Тұрсын Алагөзов қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлауына Нұрлан Смағұлов шабыт берген. Бұл туралы кәсіпкер Айсәуле Бақытбектің студиясында қонақ болып, жеке өмірі мен бизнесіне қатысты сұрақтарға жауап берген.
"Қызметкерлеріме пәтер сыйлау идеясы қараша айында ойыма келген. Жазда Нұрлан Смағұлов су тасқыны кезінде оралдықтарға 280 үй салып бергенін оқып, оған қанша кететін шығынды есептедім. Нұрланға қатты риза болдым. Маған түрткі болған сол. Бизнесте ақшаның жетпеуі – заңдылық. Жыл сайын ғимарат пен зауыт салып жатырмыз. Бір мезгіл үй алуға мүмкіндігі жетпейтін әріптестеріміз туралы да ойлауымыз керек”, – деді Тұрсын Алагөзов.
Одан кейін кәсіпкер компания қызметкері жұмыстан шықса да үй өзінде қалатынын сөз етті.
“Егер компания қызметкері жұмыстан шығатын болса, үй өзінде қалады. Әр қызметкердің атына үйді аударып бердік. Бүгін үй алып, ертең жұмыстан шықса да болады. Қызметкерлерге ешқандай талап қоймадық. Әр пәтерге керек дүниелерді сыйлайын деп тұрмын. Кішігірім теледидар, тоңазытқыш алып береміз. Біз қазір осыларды әр пәтерге орналастыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – дейді кәсіпкер.