқылы әрбір азамат өз еркімен құмаройындарға шектеу қоя алады. Бұл қызмет арқылы 6 айдан 12 айға дейін заңды ойын мекемелері мен букмекер сайттарына кіруге тыйым салуға болады.
«Бұл жайлы таныстарыңызға айта жүріңіздер. Біреу болмаса, біреуіне көмегіңіз тиіп қалар», – дейді экономист.
Әсет ҚАЛИ