Құрылысы бірнеше жылға созылған орталық қазір мүгедектігі бар жандардың ем алатын, оңалту шаралары жүретін ірі сауықтыру орнына айналды. Бұл жерде медицина мамандарынан бөлек, логопед, дефектолог, психолог, емдік денешынықтыру мамандары қызмет көрсетеді. Қазір орталықта 70-ке жуық адам оңалту шараларынан өтіп жатыр.
«Ақжайық» оңалту орталығы заман талабына сай жасақталған. Заман талабы бөлек, бұл жер мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайлы етіп дайындалған. Орталықта табалдырық деген атымен жоқ, есіктер өте оңай ашылады. Ал жоғары қабаттарға көтерілу үшін бірнеше жеделсаты жұмыс істеп тұр. Жедел сатылары да мүмкіндігі шектеулі жандардың арбамен кіріп шығуына қолайлы етіп жасалған. Орталық іске қосылғанда өңірдегі мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар ерекше қуанды. Себебі енді апталап, айлап Астана асып, жолға ақша шығындап шаршамайды. Өзіміздің облыстан кезекке тұру арқылы тегін оңалту шараларынан өте алады.
– Бұл – «робот» деп аталтын аппарат. Осы аппарат адамдардың ұмытылып қалған дағдыларын еске түсіруге көмектеседі. Мысалы, жол апатынан кейін немесе инсульттен кейін адамдар жүре алмай қалады. Міне, сол кезде осы құрылғының көмегімен адамдарды қайтадан жүруге, қадам жасауға үйретеміз. Мына аппарат өзі тірейді, аяққа тұрғызады, өзі жетелеп қадам жасайды. Осы аппарат өзі адамға диагностика жасап, қай жердегі бұлшық етіне қолдану керегін де өзі анықтайды. Былайша айтқанда, бұл робот адамды сәби секілді жетелеп жүргізеді ғой. Мұндай аппарат Қазақстан бойынша тек екеу. Біреуі – Астанада, екіншісі – осы біздің облыста. Бұрын осы аппарат үшін бала-шаға да, ересектер де Астанаға жолданатын еді. Енді өзімізде оңалту шараларын ала алады, – дейді емдік денешынықтыру маманы Алтынбек Нәбиев.
«Ақжайық» оңалту орталығының құрылысына бюджеттен 8 млрдтай қаржы жұмсалған. Орталықтың жалпы аумағы жиырма екі шаршы метрді алып жатыр. Ересектер мен балаларға арналған блоктар бөлек. Оңалту орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық патологиясы бар балалар, бірінші, екінші топтың мүгедектері медициналық көмек пен әлеуметтік қолдау ала алады. Оңалту орталығы бес блоктан тұрады. 150 адамға арналған. Бұл жерде емдеу корпусы, бассейін, спорт залы, акт залы, массаж, физиотерапия кабинеті, емдік денешынықтыру кабинеті бар. Бұл орталықта емдік денешынықтыру мамандарына сұраныс көп. Себебі түрлі жағдайдан кейін тірек-қимыл апараты бұзылған науқастарды аяққа тұрғызу үшін сол емдік денешынықтыру мамандары көмекке келеді.

Орталық ішін аралап жүріп, біздің назарымызды ерекше аударған жайт бар. Ол – жылқы. Иә, біз білетін кәдімгі жылқы. Тек бұл орталықтағы жылқы жаны жоқ, тоқпен жұмыс істейтін аппарат қана. Жанында екінші бұрышта кәдімгі аттың ері тұр. Ол да тоқпен жұмыс істейтін құрылғы.
Өзімізге таныс дүниені көріп, таңданысымызды жасыра алмадық.
«Мыну кәдімгі жылқы ғой, мұның адамға қандай емдік пайдасы бар» деп сұрақты төпелетіп жатырмыз.
