Мәжіліс депутаты телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейгеннін айтты. Бұл туралы Ayqin газетінің "Балалық шақ – экранның ар жағында емес" деген мақаласында жазылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар...
– Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады, – деді депутат.
Оның айтуынша, қазір балалар үйде, құлағында құлаққап, қолында смартфоннан түспейді. Салдарынан олардың ойы таязданып барады. Себебі логикалық ойлау, қиял, шығармашылық – сыртта жүріп, өмірді бақылап, шынайы тәжірибе жинаған кезде дамиды. Телефон оған мұндай мүмкіндік бермейді.
– Экрандағы дайын ақпаратты жай ғана көру – баланың миына дайын шаблондарды сіңіру деген сөз. Әрине, технологияны мүлде жаман деуге болмайды. Смартфон да – құрал. Егер дұрыс пайдаланылса, ол баланың дамуына сеп болуы мүмкін. Бірақ оған бақылау, қадағалау қажет. Баланың жасына сай контент ұсыну, уақытын шектеу, гаджетсіз уақыт өткізуге дағдыландыру – бұл ата-ана мен мектептің негізгі міндеті. Мәселе телефонда емес, мәселе оны кім қалай пайдаланып жатқанына байланысты. Бала гаджетті емес, гаджет баланы басқарып кетсе – міне, мәселе осында, – дейді ол.