Жасы алпыстың алқымынан асқан алматылық тұрғын Гүлмира ханым осылай дейді. Иә, мұндай робот түрлері мен инновациялық жобаларды енді мектеп оқушылары мен студенттер де өздігінен құрастыра алады. Бұл қазіргі замандағы инновация, цифрландыру және техникалық дамудың негізі саналатын STEM саласының жетістігі.
STEM – теориямен шектелмейтін ауқымды сала. Бұл бағыт практикалық әдістер арқылы баланы зерттеуге, шешім табуға үйретеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда біршама жас ғалымдар мен университет, колледж студенттері, мектеп оқушылары инновациялық жобаларды сәтті жүзеге асырып жүр. Заманауи бағытқа ерекше ден қойған білім ордаларының бірі – Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. Бүгінде мектеп оқушылары робототехника, IT, жасанды интеллект бағытында біршама жобаларды іске қосып үлгерген. Оның бірі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналса, енді бірі экология, медицина саласындағы түйткілдерді алдын алуға бағытталған.
Домбыраны оңалту құралына айналдырған
Физика-математика бағытындағы НЗМ оқушылары инсульттан зардап шеккендерге ұсақ моториканы дамыта отырып, оңалтудың үшінші сатысында көмек көрсетуге арналған «Өркен» атты мобильді қосымша ойлап тапқан. Қосымшаның басты функциясы – пайдаланушыларға ұлттық аспабымыз домбырада күй тартуды үйрету. Бұл процесс жасанды интеллект негізіндегі Аида есімді көмекшінің нұсқаулығымен жүреді. Жасанды зерде аудиоанализ арқылы қателіктерді анықтап, қолданушыға кері байланыс береді. Жоба авторларының айтуынша, қосымша негізінен егде жастағы адамдарға арналған. Себебі статистикаға сүйенсек, инсульт көбіне ересек жастағы азаматтарда жиі кездеседі.
– «Өркен» жобасын жүзеге асыру идеясы ойымызға бірден келген жоқ. Біз ұзақ уақыт бойы концепцияны ойластырдық, нәтижесінде, басқа да қосымша идеялар арасынан осы жобаны қолға аламыз деп шештік. Бастапқыда өзге жобаларға сүйене отырып, музыканы реабилитация құралы ретінде ұсындым. Дәл сол кезеңде топтың тағы бір мүшесі Камиланың атасы инсульттен кейін оңалтуға мұқтаж болды. Осыдан кейін біз жеке бақылау мен музыкалық терапия идеясын біріктіреміз деп шештік. Жобаны қолға алмас бұрын команда реабилитациялық орталықтардың кеңесіне жүгінді. Осылайша, «Өркен» концепциясы шынайы қажеттіліктен туған жобаға айналды, – деді топ мүшесі Анастасия Цой.
Sarqyt командасы жобаны әзірлеу барысында Алматыдағы Saqtasyn оңалту орталығымен бірлесе жұмыс жүргізген. Ең алғашқы тестілік кезеңде инсульттан кейінгі 13 пациент қосымшаны сынап көріп, нәтижесінде, оң пікір білдіріпті. Топ мүшелерінің негізгі құрал ретінде домбыраны таңдауы да бекер емес. «Жетіген немесе сазсырнай сияқты ұлттық аспаптармен салыстырғанда, домбыра үйренуге анағұрлым жеңіл» дейді мектеп оқушылары.
– Домбыра – Қазақстандағы ең танымал әрі кең таралған музыкалық аспап. Ол әр үйде кездеседі, сонымен қатар белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары мен үйірмелерде қолжетімді. Домбыра – екі ішекті аспап, сондықтан оны меңгеру де оңай. Әсіресе, инсульттан кейінгі оңалту кезеңіндегі адамдар үшін. Қазір біз қосымшаны Паркинсон ауруы сияқты басқа да неврологиялық ауруларға бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – оңалту процесін қолжетімді әрі пациенттердің мәдени және физикалық қажеттіліктері үшін тиімді ету. Келешекте жасанды интеллектің көмекші функцияларын жетілдіруді, жаңа күй топтамаларын қосуды, виртуалды марапаттар жүйесін енгізуді, қолданушылар үшін бір-бірін қолдап, тәжірибе алмаса алатын қауымдастық құруды жоспарлап отырмыз, – деді А.Цой.
Сыртқы климаттық әсерге төзімді салқындату жүйесі
STEM саласындағы тағы бір ерекше ғылыми жобалардың бірі – күн панельдерінің салқындату жүйесі. Қазір күн панельдерінің жұмыс температурасының жоғарылауы ғылымда өзекті мәселеге айналған. Аптап ыстықта температураның өсуі күн панельдерінің тиімділігін төмендетеді. Техника ғылымдарының магистрі, Ph.D. докторы, Satbayev University қауымдастырылған профессоры Сәулеш Минажова: «Күн сәулесі артқан сайын электр энергиясын өндіру көлемі де артады деп ойлағанымызбен, шын мәнінде, керісінше жағдай орын алады», – деді. Салқындату жүйесі, ең алдымен, шатырларға орнатылатын фотоэлектрлік қондырғыларға арналған. Сәулеш Минажованың сөзінше, жүйе негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне бағытталған. Себебін автордың өзінен сұрап көрдік.
