Астанада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлықтық дода жалғасып жатыр.
Ауыр атлетика: Қазақстан жалпыкомандалық есепте көш бастады
Фото: ашық апарат көзінен алынды
864
оқылды

Жарыстың кезекті күні 88 келі салмақта ел намысын Ерасыл Сәулебеков қорғаған. Ол жұлқа көтеруде 153, серпе көтеруде 191 келіні бағындырды. Қоссайыс нәтижесі 344 келі. Осылайша, Ерасыл топ басына шығып, алтын жүлдені жеңіп алды.

94 келіде қазақстандық Денис Полубояринов серпе көтеруде 213 келін көтеріп, Азия рекордын жаңартты. Ал қоссайыс қорытындысы бойынша, 376 келіні тіркеді. Сәйкесінше, Денис те Азия чемпионы атанды.

Ал жасөспірімдер арасында 69 келідегі Кира Данилова чемпион атанды.Ол қоссайыс қорытындысы бойынша, 198 келілік зілтемірді көтерді.

Ал жастар арасында 77 келідегі Аянат Жұмағали қола жүлде жеңіп алды. Оның көрсеткіші 217 келі. Осылайша, Қазақстан жалпыкомандалық есепте топ бастады.

Қазақстан қоржынында жасөспірімдер арасында 12, ал жастар арасында 9 алтын жүлде бар.

Еске салайық, Астанадағы Азия чемпионатының жалпы қорытындысы 10 шілдеде белгілі болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты  Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.