Депутаттың айтуынша, елордаға жақын орналасқан Көкшетау қаласы соңғы жылдары халықтың табиғи өсімі мен көші-қон үдерісі есебінен айтарлықтай кеңейіп келеді. Бұл жағдай, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру қажеттілігін арттыра түскен.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін еліміздің 12 өңірінде заманауи оңалту орталықтарын салу жоспарланған. Соның бірі – осы Көкшетаудағы құрылыс. Алайда бүгінгі күні құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілуіне және бюджет тапшылығына байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұр, – дейді Наталья Дементьева.
Депутаттың мәліметінше, ауқымды медициналық мекеме «Сарыарқа» ықшамауданында бой көтеруде. Орталық жылына 1 500-1 800 адамға оңалту қызметін көрсетуге қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 7,4 млрд теңге. 2024 жылға дейін 1,9 млрд теңге игерілсе, 2025 жылы тағы 2,1 млрд теңге бөлінген. Қалған қаржы алдағы екі жылда игеріліп, орталық 2027 жылға қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Орталықтың құрылысы «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында қолға алынған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Бұл жоба тек оңалту саласын дамытумен шектелмейді, облыста әлеуметтік инфрақұрылымды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімдеу бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүруде.
Мәселен, Ақмола облысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерін қамтыған 1 037 нысан бейімделіп үлгерді. Көкшетау қаласы бойынша жалпы 1 720 әлеуметтік нысанның 1 026-сы (яғни, 59,6%) мүгедектігі бар жандардың қолжетімділігіне сәйкестендірілген. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында биыл тағы 192 нысанды бейімдеу жоспарланып, бүгінде соның 32-сі толығымен бейімделді.
Сондай-ақ қалада ерекше қажеттіліктері бар жандар мен зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікпен тегін қатынау мүмкіндігі қарастырылған. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл қызметті 30 мыңнан астам көкшетаулық зейнеткер пайдаланған. Бұл бастамаға депутаттық корпус пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қол жеткізілген.
Осылайша, «AMANAT» партиясы елдегі инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Ал Көкшетаудағы оңалту орталығы – соның айқын дәлелі. Ендігі кезекте жобаның уақтылы аяқталуы мен бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі басты назарда болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы