Ол онлайн-бәс тігулер мен құмаройындар нарығын қадағалап, бақылауды күшейтуге бағытталған. Оның басты міндеті – букмекерлер мен олардың клиенттері арасындағы барлық транзакцияны тіркеу, сондай-ақ әр ойыншының ставка тарихын мұқият қадағалау.
Бұл жүйенің өзегі – адамды заңды түрде тану. Яғни, азаматтың бәс тігу құқығы бар ма, жоқ па соны анықтап, тек заң шеңберінде әрекет етуіне мүмкіндік береді. Бұл – басты қағида. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Қазіргі дамыған елдердің бәрі онлайн-бәс тігу мен ойындар саны артқан соң, осы саланы мемлекет бақылауына беруді дұрыс деп таныды. Енді мемлекет онлайн режимде барлық операцияны көріп отыратын жүйені енгізуде. Италия, Испания, Франция, Германия және АҚШ-тың кейбір штаттарында дәл осылай жасалған, – деді комитет төрағасы Әділет Тұрғанбаев.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде заңды құмаройындар нарығының жылдық айналымы 1,3 триллион теңгеге жуықтайды. Онда 2,5 миллиондай клиент тіркелген, оның ішінде 450 мың адам – тұрақты ойыншылар. Тағы 500 мың адам салық төлемейтін, көлеңкелі букмекерлік кеңселерде ойынға араласуда. Бұл дегеніміз – қыруар қаржы шетелдік оффшорларға кетіп жатыр деген сөз.
Жаңа жүйенің басты міндеті – заңды нарықты реттеу ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен заңсыз сайттарды анықтап, бұғаттау, азаматтардың қаржысын және ел экономикасын сыртқа кетуден қорғау.
Ә.Тұрғанбаевтың айтуынша, платформа – бұл тек мемлекеттік бақылаудағы ақпараттық жүйе ғана емес, үш негізгі бағытты қамтитын кешен:
Бірінші модуль – ойынға бейім азаматтарды анықтап, оларға қолжетімділікті шектеу;
Екінші модуль – күн сайын 1 000-ға дейін заңсыз интернет-ресурстарды бұғаттау арқылы көлеңкелі нарықпен күресу;
Үшінші модуль – ставка операцияларын бақылау және ойыншылардың құқықтарын қорғау.
Комитет басшысы атап өткендей, бүгінде букмекерлік кеңселерге қатысты шағымдар күн сайын толассыз түсіп жатады. Ойыншылар ұтқан ақшаларын ала алмайтынын немесе шотты толықтырған кезде аккаунттарының бұғатталатынын айтып шағымдануда. Бірақ Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылмайынша, мемлекет тек букмекерлердің ресми жауабына сүйенуге мәжбүр.
– Әрине, олар өз қателігін мойындай қоймайды. Ал әділетті шешім қабылдау үшін бізге – бәс тіккен адамдардың ойындарының тарихы керек. Егер адам шынымен ставка жасап, ұтып алса, ал оған қандай да бір негізсіз себеппен төлем жасалмаса, біз заң шеңберінде букмекерді шарттарын орындауға міндеттей аламыз. Бұл жерде азаматтың тұтынушылық құқығын қорғаймыз, – деді Әділет Тұрғанбаев.
Оның айтуынша, егер адам заңсыз сайтта ойнаса, мемлекет оның құқығын қорғай алмайды. Ал Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылған соң, мемлекеттік органдарда толық база болады – кім, қайда, қанша рет ставка жасады, бәрі көрініп тұрады. Бұл – бақылаудың жаңа сапалық деңгейі.
Осы арқылы ел азаматтары тек заңды платформаларда ойнайтын болады, ал заң олардың құқығын нақты қорғайды.
Сондай-ақ жүйе құмаройынға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған. Яғни, цифрлық платформа борышкерлерді, сот шешімі бар азаматтарды, мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнайы орган өкілдерін ойыннан автоматты түрде шеттетеді.
Бұл ретте, жүйе автоматты тексеріс жүргізіп, барлық тыйым салынған тізімдерді ескеретін болады. Сонымен қатар екісатылы сәйкестендіру, оның ішінде биометриялық растау енгізіледі. Бұл ойыннан шектелген немесе өз еркімен шектеу қойған адамдардың жүйеге қайта кіруіне тосқауыл болады.
Бәс тігу сипаты мен жиілігін талдай отырып, жүйе ойынға тәуелділіктің белгілерін де анықтай алады. Бұл – нақты жағдайды көруге және тәуелділік шегінен асып кеткен азаматтарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
– Егер адам бірінен соң бірі ұтылып, қайта ставка жасап тағы ұтылатын болса, жүйе оған уақытша шектеу қоя алады. Ал егер ұтып жатса, бұғаттамайды. Алгоритм әр ойыншының әрекетін жеке талдайды, – дейді Қаржы мониторингі агенттігінің Превенция және талдау әзірлемелері департаменті басшысының орынбасары Даурен Мүліков.
Жүйенің тағы бір маңызды артықшылығы – ойыншылар өздеріне айлық лимит қоя алады. Лимиттен асқан жағдайда, ставка автоматты түрде қабылданбайды.
Д. Мүліковтің сөзінше, жыл сайын шамамен 200 адам құмаройынға тәуелділіктен өз-өзіне қол жұмсайды. Алайда денсаулық сақтау жүйесінде тек санаулы адам ғана ресми тіркеуде тұр.
Іске қосылған соң, ойыншыларға жүйе психологиялық көмек алуға кеңес беріп, хабарлама жіберіп отырады.
– Мәселен, жүйе мынадай хабарлама жібереді: «Сізде мәселе бар. Психологиялық көмек қажет. Міне, мемлекеттік және жеке орталықтардың байланыс нөмірлері». Бұл – мәселені асқындырмай, алдын алу үшін маңызды қадам, – дейді Әділет Тұрғанбаев.
Ә.МҰХАНБЕТ