Астана қаласында кезекті С5+1 форматындағы ІІ «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті. Тәуелсіздік сарайындағы халықаралық жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты.
Мәңгі достық пен стратегиялық серіктестік саммиті
252
оқылды

Саммитті ашқан Қазақстан Прези­денті ҚХР Төрағасына және Қырғыз­стан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өз­бекстан басшыларына ілтипат біл­дірді. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынты­мақ­тастыққа ниет танытқаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айт­ты. Сондай-ақ Саммит жұмысына бел­сене атсалысып, өңірлік ынты­мақ­тас­тыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жат­қан бауырлас мемлекеттердің бас­­­­­шыларына ризашылығын жеткізді.

– Жиынға қатысып отырған Орта­лық Азия мемлекеттерінің өзара се­ні­мі мен ортақ күш-жігерінің нәти­же­сін­де тату көршілік қарым-қатынасқа, дос­тық пен қолдауға арқа сүйеген ын­тымақтастықтың бұрын-соңды бол­маған үлгісі қалыптасты. Осы рет­те аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқым­ды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қаты­нас­тар­дың, сондай-ақ сауда-экономи­ка­лық, инвестициялық және гуманитар­лық ынтымақтастықтың маңызды су­бъектісі ретінде өз позициясын бір­те-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Рес­пуб­лика­сымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серік­тес­тік деңгейіне көтерілгеніне баса назар ау­дарғым келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, қолда бар мүмкіндікті бірік­тіру Қытаймен қарқынды әрі өза­ра тиімді ынтымақтастыққа тың сер­пін береді.

– Орталық Азия мемлекеттерінің іш­к­і жалпы өнімінің көлемі жарты трил­лион доллар межесіне таяп қалды. Соң­ғы бес жылда өңірдегі сауда айна­лы­мы айтарлықтай ұлғайып, 10 мил­лиард доллардан асты. Өткен жылы біз­дің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – ре­кордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Елі­міз­дің Қытаймен тауар айналымы 44 мил­лиард долларға жетті. Қытай ин­вес­тициясы Қазақстанның эконо­ми­ка­лық өсіміне маңызды үлес қосып ке­леді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капи­та­лы­ның үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұ­мыс істейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Қы­тайдан кең көлемде инвестиция тар­туға бағытталған саясатынан ай­ны­майтынын растады.

– Қазақстанда экономикалық өсім­ге серпін беретін тың мүмкіндіктер қа­растырылып жатыр. Әсіресе, Қы­тай­мен бірлескен жобаларды іске қо­су­ға, тауар номенклатурасын кө­бей­тіп, көршілес ел нарығында сұра­ныс­қа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерек­ше мән беріледі. Өңделу деңгейі төр­тінші сатыға сай, қосылған құны жо­ғары өнім шығаратын техноло­гия­лық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнем­деу әзірлемелерін қолданысқа ен­гізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай ком­па­ниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісі­не атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықара-лық ше­кара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбе­гінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қам­тамасыз ету барлық ел үшін стра­те­гиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты.

– Еуропа мен Азияның ірі өңірле­рін жалғауда Орталық Азия басты ло­­­гистикалық хабқа айналып келеді. Был­тыр Қытайдан Орталық Азия ел­дері арқылы тасымалданған жүк кө­ле­мі 12 пайызға артып, 211 мың кон­тей­нерден асты. Қытайдан Еуропаға құр­лық жолдарымен жөнелтілетін жүк­тің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты кү­шей­туге және Орталық Азия айма­ғы­ның бәсекелестік артықшылығын ба­рынша пайдалануға ерекше мән бе­реміз. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» ме­га­жобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай – Батыс Еу­ропа», Транскаспий халықаралық кө­лік дәлізі және «Солтүстік – Оң­түс­тік» секілді маңызды транзиттік ба­ғыт­­тармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартым­ды­лы­ғын арттыру үшін Каспий теңізін­де­гі айлақтарды жаңғырту және цифр­лан­дыру, жүк терминалдарын салу, сон­дай-ақ жүк кемелері өндірісін жол­ға қою бойынша жүйелі шаралар қа­былдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» пор­тында жүк терминалын бірігіп салу­ды ұсынамыз, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы ықпалдастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі ретінде атады.

– Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн. Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын» құру бастамасына жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл теңқұқылы серіктестік, ортақ игілік пен өзара құрмет қағидаларына толық сай келеді. Мемлекет басшысы аталған ұстанымдар бүгінгі Саммит қорытындысы бойынша қол қойылатын «Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартта» көрініс табатынына сенім білдірді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдас­тық мекені болғанын қалайды. Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші-қонмен және адам саудасымен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір. Халықаралық киберқылмыстың өршуі айрықша назар аударуды талап етеді. Осыған орай Президент салалық ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтас­тықтың жоғары қарқынына тоқталды. Мәдени орталықтардың ашылуы, креа­тивті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.

– Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады. Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.

Қазақстан білім беру инфрақұрылымын жасақтауға және жаңа технопарк­тер ашуға белсенді түрде кірісті. Осы орайда Қытайдың алпауыт технология­лық компанияларының қатысуымен бірлескен зертханалар мен инженерлер академиясын іске қосуға бейіл. 

Президенттің пікірінше, кәсіби мамандардың жаңа буыны өңірдің цифрлық, «жасыл», индустриялық трансформациясына түрткі болатын қозғаушы күшке айналады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деп санайды. Президенттің пікірінше, бүгінгі Саммит елдеріміздің тату көршілік қатынасты, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты дамуға мүдделі екенін растады. Мемлекет басшысы жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ ортақ күш-жігер жұмылдырудың нәтижесінде «Орталық Азия – Қытай» форматын институттандыру ісі табысты жүзеге асқанын атап өтті.

Екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қырғыз Рес­публикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.

Айта кетсек, ІІ саммит қарсаңында елордада Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Атап айтқанда, «Орталық Азия – Қытай: Энергетика» форумы өтті. Онда Қытай компанияларының қатысуымен елімізде жаңартылатын энергия бойынша 30 жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Ал «Орталық Азия – Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Қытай жалпы сомасы 25 миллиард АҚШ долларына жуық шамамен 60 түрлі келісімге қол қойды. Бұдан бөлек, Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумы ұйымдастырылды. «Орталық Азия – Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті.

«Орталық Азия – Қытай» саммиті енді екі жылдан кейін Бейжіңде өтеді. Бұл туралы формат Хатшылығының Бас хатшысы Сунь Вэйдун Астана саммитін қорытындылаған мәлімдемесінде айтты. Сондай-ақ ол Астана саммитінің ұйымдастырылу деңгейіне тоқталды.

– Орталық Азия елдерінің президенттері екіжақты кездесулер өткізді. Онда өзара сенімді нығайту және ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды. Тараптар Қазақстанға екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Тараптар үшінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті 2027 жылы Қытайда өтеді деп келісті, – деді Сунь Вэйдун БАҚ өкілдерінің алдында оқыған мәлімдемесінде.

Естеріңізде болса, І «Орталық Азия – Қытай» саммиті 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Қытайдың екінші саммитін Қазақстанда өткізуге әзір екенін жеткіз­ді. Саммит қорытындысында Сиань дек­ларация­сына қол қойылып, екінші саммитті 2025 жылы Қазақстан өткізу туралы шешім қабылданды. Сөз соңында саммитке қатысты сарапшылар пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитіне  түрлі сарапшылар да айырықша назар аударды. Мамандар  жиында «Бір белдеу – бір жол» жобасы транзиттік сипаттағы ғана емес,  тұтас экономиканы алға жылжытатын кешенді  бастама екеніне  назар аударды.  Қаржы  сарапшысы Айбар Олжай 2025 жылдың алғашқы 5 айында  Қазақстан экономкиасының  күтпеген  жерден 6% көрсеткенін осы жобамен бай­ла­ныс­тыр­ды. Ол 2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Астанада «Бір белдеу – бір жол» жобасын ресми таныстырып, серіктестер іске кіріскенін айта келе, 12 жылдан кейін жобаның экономиканы  алға сүйрей бастағанын айтты. Ал саясаттанушы Қазбек Майгелдинов С5+1 форматын қазіргі геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған кезеңде тұтас Орталық Азия мен Қазақстанға ірі державалар арасында нақты теңгерімді сақтай отыра, ұлттық мүддесін қорғауға мейлінше мол мүмкіндік беретін бастама деп ба­ғалап отыр.

Айбар ОЛЖАЙ, қаржы сарапшысы:

– Араға 12 жыл салып, осы жо­ба қазақ экономикасын құт­қа­рып жатыр. Мұ­най тұралап тұр­ғанда, Қы­тай­дан Еуропаға баратын теміржол сос­тавтары еселеп артып, біздің көлік са­ласының бір жылда 22 пайызға өсуін қамтамасыз етті. Осы логистика саласы бүкіл экономикаға жан бітіріп, кем дегенде +2 пайызды өзі алып келді.

