Солтүстік Қазақстан облысының бір емес, бірнеше аудандарының жұмыс берушілері мүгедек қызметкерлердің жалақысынан жалпы сомасы 16,9 млн теңгеге табыс салығын заңсыз ұстап отырған, – деп хабарлады Aykin.kz сайты.
Прокуратураның араласуымен қаражаттың бір бөлігі қайтарылды. Десе де, прокуратура табыс салығын негізсіз ұстау бойынша салық заңнамасында көрсетілген өзге де өрескел бұзушылықтарды тапты.
2023-2024 жылдары Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша аудандары, сондай-ақ Ғ.Мүсірепов пен Шал ақынның жұмыс берушілері мүгедектігі бар 366 қызметкерден негізсіз табыс салығын ұстап отырған. Оның жалпы сомасы – 16,9 млн теңге. Жалпы, заң жүзінде ондай жұмысшылар табыс салығын төлеуден босатылған.
Ал Есіл ауданында білім бөлімінің басшылары мүгедектігі бар балалардың 24 заңды өкілінен ұсатағаны анықталған. Оның сомасы – 1,7 млн теңге.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Мемлекеттік кіріс органдары жоғарыда аталған адамдарға 6,2 млн теңгеге қайтаруды қамтамасыз етті. Сондай-ақ кінәлі адамдарды заң жүзінде жауапқа тартылатыны жеткізілді.