Дағыстанның Тарум ауданы аумағында екі жеңіл көлік қарама-қарсы келе жатып, бір-біріне соқтығысқан. Бұл туралы Дағыстан республикасының басшысы Сергей Меликов өзінің Telegram парақшасында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның мәліметінше, көліктердің бірі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сергей Меликов нақтылағандай, апат салдарынан барлығы сегіз адам зардап шеккен. Олар – Қазақстан мен Удмуртия тұрғындары және олардың арасында кәмелетке толмаған балалар бар.
«Төрт адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар оқиға орнында қаза тапты», – деп жазды Меликов.
Зардап шеккендер Кобучей медициналық-санитарлық бөліміне түскен. Олардың кейбірінің жағдайы ауыр. Дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін бар күштерін салып жатыр.
«Жағдайы ауыр науқастарды Махачкала қаласына санитарлық тікұшақпен жеткізу жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
Апаттың мән-жайын анықтау үшін Дағыстан прокуратурасы тексеріс бастағанын растады.