Аталған жоба еліміздің бірқатар өңірінде іске қосылып үлгерді. Жоба жетекшісі Айгүл Табергенованың айтуынша, былтыр 11 аймақта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің базасында 18 қызмет көрсету орталығы ашылды. Осы уақытқа дейін 170-тен астам отбасы білікті мамандардың көмегіне жүгінді.
– Биыл «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Біз Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында үш жасқа дейінгі мүгедек балалары бар отбасыларға ертерек қолдау көрсететін алты қызмет ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жас сәбилерді дамытудың аса маңызды кезеңі болып саналады. Орталықта арнайы оқытылған әлеуметтік қызметкерлер уақтылы және білікті қолдау көрсетеді. Сондай-ақ спикерлер ретінде инклюзия саласындағы халықаралық сарапшылар шақырылады, – дейді Айгүл Табергенова.
Жоба облыс әкімдігінің, оның ішінде облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен іске асады. Қолдау қызметі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде қызмет көрсету бөлімшесінің базасында орналасады. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал жұмыстар аяқталғанша қажетті жабдықтар толық сатып алынбақ. Бұдан бөлек, екі әлеуметтік қызметкер арнайы оқудан өтеді. Жаңа қызмет шамамен күз мезгілінде ашылуға тиіс. Барлық көмек тегін көрсетіледі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы