Түс ауа Петропавл қаласына табан тіреген бойда қонақүйге жүгімді қалдырдым да бірден Абылайдың Ақ үйіне бет алдым. Абылайдың Ақ үйі тарихта қазақтың ұлт болып қалыптасуына, сақталып қалуына дәнекер болған жер. Талай тарихи шешім қабылдаған заманның, өткен дәуірдің қара шаңырағы.
Жалаңаш аққайыңдар
2,040
оқылды

Ақ үйдегі ой 

Негізгі іс-сапарым «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының іс-шарасы еді. Алайда алдын ала бір күн ерте келіп, Бас шаңыраққа бас сұғып, тарихи шешім шыққан табалдырыққа тәу еттім. Пет­ропавлға келгендегі менің ең бірінші мақса­тым – осы. Екіншіден, қазақтың ұлы ақыны Мағжан ауылына, Сартомардағы мұражайына барып, ақынның ұстаған, пайдаланған түпнұсқа заттарын көргім келді. Өз қолыммен ұстап, қазақ руханияты жаршысының, жыр Атасының рухын жүрекпен сезінуді қаладым. 

– Қиын күн туған алаш баласына, 

Шұбырып жапанның жар даласына, 

Кез болған жаудан үркіп «Ақтабанға» 

Дұшпанның қонғандай боп табасына. 

Арқаға аяқ салып, түскен барып, 

Екі оттың – орыс, қытай арасына. 

Күндерде сонау-қара, тапсырған ел, 

Тағдырын Абылайдай данасына. 

Сол күнде ел қорғаған Абылайдың 

Қылсаң да аз тәуеп етіп моласына, – деп Мағжан жырлаған хан Абылайдың Ақ үйінің алдындағы асқақ ескерткіштің алдында тұрғанда осы өлең жолдары есіме түсті. Ат үстіндегі хан Абылайдың айбатты мүсіні халқының қайсар рухын, ештеңеден тайсалмайтын өжет болмысын дәлелдеп тұрғандай. 

Ақ үй аталуы да тегін емес. Мұнда ел мен жердің тұтастығын сақтап қалу жолында тарихи келіссөздер жүргізілген. Ақ ордада хан Абылай жоңғар билеушілерімен, Қытай империясы, Ресей патшалығының елшілерімен кездесуде қазақ елінің саяси және экономикалық мүддесін қорғаған. Абылай хан мәмілешілдігінің, шебер маневр жасауының арқасында елдің шығыс шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды. Хандық басқару тәсілінің мықтылығымен қазақ мемлекетін халықаралық деңгейде таныта алды. Ресеймен қарым-қатынасты саяси құрал ретінде пайдалана отырып, ішкі тұрақтылық пен сыртқы қорғанысты нығайтуды мақсат етіп, оны ішінде бүгіп қалып, ойын ашықтан-ашық жария етпестен әрбір кездесулерде елге тиімді, ел тәуелсіздігі стратегиясынан ауытқымай әр сөзін, қадамын есеппен басып, дипломатиялық әрекеттерге жол ашты. 

 

Мағжан ауылына сапар

Әйелдер қанатының іс шарасы өтетін күн белгілі болды. Бос уақытты пайдаланып, таң алакеуімде Мағжан ауылына жолға шықтым. Барынша жылдамдықты үдетіп зуылдап келеміз. Рөлдегі егде тартқан Төлеген есімді азамат. Аудандық партия филиалының төрағасы жол жөнекей елді мекендер жөнінде айтып берді. Құдайдың құдіретін қайтерсің тасжолдың екі шетіне екі көл біткен. Бірі – Тұзды көл, екіншісі – Тұзсыз көл. Заманында екі көл қосылып жатқан деседі. Кейінірек суы тартылып, азая бастаған соң арасынан тасжол салған. Жолдың екі шетінде аққайыңдар мен бірлі жарым қылқан жапырақты қарағай самсап тұр. Аққайыңның сұлулығын қандай ақын жырламады десейші. Жапы­рағы жұмыртқа пішінді, жиегі ара тісті, ұсақ бұтағы жұптап орналасады. Ең қызығы, аққайың көктемде сәуірдің аяғы мен мамырдың басында жаңғақ ағашы­нан кейін гүлдейді. Аналық пен аталық гүлшоғыр тозаңын жел көтергенде айнала ақ ұлпаға бөленеді. Гүлдері де кәдімгі балауса қыздың сырғасына ұқсайды. Табиғатқа тамсанып отырып, Сарытомарға да жақын­дап қалсақ керек. Аққайыңдар тоғайы бірте-бірте жапырағы селдір жалаңаш қайыңдарға айнала бастады. Жаңағы керемет әдемі көрініс зым-зия. 

