Белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаева деректі фильмдерден басқа, Әлия Әшімнің 1 200-ден астам әлеуметтік желіге түсірген қысқа видеосы барын және оның мыңы біздің тарих пен мәдениетке арналғанын айтады.
«Артық кетпедіңіздер ме?»: журналист  Әлия Әшімнің еңбегін бағалайтындар оны қолдады
868
оқылды

Жақында ғана журналист, документалист Әлия Әшімнің өз әлеуметтік желісіндегі сториске салған видеосын (Абай Құнанбаевтың отау бөлмесін көрсетіп, сәл әзілдегісі келгенін) бәз біреулер көшіріп алып, жерден жеті қоян тапқандай әлеуметтік желіге салды. Содан кейін әлеуметтік желіде, әсіресе Facebook әлеуметтік желісінде журналиске неше түрлі сөздер жазып, қаралап, "ерекше" жазба арнап жатқан жұрттың қатары көбейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дегенмен Әлия Әшімнің бұған дейінгі еңбегін білетін зиялы қауым оның аздап сүрінгенін меңзеп, соған бола оны жазғыруға болмайтын айтады.

Мәселен, журналист Нұрбек Түсіпхан:

АРТЫҚ КЕТПЕДІҢІЗДЕР МЕ? 

Қазақтың аяулы бір қызы ол да. Бұған дейін түсірген деректі фильмдері, мәнді, мағыналы еңбектері аз емес. Көзі ашық, сауатты, өзін еркін ұстай білетін қарымды, қабілетті журналист. 

Абайдың “неткен жері” туралы видеосын “шедевр”, “дұрыс” деп отырғаным жоқ. Маған да ерсі көрінді. Бірақ одан Абайға қандай зиян келді? Абайдың ол видеодан қай жері кеміп қалды? Ұлы ақынға көлеңке түсірді ме сол видео? Меніңше, мұны мәселе етіп шулаудың керегі жоқ. Ұнамаса парағына жазылмаңыздар, көрмеңіздер. 

Кеше ғана мақтап, сүйсініп отырған қыздарыңызды бүгін неге тепкілеп, талап жатырсыздар? Оны ұятқа, ізетке шақырып отырғандағы сөздеріңіз осы ма? “Соттау керек” “тексіз”, “тәрбие көрмеген”, “қышынып жүр”, “төмен етек”, т.с.с. небір былапытты үйіп-төгіп жатсыздар. Неге сонша ызақорсыздар? Оның да бірнеше баласы, сүйген жары, тілеуін тілеп отырған ата-анасы, жақындары бар. Соларға ауыр тиетінін ойламайсыздар ма? 

Кешірімді, кеңпейілдеріңіз қайда кетті? Жоқ емес, бар ғой бәріңізде де сондай жүрек. Енді неге жүрек пен тілді қатар сөйлетпейсіздер? Қанша ашуыңыз кеп тұрса да тіл тістеу деген бар емес пе еді? Ескертудің де өз әдебі, жолы бар ғой. Өздеріңіз сондай тәртіпті, әдепті болсаңыздар табаламай, ары мен намысына тимей, сауатты әрі мәдениетті түрде айтсаңыздар да болар еді. Сөз ұғатын, оң мен солын танитын қыздарыңыздың бірі ғой ол да. Әлеуметтік желіге кеше ғана келе қалған жан емес, көбіңіз оны көптен бері білесіздер. 

Тағы қайталап айтам, “неткен” видеоны ақтап отырғаным жоқ. Көрген сәтте “мұнысы несі, әттең” деп қалғаным да шын. Бірақ оны сынаған сіздердің мына жеккөрініш пен өшпенділікке толы пікірлеріңізді оқығанда әріптесімді аяп кеттім. Біреуді мақтаса асыра сілтеп көкке көтеретін, сынаса жеті қабат жерге тығып жіберетін мінезімізді түзетпей болмайды,- деді.

Ал мәдениеттанушы Зира Наурызбаева:

Жас режиссер Әлия Әшім аруаққа тіл тигізді деп зиялы қауым дүрлігіп жатыр. Деректі фильмдерден басқа, Әлияның 1 200-ден астам әлеуметтік желіге түсірген қысқа видео бар, оның мыңы біздің тарих пен мәдениетке арналған. Жақсы нәрселерді әдемілеп көпшілікке жеткізеді, соның арқасында Инстаграмда 300 мыңға жуық көрермені бар. Бұндай санға әртүрлі амалсыз, тек қазақ мәдениетін, тарихын насихаттап жету өте қиын. Басқа бұндай мысал жоқ да сияқты. 

Түсінгенім, Әлия "Абай жолы" романындағы эпизодқа экскурсоводтың сөзі сәйкес емес деп, Абайдың эротика өлеңдерін еске түсіріп, содан жастардың арасында қалжың басталған. Ал блогердің қасында жүретін мобилограф видеоға бәрін түсірген. Мән бермей, соны әлеуметтік желіге сала салған. Негізі дәстүрлі қазақтар одан да қатты қалжындасқан: "Ұлы сөзде — ұят жоқ", "Әзілің жарасса, атаңмен ойна»  дейді.  Бірақ әрине әлемжеліге шығармау керек еді. Бір мүлт кеткенде, талап тастағанымыз жарамайды

Мен сол видеодан көргенім: музей-үй деген ұғымды қазақтар дұрыс түсінбей жатыр. Ескі ғимаратқа евроремонт жасау үрдіс жалғасып жатыр. Және видеодағы ғимарат сол кезде болса, жеке үй емес, мекеме болған шығар?-дейді.

Жазушы Қанат Тілеухан:

Әлия Әшімді жақсы көрем! Талантты документалист. АҚШ пен Еуропаға барып білім жетілдірген журналист аз емес. Бірақ Әлиядай жарқырағанын көргенім жоқ. Термин теріп, теорияны сапыратындар. 

Әлияның «неткенін» көрдім. Сәл ерсілеу көрінді. Алайда сол үшін моральдық палачқа айналып кетпеңіздер. Дүние төңкеріліп кеткен жоқ қой,-дейді.