– Зерттеу нысаны ретінде Қазақстанның оңтүстік өңірлерін таңдауымыз кездейсоқ емес. Сәуле түсудің картасына сәйкес, республиканың дәл осы оңтүстік аймақтары күн радиациясының ең жоғары деңгейіне ие. Бұл күн энергетикасын дамыту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Онымен қоса, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығы жалпыұлттық деңгейде неғұрлым қатты сезіледі. Аталған факторлардың жиынтығы шағын қуатты күн қондырғыларын, сонымен қатар басқа да жаңартылатын энергия көздерін еліміздің оңтүстік бөлігінде енгізудің өзектілігін арттырады, – деді ол.
Сәулеш Минажова салқындату жүйесін әзірлеу барысында нарықта қолданыста бар әрі сериялық өндірістен өткен техникалық жабдықтар мен материалдарды пайдалану жоспарланғанын атап өтті. Ұсынылатын жүйе жоғары бейімделгіштігімен, сыртқы климаттық әсерге төзімділігімен және жеке тұрғын үйлер мен шағын инфрақұрылымдық нысандар жағдайында кеңінен қолдануға жарамдылығымен ерекшеленеді. Салқындату жүйесі бар фотоэлектрлік шатыр панелінің бірқатар артықшылығын атап өтуге болады.
– Қазір салқындату жүйесі жеке сектордағы шағын қуатты тұтынушылары мен шағын және орта бизнес субъектілерінің ғимарат шатырларына орнатылатын күн панельдері үшін әзірленіп жатыр. Алайда электр көліктерін қуаттау инфрақұрылымына деген сұраныстың артуына байланысты, болашақта мұндай нысандардың күн электр стансаларымен интеграциялануы ықтимал. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған салқындату жүйесі жаңа нарық сегменттерінде де өзектілігін сақтап, қолдану аясын кеңейтуі мүмкін, – деп сөзін түйіндеді С.Минажова.
Мобильді қосымша науқасқа анализ нәтижелерін түсіндіреді
Кейде денсаулығы сыр берген азаматтар емделуді кейінге шегеріп, түрлі себепті алға тартады. Бірі емделу құнының қымбат екенін айтса, енді бірі уақыты жоқ екенін сылтау етеді. Көп жағдайда науқас анализ қорытындыларын түсінбей, ақпараттың көптігінен шатасып жатады. Бұл өз кезегінде уақытында алдын алуға болатын аурудың асқынуына алып келеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ойлап тапқан «Тамыр» атты қосымша бұл мәселені алдын алуға көмектеседі.
«Тамыр» – нутрицологтардың алгоритміне негізделген, жасанды интеллект арқылы анализ нәтижелерін түсіндіретін мобильді қосымша. Ол адам ағзасында қандай өзгеріс болып жатқанын қарапайым тілмен түсіндіреді. Тамақтану мен профилактика арқылы ағзадағы тепе-теңдікті қалпына келтіру жолдарын ұсынады.
– Біз деректердің көрнекілігіне ерекше назар аудардық. Әр көрсеткіштің қай шекте тұрғанын визуалды түрде түсіну үшін инфографика мен дизайнға ерекше мән бердік. Қосымшада түсініктеме мен көрсеткіштің не үшін жоғарылауы немесе төмендеуі мүмкін екені туралы мәлімет көрсетілген. Медицинаны жақсы түсінбейтін адам да өз талдауларының мағынасын оңай ұға алады. Бұл тәсіл интегративті медицинаны барлық адамға қолжетімді етеді, – деді топ мүшесі Жасмин Әбділдә.
Автор қазір Tamyr мобильді қосымшасы белсенді әзірлену процесінде екенін айтады. Осыған дейін топ мүшелері қосымшаны әзірлемес бұрын биохимия, нутрициология және маркетинг саласындағы сарапшылармен кеңесіп, алгоритмдердің нақтылығын және интерфейстің қолдануға ыңғайлылығын тексеріп көрген.
– Қосымшаның ерекшелігі – геймификация жүйесі: Tamyr түлкі-маскоты арқылы пайдаланушының «бейнелі» денсаулық жағдайын көрсетеді. Егер ұсыныстар орындалса түлкі көңілді, орындалмаса мұңайып тұрады. Бұл жүйе адамның күнделікті денсаулығына мән беру үшін мотивация ретінде ықпал етеді. Tamyr дәрігерлерді алмастыру үшін емес, керісінше, олардың жұмысын толықтырып, алдын алу бағытын күшейту үшін жасалған. Біз адамдардың дәрігерге тек ауырғанда емес, алғашқы белгілер пайда болғанда-ақ жүгінетін мәдениетті қалыптастырғымыз келеді, – деді жоба авторы.
Қосымшаның ең бір ерекше тұсы да сол, мұнда артық шығын, күрделі медициналық термин жоқ. Пайдаланушылар талдау нәтижелерін жүктеу арқылы ағзадағы ақауларды анықтап, денсаулық жағдайын инфографика түрінде көре алады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы