Павлодар қаласының орталығында келіншек 13 жастағы жасөспірімді шашынан жұлып, соққыға жыққан. Бұл туралы зардап шеккен қыздың анасы айтқан, - деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Оқиға күндіз ел-жұрттың алдында болған. Бірақ оларды ешкім ажыратпаған. Жасөспірім құрбысымен сөйлесіп көшеде өтіп бара жатқан.
Анасының айтуынша, бейтаныс келіншек кенеттен жүгіріп шығып, қызды ұра бастаған.
"Әлгі әйел жүгіріп келіп, қызымның шашынан бас салып, сүйрей жөнелген. Оны қатты жұлқып жібергеннен қызым құлап, тізесінен тізе қалмады, қансырап", - деді зардап шеккен жасөспірімнің анасы.
Осы оқиғадан кейін жасөспірімнің әке-шешесі бірден полицияға шағым түсірді.
"Сол күні бізді облыстық балалар ауруханасына жіберді, алайда медициналық тексеруден өту керек екенін ешкім түсіндірмеді. Дәрігерлер қызымның тізесі жараланғанын, басы көгергенін түсіріп, ем-домын жасады. Үйге келген соң, қызымның үрейі басылмаған, кешке қарай жедел жәрдем шақырттық", - дейді ол.
Бұл жағдайды Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шакенева растады.
"Көшеде кәмелетке толмаған жасөспірімге дене жарақатын салған әйелдің жеке басын полиция жедел анықтады. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді ол.