Шорт-листке 44 жұмыс енді. Жеңімпаздарға «Тұмар» мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы берілді. Айтулы кеште Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Хабар» агенттігіне 30 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы жүлде табыстады.
«Тұмар – 2025» ұлттық телевизиялық бәйгесі биыл 9-шы рет ұйымдастырылып отыр. Марапаттау рәсімі төрт кезеңнен тұрды. «Жылдың ең үздік репортажы» аталымы бойынша МИР телеарнасы «В гостях у кочевников» репортажы топ жарып, жүлдеге ие болды. Ал «Үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама» номинациясы бойынша 24KZ телеарнасы ұсынатын President бағдарламасы үздік номинацияға лайық болды.
QAZSPORT телеарнасының тілшісі Ерік Ерсін – «Ең үздік спорттық комментатор» номинациясына ие болды. Шара барысында ол әріптестерін құттықтап, алғысын айтты.
«Әріптестерді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Үздік спорттық комментаторға лайық көргендеріңізге алғысым шексіз. Қазір қазақтілді спорттық бағдарламалардың саны да, деңгейі де өсіп жатыр. Оған «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тікелей қолдау көрсетіп келеді. УЕФА Чемпиондар лигасының финалын үлкен стадионнан тікелей жүргізіп қайттық. Мақсатымыз – көрерменге ақпаратты дер кезінде көрсету», – деді жүлдегер Ерік Ерсін.
«Ең үздік журналистік зерттеу» номинациясы «АЭС және энергетикалық қауіпсіздік» атты материал ұсынған ATAMEKEN BUSINESS телеарнасына бұйырса, «Жылдың ең үздік телехикаясы» аталымын «31 арна» ұсынған «12:00» телехикасы иеленді.
Ұлттық телевизиялық байқаудың тағы бір номинациясы – «Үздік балалар тележобасы». Бұл номинацияға TURKISTAN TV телеарнасының «Түркістан сақшылары» атты анимациялық фильмі лайық болды. Айта кетейік, үздік шыққан «Түркістан сақшылары» – жасанды интеллект көмегімен жасалған туынды. Тележобаның авторлары – TURKISTAN TV телеарнасының директоры Жанна Жайлаубайқызы және ІТ-маман Ғасыр Құралбайұлы.
«Бала құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының ең маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып келеді. Бұрын интернет бірінші қалаға, кейін барып ауылға жететін. Ал қазір технологиялық мүмкіндіктер екі жаққа да бірдей жылдамдықпен жетеді. «Түркістан сақшылары» –жасанды интелектінің көмегімен жасалған Қазақстандағы медиакеңістіктегі алғашқы мультсериал. Осыны жасау арқылы Түркістандағы технологиялық жетістіктердің соны жылдамдығын көрсеттік. Стив Джобстың оқиғасы кішкентай баладан басталса, ғасырдың оқиғасы медианың кішкентай әрекетінен басталады», – деді TURKISTAN TV телеарнасының директоры Жанна Жайлаубайқызы.
«Тұмар – 2025» ұлттық телевизиялық бәйгесінің «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясына лайық болған JIBEK JOLY телеарнасы «Таза қала» тележобасы болса, «Ең үздік өңірлік телеарна» Saryarqa телеарнасы атанды. Ал «Ең үздік тележурналист» номинациясын QAZAQSTAN TV телеарнасының тілшісі Ақерке Бектас иеленсе, «Ең үздік тележүргізуші» номинациясына «Хабар» телеарнасының тілшісі Мөлдір Доспаева лайық болды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай арнайы жүлде «Еуразия» телеарнасының ұжымына бұйырды. Марапатты Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп тапсырды.
Айта кетейік, «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған. Жеңімпаздар қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Тұмар» мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады.
Сымбат Бауыржанқызы