Бұл мақала – Әбікен Хасенов пен Қалибек Қуанышбаевтың арасындағы әзілге толы шынайы достықты сипаттайтын әсерлі естелік.
«Полиглот ит» және саусақтан шошымаған домбыра: Қос өнерпаздың аңызға айналған әзілдері
1,260
оқылды

Әбікен Хасенов – қазақ өнерінің ірі тұлғаларының бірі. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы біршама зерттеулер, мақалалар жазылды. Домбыра шертісіндегі шеберлігі мен сахнадағы актерлік дарыны талай рет мақтау мен марапатқа ие болды. Алайда Әбікен Хасеновтің замандас өнер иелерімен арадағы шығармашылық және адами қарым-қатынасы жайлы жазбалар аса көп емес. Бұл тақырыпта тек анда-санда айтылатын естеліктер болмаса, оқырман қауымға толыққанды жетті деу қиын.

Бүгінгі мақаламыз сондай сирек кездесетін, бірақ терең мағынасы бар бір естеліктің төңірегінде өрбиді. Естеліктің көлемі шағын болғанымен, онда айтылған оқиға арқылы өнер адамының мінезі, ортасы, ұстанымы мен жан дүниесі анық байқалады. Бұл жазба – Әбікен Хасеновтің өмір жолына арналған кітаптан алынған (құр. Н.Әбдірахманова. Алматы: “Ақ шағыл” баспасы, 2023).  

Әңгіме Әбікен Хасеновтің театрға жұмысқа орналасуынан басталады.1934 жылдың қыс мезгілі екен. Алдын ала Сәкен хабарласып қойса керек, Әбікен ғимаратқа кірер беттен бірден директордың кабинетіне бет алды. Жанай өткен адамның көзіне бірден түседі. “Үстіне кигені – көк түстес қасқыр ішік, басында көк арқардың пыстанған түлкі тымақ, аяғында кең қонышты саптама етігі бар, қолына қысқа мойынды қоңыр домбыра ұстаған кесек тұлғалы, батыр бейнелі, қараторы кісі”. 

Кабинетке кіріп, амандасып, жөн айтысқаннан кейін, “аздап домбыра тартатын әдетім бар еді,   лайықты бір қызмет іздеп келдім”, – дейді. Театр директоры Орынбек Беков оның ойының орынды екенін айтып, бірақ келген жері ән салып, күй шертетін концерттік мекеме емес, бұрын-соңғы оқиғаларды сахнада бейнелеу арқылы ашып көрсететін кейіпкерлерді сомдайтын актерлар қызмет ететін орын екенін түсіндірді.

 – Сіз филармонияға барыңыз, – дейді. 

Директордың бұл сөзіне қанағаттанбаған Әбікен өзін мұнда адасып келіп отырған адам еместігін айтты. Өз сөзінде ол, актер болған адамдардың да шыр етіп туғаннан сахнаға шыға қоймағанын, егер үйретушісі жақсы болса, өзі де қатарға қосылып кетуге үміті бар екенін жеткізді. 

Осы кезде директордың кабинетінде Мұхтар Әуезов те отырса керек. Ол жаңа келген адамның болмысынан, сөз саптасынан өнерге бейімі барын байқап, сахнаға жарайтын, әсіресе батырлардың бейнесін тамаша сомдайтын жан екенін айтады. Сөйтіп, көзі қырағы Мұхаң жаңа актерді Қалибек Қуанышбаевқа тапсырады.

Осы уақытта Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Сапарғали Бегалин секілді марқасқалар бәрі жиналып Әбікенді ортаға алып, күй тартқызады екен. “Сарыжайлау” мен “Қосбасарлар” жиынның көркіне айналады.

Күй аяқталғаннан кейін Мұхтар Әуезов “Ее, бәсе, осылай болу керек еді ғой”, – дейді.

Ұтымды кезді сезетін Қалекең: “Иә, Мұқа, мына Әбікен сіз бен бізден гөрі күйді тәуір тартады екен, ә” – деп отырғандарды бір күлдіртіп алыпты.

Жиналғандар таңданып, “бұл неткен ғажап күйші еді” деп отырғанда, Қалекең тағы үнсіздікті бұзып, “Сіздер күй дейсіздер, ал мен қолындағы домбырасына таңғалдым. Қалай ғана мына домбыра Әбікеннің жұп-жуан саусақсарынан, шошып кетпей, үн шығарып тұр, құдайым-ау?!” дейді. Жұрт тағы қыран-топан күлкіге басты. Екеуінің достығы осы жерден басталады. Құр достық қана емес, аңызға айналған қағытпа әзіл-қалжыңға толы ерекше қарым-қатынас орнайды.

Бір күні театрдың атынан бір топ адам Мәскеуге аттанады. Ішінде Қалибек те болған. Алматыға оралғанда “не айтты?” деп сұраса, “аса ештеңе түсінбедім, орысшам шамалы ғой” депті. Бұны естіп отырғандардың ішінде Әбікен де бар.

Ертесінде Әбікен Қаликеңнің үйіне қонаққа барады. Алдынан кішкентай канден ит жүгіріп шығып, балағына оралыпты. Сол кезде қалжыңбас Қалибек:

– Мына итің осы тұрған бетінде төрт тіл біледі. Қызыммен немісше, ұлыммен орысша, әйеліммен қазақша еркін сөйлеседі. Ал өзінің ана тілі – ит тілін қосқанда, төрт тілге жетік, – депті.

Сонда Әбікен іле-шала:

– Әй, Қаллеке, сен өзің ғой, бірде-бір шет тілін білмейсің. Ендеше Мәскеуге текке сандалмай, орнына осы полиглот итіңді жібере салмайсың ба? – депті.

Әбікен мен Қалибектің арасындағы достықты қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс деп айтуға болады. Екеуінің бір-біріне деген сыйластығы мен қағытпаға құрылған қалжыңы  өмір бойы үзілмеген рухани байланыстың, терең адами түсіністіктің көрінісі. Бұл тек сахна сыртындағы достық емес, өнерді бірге өрлеткен, бірін-бірі демеген, әзілмен де, іспен де құрметтеген тұлғалар арасындағы шынайы қарым-қатынас болатын. Әрине, ел ішінде сақталған естеліктер мұнымен шектелмейді, бірақ біздің мақсат  солардың бәрін тізу емес, тарих қойнауындағы мұндай аяулы бейнелерді қайта жаңғыртып, ұлт руханиятына үлес қосқан азаматтардың тұлғалық болмысын көрсету еді.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.