Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Съездің негізгі құжаттары ретінде Қазақстан кәсіподақтарының 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдау туралы саяси Қарар қабылданды. Құжатта кәсіподақ қозғалысын дамытуға басымдық беріліп, Президенттің елді жаңғыртуға бағытталған бастамаларына айқын қолдау білдірілді, - деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
«Кәсіптік одақтар – қазақстандық қоғамның ажырамас бөлігі, олардың қызметінің негізгі қағидаттары – әрқашан және әрдайым еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Еңбек адамы – қоғамымыздың басты құндылығы. Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді түбегейлі жаңғыртуға, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бағытталған стратегиялық бағытын қолдаймыз», – делінген Қарарда.
Құжатта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда кәсіподақтардың билік пен қоғам арасындағы тұрақты өзара әрекеттестікті ілгерілетуге, ашықтық қағидаттарын және «кері байланыс» арналарының дамуына қосып жатқан үлесі ерекше атап өтілген.

Съезд делегаттары Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау бастамасын зор ықыласпен қолдады. Бұл шешім – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге, еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ кәсіподақтар «Таза Қазақстан» стратегиясының құндылықтарын қолдайтыны, оны әртүрлі салаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған идеяларын бірізді түрде іске асыруға дайын екенін білдірді.
Делегаттар Президент жария еткен әлеуметтік бастамалар азаматтардың өмір сапасын арттырып, адами капиталды дамытуға жол ашатынына сенім білдірді. Қатысушылар Қазақстан мемлекетінің еңбек саласында лайықты еңбек қағидаттарын енгізіп, ұлттық заңнаманы жетілдіру арқылы халықаралық стандарттарға сай болуға ұмтылып жатқанын атады. Басты үндеу – «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» Мемлекет басшысының әділеттілікті қамтамасыз ету және «Әділетті Қазақстан» қағидатын іске асыру туралы негізгі тұжырымымен үндес екені айтылды.
Съездің тағы бір маңызды шешімі — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасын сайлау болды. Ашық дауыс беру нәтижесінде Сатыбалды Дәулеталин бірауыздан келесі бес жылға төраға болып қайта сайланды.

Айта кетейік, жиынға еліміздің әр өңірі мен саласын қамтыған 300-ге жуық делегат қатысты. Оған қоса, әлеуметтік әріптестер мен шетелдік ұйымдардың өкілдері де жиналды.
Съездің құрметті қонақтары қатарында Халықаралық еңбек ұйымының Еңбеккерлер қызметі жөніндегі бюро директоры Мария Хелена Андре, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл, ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) Бас хатшысы Эстер Линч, ХКК БЕАК Президенті Игорь Зубку, сондай-ақ Грузия, Өзбекстан, Әзербайжан, Жапония, Польша және басқа да елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары болды.
Бүгінде Федерация 2 миллионнан астам мүшені біріктіріп отыр. Оның құрамына 16,5 мың бастауыш кәсіподақ ұйымы, 18 өңірлік бірлестік және 24 салалық кәсіподақ кіреді. Қазақстан кәсіподақтары халықаралық деңгейде де белсенді жұмыс істеп келеді. Олар – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының мүшесі және Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құру бастамасын алғаш көтерген құрылымдардың бірі.