Полицияның мәліметінше, дау барысында боксшы әйелді желкесінен және бет тұсынан ұрған.
Танымал кәсіби боксшы тұрмыстық зорлық үшін қамауға алынды
istockphoto.com
1,059
оқылды

АҚШ-тың танымал боксшысы Джервонта Дэвис Флорида штатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты айыппен қамауға алынды. Бұл – спортшының қатысуымен болған үшінші ұқсас оқиға, – деп хабарлайды Аikyn.kz

CBS News телеарнасының хабарлауынша, оқиға 15 маусымда Дорал қаласында болған. Дэвис бұрынғы сүйіктісінің үйіне ортақ балаларына келіп, сол жерде жанжал туындаған. Полицияның мәліметінше, дау барысында боксшы әйелді желкесінен және бет тұсынан ұрған.

Зардап шеккен әйел оқиға туралы анасына хабарлаған, ол дереу оқиға орнына келіп, болған жайтты видеоға түсіріп алған. Кейіннен әйел медициналық көмекке жүгініп, полицияға арыз жазған.

11 шілде күні Джервонта Дэвис Майами-Бич қаласында ұсталып, Майами-Дейд округінің тергеу изоляторына жеткізілді. Ол құқықтарын түсіндіретін құжатқа қол қоюдан бас тартқан. Артынша 10 мың доллар көлемінде кепілмен босатылды.

Айта кетейік, WBA тұжырымы бойынша әлемнің жеңіл салмақтағы жеңілмеген чемпионы бұрын да бірнеше рет құқық қорғау органдарының назарына іліккен. 2020 және 2022 жылдары ол да осыған ұқсас тұрмыстық зорлық істері бойынша ұсталған болатын. 2023 жылы Дэвис жаяу жүргіншілерді қағып кету ісі бойынша кінәсін мойындаған және сол кезде де үйқамақ режимін бұзғаны үшін сынға ұшыраған.

2025 жылдың наурыз айында Дэвис Ламонт Роучпен жекпе-жекке шығып, кездесу тең нәтижемен аяқталған. Тамыз айында реванш өткізу жоспарланған болатын. Алайда жаңа айыптауларға байланысты бұл кездесу белгісіз мерзімге шегерілуі мүмкін.