Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Пресновка ауылында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Сөз зергері – Сәбит» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Қарымды қаламгер, әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын бақ сынады.
«Сөз зергері – Сәбит»
324
оқылды

Өз кезегінде, аламан айтыстың тізгінін ұстаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай төл өнеріміздің мәні мен маңызына тоқталды.

«Солтүстік Қазақстан өңіріндегі айтыс өнері биік деңгейімен, аймақтағы ақындардың жоғары дайындығымен және олардың орамды ойымен ерекшеленеді. Бүгінгі дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтулы ақындар бас қосты. Бұл – сөз өнерінің қастерлі тойы. Осы өңірдің төл өнерімізге – айтыстың дамуына қомақты үлес қосқаны анық. Қастерлі топырақта талай дарынды ақындар кіндік кесіп, түлеп ұшты. Бүгін киелі сах­нада ұлттық рухымыз аспандап, мәдениетіміз бен өнеріміздің мерейі асқақтайды деген ойдамын», – деді Аманжол Әлтай.

Осы орайда «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов партия рухани қазынамызды еселеу жолында ауқымды жұмыс атқарып келе жатқанын жеткізді. 

«Айтыс – халқымыздың рухани тамы­рынан нәр алған асыл өнер. Бұл – ұлттың дауысы, келешекке деген сенімінің белгісі. «AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жо­басы аясында рухани қазынамызды жаң­ғыртуды және жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятуды басты міндеттерінің бірі ретінде белгілеп отыр. Бүгінгі айтыс – осы мақсаттың айқын көрінісі. Біз мәдени мұрамызды сақтай отырып, мемлекетіміздің тұғырын бекем­дей түсеміз», – деді Жеңіс Асанов.

Қазылар алқасының төрағасы – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Ғалым Жайлыбай. Сондай-ақ қазылар алқасының құрамында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов, сонымен қатар Қойлыбай Асанов, Серік Қа­ли­ев және Дәстен Бай­мұқанов сынды белгілі ақындар, сөз өнерінің майталмандары болды.

Бұл ретте, Жамбыл ауданының әкі­мі Азамат Бектасов жазушы Сәбит Мұқа­новтың өрнекті өмір жолы осы өлкемен тығыз байланысты екенін ерекше атап өтті.

«Сәбит Мұқанов – Жамбыл ауданының төл перзенті. Біз мұны әрдайым мақтан тұ­тамыз. Оның әдеби мұрасы – тек тарих қана емес, халықтың жанын, рухын бейнелейтін асыл қазына. Бүгінгі айтыс – сол мұраның жалғасы, сөздің әлі де қоғамды біріктіретін, шабыттандыратын, дәуір үнін жеткізетін күш екенін дәлелдеп отыр», – деді Азамат Бектасов.

Нәтижесінде, бас жүлдені Жарқын Жұпархан (Солтүстік Қазақстан облысы) иеленді. Ал жүлделі 1-орын Мақсат Ахановқа (Қарағанды облысы) және Мұхтар Ниязовқа (Қызылорда облысы) бұйырды. 2-орынды Өміржан Көпбосын (Ұлытау облысы), ал 3-орынды Әсем Ереже­қызы (Абай облысы), Жұлдыз Қожабе­кова (Ақтөбе облысы) және Дәурен Ақ­са­қалов (Түркістан облысы) қанжығалады.