Құлақ тұндырған қошемет, ата-аналардың көз жасы: ерекше білім беруді қажет ететін 28 жасөспірім кәсіптік оқудан өткені туралы алғашқы куәліктерін алды. Олар «AMANAT» партиясының қолдауымен Bolashak Charity қоры жүзеге асырған «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасының түлегі атанды. Бес ай Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде білім алған балалар «Аспаз», «Кондитер», «Тігін өндірісі және киім моделі» бағыттары бойынша дағдыланды.
Кәсіптік білім – әр балаға
165
оқылды

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев бұл жай ғана әлеуметтік жоба емес, қоғамның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасын өзгерту жолында жасалған нақты қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек екенін айтқан болатын. «AMANAT» партиясы Президенттің инклюзивті қоғам құру жолындағы байыпты бағытын ұстанады. Соған сәйкес, әрбір адам, физикалық немесе психикалық ерекшелігіне қарамастан, дамуға тең құқылы. Біз жалаң сөзбен шектелмейміз: «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырамыз, заңнамаларға баста­ма­шылық етеміз, осыған ұқсас жобаларға қол­дау көрсетеміз. Сахнаға шыққан бала­лардың жанарындағы жалынды көріп, қолға алып жатқан жұмысымыздың мәні мен маңызына көз жеткізудеміз», – деді ол.

«Оқу-өндірістік комбинаттар» жоба­сының мақсаты – дағдыландыру ғана емес, дамуында ерекшелігі бар жасөспірімдерге өздерін сұра­нысқа ие әрі тәуелсіз сезінуге көмектесу. Оқу барысында олар қолөнерді игерді. Ең бастысы, олардың өз-өзіне деген сенімі пайда болды. Оқытушыларымен және құрбы-құрдаста­ры­мен қарым-қатынас жасауды үйренді.

Bolashak Charity қорындағы Қам­қоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан бүгінде ақыл-ой кемістігі бар жасөспірімдерге кәсіптік білім беру мәселесі өте өзекті екенін атап өтті. Себебі тоғы­зыншы сыныптан кейін олардың басым көпшілігі оқуын жалғастыра алмайды. Өйткені колледж бағдарламалары мұндай ерекше балаларға арналмаған.

«Соған байланысты, қор серіктестермен бірлесіп колледждер базасында оқу-өндіріс­тік комбинаттардың моделін қолға алды. Онда ерекше білім беруді қажет ететін жасөспірімдер мен ересектер тәжірибе арқылы түрлі мамандықты игереді. Бір жарым жылда 70-ке жуық адам оқытылды. Ақыл-ой кемістігі бар адамдарға арналған кәсіптік білім беру ісін дамытуға ТжКБ-дағы оқу бағдарламаларын бейімдеу қадамы айтарлықтай көмек болар еді. Яғни, білім алушылардың ерекшеліктерін ескере отырып, біздің ОӨК моделіне сәйкес, теориялық бөлімді қысқарту, оқу бағ­дарламаларын тәжірибеге негіздеу қа­жет», – деді ол.

«Наубайшы» бағыты бойынша оқыту курсынан өткен аутизмі бар түлектің әкесі Елдос Иманбаев өз оқиғасымен бөлісті. Ол ұлының сабаққа ерекше құлшыныспен барғанын, пісірген нанын үйге шын мақ­танышпен алып келгенін және осы уақыт аралығында қаншалықты өзгергенін айтты.

«Бұл – жай курс емес, мектеп пен ересек өмір арасындағы көпір. Ұлым тек тағам пісіруді ғана емес, сонымен қатар команданың бір мүшесі болуды, тыңдауды, тапсырма орындауды үйренді. Өз-өзіне деген сенімі пайда болды. Біз, яғни ата-аналар үшін бұл баға жетпес бақыт», – деді ол.

Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» пар­тиясының басты басымдықтарының бірі. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында медициналық мекемелердің электрондық құжаттары негізінде мүгедектікті белгілеу үдерісі заңнамалық түрде бекітілді; мүгедектігі бар адамдар үшін тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруге арналған Aleumet қосым­ша­сы іске қосылды; ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам жұ­мыспен қамтылды; дамуында ауытқулары бар және олардың пайда болу қаупі бар кішкентай балаларға арналған 8 ерте араласу орталығы ашылды; мектептерде 63 инклюзияны қолдау кабинеті жұмысын бастады. Партиялық рейдтер нәтижесінде Инте­рактивті қолжетімділік картасына енгі­зілген 42 мыңнан астам әлеуметтік ны­санның 44%-дан астамы бейімделді. Сонымен қатар биыл 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәр­­демақы мөлшері көбейтілді.

Еске сала кетейік, «Ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдер мен ере­сектерге арналған оқу-өндірістік ком­бинаттар» жобасы 2024 жылы бастау алды. Сол жылы ерекше білім беру қажеттілігі бар 34 жасөспірім оқыту курсының түлегі атанды. Олардың арасындағы 10 түлек колледжге түсіп, оқуын жалғастыруда. Ал 8 жасөспірім түрлі ұйымда тағы­лым­дамадан өтіп, олардың 3-і жұмысқа орналасты.