– Бұл иппотренажер деп аталады. Оңтүстік Кореяда құрастырылған. Осы аппаратты тоққа қосқанда ол кәдімгі шауып келе жатқан ат секілді жорғалайды. Дәл сол қимыл адамға пайдалы. Біз науқасты осы аттың үстіне отырғызып, құдды атқа шапқандай әсермен оңалту шарасын жүргіземіз. Жылдамдықты өзіміз басқарамыз. Күшейтеміз немесе азайтамыз. Атқа шапқанда адамның барлық бұлшық еті қозғалады. Қатаяды. Қимыл дұрысталады. Міне, бұл иппотренажер да солай. Тірек-қимылы бұзылған науқастардың бұлшық еттерін қатайту үшін осымен шапқызамыз. Солайша адамның мойын, бел бұлшық еттері қатаяды. Анау тұрған жылқының ері іспеттес аппарат. Ол ер адамдарды оңалтуға арналған, – деп атап өтті орталықтың маманды Алтынбек Нәбиев.
– Орталықтағы барлық арнаулы әлеуметтік реабилитация және оңалту бағдарламасы тегін көрсетіледі. Алыстан келіп ем алушылар үшін жатын орындары, бес мезгіл тамағы беріледі. Ал қаладан ем алатындар таңда барып кешкісін үйге жіберіледі.
Психоневрологиялық спектрі бұзылған балалар үшін дефектолог және логопед, психолог кабинеттері, ойын бөлмелері, тактильді тақталар, тіпті сенсорлық кабинет те бар. Қазір ерекше балалардың көп екені жасырын емес. Олардың көбінде зейінінің тұрақсыздығы байқалады. Ал сенсорлық кабинет сол зейінді тұрақтандыруға көмектеседі, – дейді орталық мамандары.
– Қараңызшы, бір құдды ертегі әлеміне еніп кеткендей күйде боласыз. Бұл кабинет әдейі солай жасақталған. Сенсорлық кабинеттің мақсаты – баланың зейінін тұрақтандыру. Бір нәрсеге көз тоқтатып қарауды үйрету. Мына кабинетке кірген бала ертегі әлеміне енгендей айналасына қарап, үнсіз тұрып қалады. Міне, осылайша баланың зейінімен жұмыс істейміз. Қазір гипер белсенді бала көп, – дейді сенсорлық кабинеттің психологы Айзада Биалиева.

БҚО-да жалпы саны 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Мұның ішінде үш мыңнан астамы – балалар. Бұрын осы жандардың бәрі ем іздеп, Астана мен Алматыға, қала берді көрші Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор қалаларына ағылатын еді. «Енді ондай қажеттілік болмайды» деп отыр мамандар. Себебі қажетті құралдары бар, мамандары толық заман талабына сай ірі оңалту орталығы облыстың өзінде жұмыс істеуде.
– Бұл – республика бойынша төртінші орталық. Біз мамандарымызды Астанаға жіберіп біліктілік курстарынан өткіземіз. Олар арнайы оқып келген мамандар. Орталықта онсыз да негізінен медицина мамандары жұмыс істейді. Біздің мамандар күндіз-түні мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға дайын. Бұл жерде жүрегі жұмсақ, адамға көмектесуге оң ниеті бар адамдар жұмыс істейді. Біз сегіз түрлі қызмет түрін көрсетеміз, – деп атап өтті «Ақжайық» оңалту орталығы директорының орынбасары Гүлнұр Ескабулова.
Жанаргүл Панғалиева – бүгін орталықтағы емі аяқталып үйге шыққалы отырған қала тұрғыны. Ол осы жерде жиырма бір күн бойына оңалту шараларынан өткен.
Жанаргүл қазір жағдайы жақсарып қалғанын айтты.
«Бүгін менің ем алып жатқаныма жиырма бір күн болды. Қимыл қозғалысым жайлап қалыпқа келе бастады. Бұл жердің мамандары керемет, маған ұнады. Мен көбіне бассейінде жүземін. Ол менің барлық денеме жақсы көмектесіп тұр», – дейді Жанаргүл Панғалиева.
Қазақастанда ірі 12 оңалту орталығын салу туралы тапсырманы Президент 2023 жылы берген болатын. Бүгінде осындай заманауи оңалту орталықтарының құрылысы бірнеше өңірде жүріп жатыр. Мұндағы мақсат –оңалтуға мұқтаж жандар Астана асып ем іздемесін, оларға қолайлы жағдай өз аймақтарында жасалуға тиіс деген ойдан туған. Жалпы осы оңалту орталықтарында Президент тапсырмасына сәйкес жылына екі мыңға жуық адам оңалту шараларынан өтуге тиіс. БҚО-да іске қосылған орталық осы мақсатты жүзеге асыру үшін қызмет етіп жатыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы