Гранттық қаражатқа он мүгедек адамды қолөнерге ғана емес, өз өнімін таныстырып, сатуға да үйретеді.
«Креативті инклюзия»: Теміртаудың мүгедектігі бар тұрғындары мемлекеттік грантпен қолөнер үйренуде
634
оқылды

Теміртаулық кәсіпкер Наталья Воротынская «Креативті инклюзия» жобасымен республикалық байқауда жеңіске жетіп, шағын мемлекеттік гранттың иегері атанды. Алған миллион теңгеге ол мүгедектігі бар адамдар үшін киіз басу және ұсақ моншақ тоқу курсын ұйымдастырады, – деп хабарлайды Аikyn.kz. 

Наталья Воротынская – «Шебер-Теміртау» әлеуметтік қолөнер орталығының негізін қалаушы. Ол мүгедектерді оқытуды 2016 жылы бастаған болатын.

– Киіз басудың шеберімін. 2016 жылы мені Жұмыспен қамту орталығынан курстар жүргізуге шақырды және 90% көру қабілеті бұзылған адамдардан арнайы топ жинады. Алғашқы осындай тәжірибе болған соң өз қиындығы да бар. Бірақ мұның бәрі нәтиже берді: мүгедектігі бар адамдардың сапалы кәдесый қолөнер өнімдерін жасауы мүмкін екенін дәлелдедім. Біз Қазақстанда танымал бола бастадық. 2019 жылы біздің орталық "Қазақстанның үздік тауары" байқауында "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын" сертификатын алдық, – деді Наталья.

Қолөнер шебері «Креативті инклюзия» жобасын дайындап, онда гранттық қаражатқа он мүгедек адамды қолөнерге ғана емес, өз өнімін таныстырып, сатуға да үйретеді.

– Гранттық қаражат киіз басуға арналған материалдарды сатып алу үшін қажет. Олар өте қымбат. Сонымен қатар, тауарды таныстыру мәселесі әрқашан өзекті. Жәрмеңкелер ұйымдастыру, оған арналған құрал-жабдықтар табу оңай емес. Гранттық қаражат оны шешуге көмектеседі. Оларға 10 үстел, орындық сатып аламын. Яғни, жәрмеңкенің барлық жабдығы 10 адамға арналған, – дейді Наталья.

Сондай-ақ, оның курсында тыңдаушыларға киіз басудан басқа, ұсақ моншақ тоқуды, шам және сабын жасауды, әлеуметтік желілер жүргізуді және өз өнімдерін ілгерілетуді үйретеді. Натальяның айтуынша, ол қолөнер ерекше  адамдарға өзінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға ғана емес, қосымша табыс көзіне қол жеткізсе алатынына сенімді.

Осылайша, бұл әлеуметтік жоба – мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамда өз орнын табуға және оның белсенді мүшесі болуға көмектеседі. 

Қарағанды облысынан шағын гранттармен барлығы бес жоба белгіленді.