Маңғыстау облысының жергілікті тұрғындары ескі қорғаныс құрылысын тауып алды. Ол бір қабатты бункер ашық, алаңқай жерде орналасқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың айтуынша, нысанға жерастымен үңгіп, екі жағынан кіруге болады. Тіпті, бункердің желдеткішіне дейін сақталған. Алайда қабырғаларынан ішінде өрт болған секілді. Соған қарамастан есіктерінің қалыңдығы, кез келген соққыға қарсы тұратындай мықтылығы әскери инженерияға қатысы барын көрсетеді.
Нысанның жай-күйі жайында Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді.
"Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, "бомбадан қорғану" деген ұғым жоқ. Керісінше, "азаматтық қорғаныс объектісі" деп аталады. Бұл дегеніміз – халықты қазіргі заманғы зақымдау құралдарының әсерінен қорғауға арналған инженерлік құрылым. Әлеуметтік желілердегі жарияланымдарда бейнеленген нысан азаматтық қорғаныстың қорғаныс құрылымы емес. Әрине, 2020 жылға дейін нысан қорғаныс құрылымы ретінде есепте тұрған. Бірақ кейіннен нысанның құрылымдық элементтеріне зерттеу жүргізіліп, техникалық жағдайына баға беріліп, нәтижесінде оның тозғаны әрі апаттық жағдайда тұрғаны анықталды. Сондықтан адам өміріне қауіп төндірмес үшін оны әрі қарай пайдалануға экономикалық тұрғыдан тиімсіз, – делінген департамент хабарламасында.