Мамандардың айтуынша, адамның сеніміне кіріп, оны алдау арқылы қаржысын иемдену – ең кең таралған қылмыс түріне айналған. Алаяқтар әртүрлі әдіс-тәсілдерге жүгініп, азаматтарды сан соқтыруға тырысады. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтар жыл сайын көбейіп келеді. Осыған орай Алматы облысында «Алаяқтыққа жол жоқ» жедел алдын алу шарасы жүргізілді.
Алматы облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Кеңесханұлының айтуынша, жыл басынан бері өңірде 550 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның ішінде, 131 қылмыстық іс аяқталып, 114-і сотқа жолданды.
Ең көп тараған алаяқтық түрлері – банк қызметкері ретінде алдау, онлайн саудадағы және инвестициялық жалған ұсыныстар, сондай-ақ әлеуметтік көмек пен несие сылтаулары.
– Алдын алу аясында 15 ақпараттық акция өткізіліп, 25 000 парақша таратылды, 11 билборд пен LED-экран орнатылды. 120 мектеп, 3 колледж және университетте кибергигиена бойынша сабақтар жүргізілді, 10 мақала, әлеуметтік желілерде 30-дан астам бейнеролик пен үндеу жарияланды, – деді Нұржан Кеңесханұлы.
Сонымен қатар қазір интернет-алаяқтықтың бірнеше жаңа түрі белең алған. Біріншісі, банктік алаяқтық – жалған қоңырау арқылы азаматтарды қорқытып, жеке деректерін алу. Бұл азаматтардың қаржысын заңсыз жолмен иемденуге бағытталған қылмыс түрі. Қазіргі цифрлық дәуірде «банктік алаяқтық» алаяқтықтың кең тараған формаларының бірі болып отыр. Алаяқтар түрлі тәсілді қолдана отырып, адамдарды алдап, олардың банк шоттарына, карталарына және жеке деректеріне қол жеткізеді. Қорғану үшін азаматтар банк немесе құқық қорғау органы ешқашан құпия ақпаратты сұрамайтынын есте сақтауы керек. Сондай-ақ хабарласқан адамға жеке деректерді бірден бере салмай, күдік туындаса, банкпен тікелей байланысқан абзал.
Қазір банктік алаяқтықтың ең кең таралған түрі – онлайн сауда арқылы жасалатын қылмыстар. Алаяқтар интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы жалған тауарлар мен қызметтерді ұсынып, азаматтарды алдап соғады. Олар көбінесе төмен баға немесе шектеулі уақыттағы «жеңілдіктермен» қызықтырып, адамдардан алдын ала төлем талап етеді. Төлем жасалған соң байланыс үзіледі, ал тапсырыс берілген зат ешқашан келмейді.
Сонымен қатар соңғы уақытта жалған инвестициялық жобалар арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп келеді. Бұл әдісте алаяқтар жалған жарнамалар мен жалған уәделер арқылы адамдарды оңай пайда табуға сендіріп, қаржысын заңсыз иемденеді. Жаңа технологиялар дамыған сайын алаяқтық түрлері де күрделеніп келеді. Солардың бірі – дипфейк технологиясын қолдану арқылы адамдарды алдау. Алаяқтар адамның бейнесі мен дауысын жасанды интеллект көмегімен өңдеп, оны туысқаны немесе басшысы сияқты көрсетіп, ақша сұрайды.
Содай-ақ қазір әлеуметтік желіде күмәнді сілтемелер көп таралып жүр. Бұл да алаяқтықтың бір түрі. Фишинг – интернет алаяқтарының ең кең таралған әдістерінің бірі. Бұл тәсіл арқылы олар адамдарды жалған сілтемелерге кіргізіп, олардың логині мен құпия сөзін ұрлайды. Нәтижесінде, азаматтардың банк шоттары мен жеке кабинеттеріне заңсыз қол жеткізіледі.
Елімізде қауіптің алдын алуда пайдаланушыларға консультативтік және техникалық қолдау көрсететін Компьютерлік инциденттерге әрекет ету орталығы (KZ-CERT) интернет алаяқтық пен фишингке ұрынған азаматтарға жәрдемдеседі. Орталық азаматарға алаяқтардан алданбау үшін нені білу керегі бойынша кеңес береді.
Соның ішінде Фишингтен қалай аулақ болуға болатыны ескертілді;
• Сондай-ақ күдікті хаттар мен хабарламаларға абай болу;
• Ақша талап ететін, сыйлықтар ұсынатын немесе Instagram аккаунтыңызды жою немесе бұғаттау қаупі бар хабарламаларға сенбеу тәрізді кеңес айтылды;
• Ал арнайы ескерту жасалар болса, Instagram-нан және Facebook-тен сіздің аккаунтыңыз туралы электрондық пошталар тек @mail.instagram.com және @facebookmail.com; пошталарымен келеді.
Кейбір алаяқтық хаттар алғаш қарағанда өте сенімді болып көрінуі мүмкін. Ондай хаттар ресми стильді қолдана алады және фирмалық логотиптерді қамтуы ықтимал. Құпия ақпаратты ашуға немесе құрылғыға бірдеңе орнатуға қабілетті кез келген әрекетті дереу орындауды талап ететін хатты көрген сәтте аздап кідіртуді ұмытпаңыз.
Осыған орай «Алаяқтыққа жол жоқ» жедел алдын алу шарасы аясында тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға шақырып, күмәнді жағдай туындаса, бірден «102» нөміріне хабарласуды ұсынды.
Көктем ҚАРҚЫН