Қайғылы қайың! 

Аяныш жайың, 

Сыбырлайсың, 

Дірілдейсің, 

Еңкейесің, 

Күбірлейсің, 

Ызғарлы жел 

Соққан сайын, – деп Мағжан жырға қосқан аққайыңның жапырақсыз сұрқын көргенімде ішкі дүнием жылап қоя берді... 

Сартомар ауылында 205 қана тұрғын бар, 210 орынды мектепте 62 оқушы оқиды. Ал Молодежное ауылында 197 тұрғын ғана қалыпты. Ауылдағы үш қабатты 600 орынды мектепте бастауыш сынып қана білім алады. Жас біткеннің ағылып қалаға кеткені жаныңды ауыртады. Қазір ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлерге беріліп жатқан жеңілдік осыдан он жыл бұрын берілгенде ауылдан жапа-тармағай көшу болмас па еді... Солтүстіктің майлы қара топырағы құнарлы, егіншілікке де, мал шаруашылығын өркендетуге де қолайлы. Қасымда жол көрсетіп алып жүрген азамат Төлеген Әлжанұлы 2003-2012-жылдары осы округте әкім болған. Оның айтуынша, сол уақытта жеті жүзге жуық ауыл тұрғыны елу шақты шаруа қожалығын құрып, жұмыс істепті. Ал қазір ахуал басқа. 2000 жылдан бастап ауылға көшіп келушінің дені Қытайдан келген қандас болса, соңғы үш жылдың көлемінде алты отбасы оңтүстік өңірден қоныс аударыпты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылы республика бойынша жұмыс күші артық өңірден еңбек тапшылығы бар өңірге көшіру үшін 6 727 квота бөлді. Оларға қолдау көрсететін 7 облысты айқындады. Жалпы, 2 024 жылы 7 облысқа 7 050 квота бөлінген. Соның ішінде Солтүстік Қазақстанға Түркістан облысынан 197 отбасы, 694 адам қоныс аударды. Өзекті мәселені көріп, көз жұмбай, қалам тербедім. Бұл менің емес, Мағжан туған өлкенің мұңы.

...Мағжан Жұмабаев мұражайының директоры Айгүл Теңдікқызы мұражайдағы жәдігерлерді тәптіштеп таныстырып жатыр. Өз ісін жақсы көретіні дауыс ырғағынан-ақ білініп тұр. Мағжан жатқан кереует, тұтынған жайнамаз, Мағжанның әкесінің қажылықтан алып келген Құран кітабын қолыма ұстап тұрып ойға шомдым. Мағжанның «Есімде тек таң атсын» өлеңі ойға оралып, тереңіне бойладым. 

Мезгілше, мейлі келсін, тісі батсын, 

Сұр жылан, өзі оятар, қатты шақсын. 

Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз, 

Көрелік төңіректі, тек таң атсын! 

Таң да атты, Тәуелсіздіктің ақ шамының жарығын да көріп жүрміз. Бірақ рухты шыңдап жүрміз бе? Мағжан аллеясындағы кітап ескерткішіне үнсіз көз тастадым. Мағжан ашып кеткен кітапты әрі қарай мәйегін мүжи парақтай алдық па? 

Мағжанның әкесінің қабірі Петропавл қаласындағы саябақта жерленген. Қаланың қақ ортасында болған соң ескі қабірлерді сүріп, жаңа нысан салып тасталмағанына риза болдым. Адамдар жиі келетіні байқалып тұр. Қабірдегі шөптерді жұлып, тазалап жатып, анамнан естіген «Топырағың жеңіл болсын» деген сөзді айтып, топырағын аудардым. Артынша Мағжанның « КЕЛЕШЕК», «КЕШЕ», «БҮГІН» өлеңін көкейімде жаңғыртып, жолға шықтым. 

«Келешек» пенен «кеше» – анық, 

« Бүгін» деген бір бу ғой. 

Бұлт басқан беті нұрланып, 

«Келешек» деген күн анық. 

Өткен кеше ұрланып, 

Естен кетпес бір у ғой. 

«Келешек» пенен «кеше» – анық, 

«Бүгін» деген бір бу ғой. 

Расымен, келешек кешегі мен бүгіннің қосындысы. Ақынның туған жерін көріп, өзі жырлаған аққайыңның саясында отырдым. Олар да өткен мен бүгіннің жырын жырлайтындай. Тек мен олардың тілін түсінбедім. Біз алыстаған сайын Мағжанның өлкесі де «қимай» тұрғандай. Мен де санаулы тұрғыны бар теріскейдегі ауылдың оты сөнбесе екен деп тіледім. 

 

Қалыйма Жантөреева,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары