Бүгінде тарихы сонау 1947 жылдан бастау алған фестиваль Еуропа құрлығындағы ауқымды әрі беделді іс-шаралардың бірі. Осы уақыт аралығында аталмыш фестиваль түрлі мәдениет өкілінің басын қосып, көрерменге сан түрлі тақырыпты қаузайтын мәнді де мағыналы қойылымдарды ұсынды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген режиссерлер мен актерлер, қойылымдар мен түрлі эксперименттер тоғысқан алаңға айналды. Ғасырға жуықтаған шежіресі бар фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.
Биылғы фестивальде театр ұжымы көпке танымал «Ромео мен Джульетта» қойылымын ұсынды. Бұл – қазақша үн мен шын сезімнің үйлесім тапқан көрінісі, классикалық туындының жаңа, қазақы қырынан қайта түлеген нұсқасы еді. Қойылым режиссері – Дина Жұмабаева. Классикалық шығарма қоғамдағы мәдени және әлеуметтік шектеулерді заманауи қуыршақ өнері арқылы бейнелейді. Ұрпақтар арасындағы қақтығыс, патриархалды жүйенің қысымы, жастардың таңдау еркіндігі, ұлтаралық таптық сынды өзекті мәселелерді ашып көрсетеді. Ал сахнадағы қуыршақтар – адамдардың үнсіздігі мен ішкі тартысының көрінісіне айналады. Актерлік ойын мен қуыршақ пластикасы үйлесім тапқан қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Талантты режиссер Дина Жұмабаева қойылымға эмоциялық тереңдік қоса білген.
– Қазақ театры табиғатынан әмбебапты. Дәсүрлі бағыттар да, жаңашыл ізденістер де кездеседі және бір-бірімен үйлесе алады. Қуыршақ театрындағы «Ромео мен Джульетта» кіші сахна форматында, қуыршақ кейіпкерлердің қолданысымен сахналанған. Әдетте, Шекспирге келгенде көптеген театр үлкен сахнаға, актерлердің көп болуына, костюмдер мен декорациялардың сол дәуірге сәйкес болуына мән береді. Біз мұндай классикалық бағыттан гөрі, заманауи форматты дұрыс деп таптық. Біз декорация, реквизит, киім және қуыршақтарға келгенде минималистік стильге ден қойдық. Сондықтан кіші зал кеңістігін таңдадық. Біз үшін көрерменнің басты назары тілге, драматургияға, сюжетке, актерлік ойынға, қуыршақтардың қимылына қойылғанын қаладық. Спектакльде қуыршақтарды да, актерлерді де алдыңғы планға шығардық. Бір актер бірнеше қуыршақтармен жұмыс істеп, түрлі кейіпкер рөлін қатар сомдайды, – деді режиссер Д.Жұмабаева.
Өнер ұжымының Франциядағы алғашқы көрсетілімі 16 шілде күні LaScierie театры сахнасында өтті. Фестиваль аясында ашық аспан астында театр артистерінің қатысуымен түрлі шеру мен кездесу ұйымдастырылады. Шеруге қатысқан қазақстандық театр ұжымы да фестивальде рөл сомдаумен шектелмей, қала көшелеріне шығып, афишалар мен флаерлер таратқан. Осылайша, олар шаһар жұршылығына қазақ өнері, театр шығармашылығы жайлы әңгімелеп, шетелдік көрерменді қойылымды тамашалауға шақырады.
– Расымен де, бұл фестивальді әлемдік деңгейдегі іс-шара деп айтуға болады. Өйткені мұнда жер шарындағы түрлі елдің театр ұжымдары жиналған. Қала толықтай театр кеңістігіне, театр әлеміне айналып кеткендей дерсің. Қаланың қай бұрышына барсаң да, әртүрлі сахнаны кездестіресің. Олардың бәрі де күн сайын спектакль қояды. Сахнада өнер көрсетуден бөлек, жарнамалық жұмыстармен айналысып келеміз. Осының өзі біз үшін қызық тәжірибе болды, – деді басты рөлді сомдаушы актер Ұлан Асанбек.
Театр ұжымы Еуропа сахнасында 26 шілдеге дейін өнер көрсетеді. Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді бұл фестиваль ұлттық қуыршақ өнерін әлемдік деңгейде таныстыруға таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.
– Off Avignon фестиваліне қатысу Алматы қуыршақ театрының тарихындағы айтулы белес. Біз «Ромео мен Джульетта» трагедиясын қуыршақ тілімен жаңаша түрлендіріп ұсындық. Спектакльде актерлік шеберлік пен көркем қуыршақ пластикасы үйлесім тауып, көрерменге жаңа эстетикалық әсер сыйлайды. Спектакль өткен ғасырдағы отбасы тарихын ғана емес, сонымен қатар қазір өзекті мәселелерді қамти келе, мәңгілік өшпес тақырыптарды тереңінен қозғайды. Бұл сапар біздің ұжым үшін үлкен жауапкершілік әрі шабыт көзі, – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры А.Амангелді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы