Шараға ХОК мүшелері, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен халықаралық серіктестер сияқты 700-ден астам қонақ қатысты.
Халықаралық Олимпиадалық комитетке жаңа президент сайланды
274
оқылды

23 маусым күні Халықаралық Олимпиада күнінде, Лозанна қаласындағы Олимпиада үйінде Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) президентінің өкілеттігін табыстау рәсімі өтті. 2013 жылдан бері ХОК-ты басқарған Томас Бах өз өкілеттігін ресми түрде Зимбабведен шыққан жүзуден екі дүркін олимпиада чемпионы Кирсти Ковентриге тапсырды. Жаңа президент түн ортасында өз қызметіне ресми кіріседі, - деп хабарлайды Aikyn.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ковентри ХОК-тың тарихындағы оныншы президент және алғашқы әйел, сондай-ақ бұл лауазымға тағайындалған Африка құрлығының алғашқы өкілі атанды. Ол биыл наурыз айында Грекияның Олимпия қаласында өткен ХОК-тың 144-сессиясында сегіз жыл мерзімге сайланған болатын.

Салтанатты рәсім барысында Томас Бах Олимпиада үйінің кілтін Ковентриге салтанатты түрде табыс етті.  Бұл ХОК-тағы басшылықтың ауысуын білдіретін дәстүр. Кілтті 1992 жылғы Барселона Олимпиадасының алауын жасаған испан дизайнері Андре Рикар әзірлеген. Шараға ХОК мүшелері, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен халықаралық серіктестер сияқты 700-ден астам қонақ қатысты.

Семсерлесуден Олимпиада чемпионы, ХОК-тың тоғызыншы президенті Томас Бах ұйымның ең жоғары марапаты – Алтын Олимпиадалық орденімен марапатталды. Қоштасу сөзінде ол әріптестеріне алғыс білдіріп, өз шешімінің маңызын атап өтті:

«Жаңа кезең – жаңа көшбасшылықты талап етеді. Кирсти Ковентри – өмірі олимпиадалық құндылықтармен біте қайнасқан тұлға. Ол ұйымға жаңа үн мен тың көзқарас әкеледі – бұл болашақ үшін аса маңызды», – деді Бах.

Ковентри өз сөзінде Бахқа 12 жылдық еңбегі үшін, Олимпиадалық қауымдастықтағы бірлік пен қолдау үшін алғысын білдірді:

«Сіз бізге “бірлік” идеясына негізделген мұра қалдырдыңыз. Біз бұл мұрамен мақтана аламыз деп сенемін. Ең қиын кезеңдерде де сіз құндылықтарға адал болдыңыз. Сізге алғысым шексіз».

Ол сондай-ақ спортшылар комиссиясының мүшесі ретінде Бахпен алғашқы кездесуі, бапкері мен отбасының спорттағы жолындағы маңызы және балалардың оған Олимпиадалық қозғалыстың мәнін еске салып отыратыны жайында да айтты:

«Олимпиадалық қозғалыс – бұл жай ғана спорттық шара емес. Бұл – шабыт беретін, өмірді өзгертетін және үміт сыйлайтын алаң. Бөлінген әлемде ол – біріктіруші күш бола алады».