Димаш Құдайберген – әлемдік жұлдыз.
"Оның таңдап алған әні талғамсыз": Белгілі продюсер Димаш Құдайбергенге қатысты ойын өзгертпейтінін айтты
парақшасынан алынды
1,354
оқылды

Белгілі музыкалық продюсер Бағым Мұхитденова Димаш Құдайбергенге қатысты бұрын айтқан сөзі жайлы қайта пікір білдірді, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Ол бұл туралы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтып, арадағы түсінбеушілікке нүкте қойды. 

Оның айтуынша, арада 12 жыл өтсе де, әлгі әңгіме басылмаған. Продюсер сол кезеңде Димаш Құдайберген орындаған әннің сапасы жөнінде нақты пікірін білдіріп, оның кәсіби деңгейін емес, орындаған туындының музыкалық тұрғыдан әлсіз болғанын атап өтті.

– Ол жерде менің тұтас айтқан ойым емес, жай бір сөйлем тарап кетті. Содан кейін мен Димашқа жоғары ноталарда ән айтпа дегендей болып қалдым. Ал мен дәл сол әнде шыңғырудың қажеті жоқ екенін айттым. Оның орындаған әні орта деңгейдегі туынды еді. Мен үшін ешқашан жоғары деңгейдегі хит ән болмаған. Мен өз айтқан сөзімнен мүлде бас тартпаймын. Маған одан кешірім сұрауың керек дейтіндер бар. Не үшін екенін де түсінбеймін, – деді Бағым Мұхитденова.

Сұхбат барысында ол «Песни» атты музыкалық байқаудың форматтық ерекшелігіне де тоқталып, ол жерде орындаушы емес, ән сынға түсетінін жеткізді.

– Димашпен де солай болған. Біз ән туралы айттық. Димаш айтқан әнде керек емес дүниелер қолданды. Меніңше, оның таңдап алған әні талғамсыз болды. Оның талантына күмән келтірмеймін. Димаш Құдайберген - әлемдік жұлдыз. Тіпті талқыланбайды да. Ал егер оның таңдап алған әні керемет болғанда, хитке айналатын еді. Олай болған жоқ. Сондықтан менікі дұрыс, – деп түйіндеді ол.