Бастапқыда ол жиналған қаражатты ЮНИСЕФ арқылы жіберуді жоспарлаған.
Перизат Қайрат танымал блогердің өзін 83,5 миллион теңгеге алдаған
1,064
оқылды

Сотта аталған іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған блогер Олжас Садық куәлік берді. Ол Газа секторындағы тұрғындарға көмек көрсету үшін қомақты көлемде қайырымдылық қаражатын жинағандардың бірі болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қаражат жинау 2023 жылдың қазан айының соңында басталған. Ол досы, блогер Нәзім Мисановпен бірге Instagram желісінде видео жариялаған. Видео миллиондаған қаралым жинап, Садықтың жеке банк шотына 83,5 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаражаты түскен.

Бастапқыда ол жиналған қаражатты ЮНИСЕФ арқылы жіберуді жоспарлаған. Алайда көп ұзамай онымен Перизат Қайрат байланысқа шығып, қор жұмысы туралы айтып, гуманитарлық миссия сәтінің фотоларын көрсеткен және Қазақстандағы Палестина елшілігімен келісімшарт негізінде жұмыс істейтінін жеткізген. Осы дәлелден кейін Олжас Садық Перизат Қайратқа сенім артқан.

Қаражатты аударғаннан кейін, ол Перизат Қайратпен бірге Абу-Дабиге ұшып барған. Куәгердің айтуынша, ұшу, тұру және тамақ шығынын айыпталушы өзі төлеген.

Қазақстанға оралғаннан кейін жәбірленуші бірнеше рет көмек көрсеткенін растайтын құжат сұраған. Алайда, оның айтуынша, Перизат Қайрат байланысқа шықпай қойған.

Сотта Олжас Садық гуманитарлық миссияны аяқтау үшін қайтадан ЮНИСЕФ-ке жүгінетінін де мәлім етті.

Бұған дейін «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 миллион теңге аударғанын айтты.