Енді Астанада өткен Орталық Азия мен Қытай арасындағы суперфорумда жаңа есіктердің ашылып жатқанын да сезіндік. Қытай теміржолдан әрі аттап, технологиялық белдеуін іске қосатынын аңғартты. Себебі біз өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз деген ойымызды жеткізгенде, Қытай оған дайын болып шықты. Ар жағында Тайваньмен тірес санкция мен блоктық бөлінуге әкелсе, Қытайдың қазақ жеріндегі өндірістік қуаттары санкцияға ілікпей, саудасын жасай береді деген есептің бар екені анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты.

Соңғы жылдары Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда айналымы қарқынды өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 95 миллиард АҚШ долларына жетті. Осының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Қазақстан экспортының құрылымында мұнай, мыс, уран, металлургия өнімдерімен қатар қайта өңделген агроөнімдердің үлесі артуда.

Астанадағы суперфорум Қазақстанға 24 миллиард доллардың келісімшарттарын алып келді. Олар энергетика, құрылыс, машина жасау, логистика, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, білім беру және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды. Енді баяғыдай мұнай, газ, көмір, шикізат деген әңгіме жоқ. Біз өзара жұмыстың басқа технология­лық кезеңіне көшіп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан алыптар арасындағы өз жолын тапқан мемлекетке айналайын деп тұр.

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы:

– Бүгінгі таңда Қазақстан «Орталық Азия+» жиындарының орталығына айналып келеді деп нақты айта аламыз. Өйткені еліміздің астанасы түрлі аймақтық саммиттерді ұйымдастырудың көшбасшысына айналып отыр. Мысалы, институционалды түрде қарайтын болсақ, бұған дейін С5+1 саммиттері Сыртқы істер министрлері деңгейінде өтіп келген болса, 2023 жылы Қытай трендті бастап берді де, одан кейін АҚШ, Ресей, тіпті Еуропа мемлекеттері де осы президенттер деңгейіндегі форматқа көшуді ыңғайлы санай бастады. Яғни, бүгінде біздің еліміз Орталық Азиядағы кооперацияның, мемлекетаралық ынтымақтастықтың күшеюіне барынша қозғау салып отыр. Нақты цифрлармен қарайтын болсақ, мысалы, 2022 жылы «Еуропа Одағы – Орталық Азия» жиыны Астанада өтті, былтыр Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиыны Астанада өтті. Биыл CA+ саммиттері өтуде. Одан бөлек, келесі жылы аймақтық Климат саммиті де осында жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, С5+1 форматының Орталық Азияны тұтас аймақ ретінде қалыптастырудағы рөлі артып келе жатыр.

Жалпы, «Орталық Азия+» форматы 10-нан астам бағытта жұмыс істеп жатыр. Олар – АҚШ, Қытай, ЕуроОдақ, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Түркия, Таяу Шығыс елдері, енді міне жақын арада Италия да қосылды. Бұл геосаяси турболенттік кезде Орталық Азия ірі державалардың басты назарына ілігіп, олардың мүдделері ойысқан аймаққа айналып отырғанын білдіреді. Мұнда көптеген артықшылықтар бар. Біріншіден, ол экономикалық пайда алып келеді. Мәселен, инвестиция ағынының артуы, технологиялық трансферттердің жеделдеуі, қандай да бір мақсаттарға қол жеткізу мүмкіндіктерінің кеңеюуі және әрине, ең бірінші кезекте транзиттік дәліздердің дамуы. Бұл экономикалық тұрғыда өте үлкен артықшылық береді. Саяси тұрғыда да ұтарымыз көп. Мысалы, Қазақстанның жүргізіп отырған көпвекторлы дипломатиясы шын мәнінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. Яғни, ірі державалар болсын, аймақтық көшбасшылар болсын, барлық тараптармен тепе-тең, өзара мүдделі қарым-қатынас дамып келеді. Одан кейін бұл еліміздің геосаяси тәуелсіздігінің артуына да тікелей әсер етіп отыр. Әрі аймақтық көшбасшы ретіндегі позициямыздың нығаюына да нақты қосып отырған үлесі бар.

Ресей мен Қытайдың қазір аймақта қандай да бір артықшылықтары бар екені сөзсіз. Олар – ортақ шекаралардың болуы, Орталық Азия аймағына жақындығы және тағы да басқа. Қазіргі таңда Қытай өңірдің нөмірі бірінші сауда серіктесіне айналып, Ресейді басып озып отыр. Өйткені санкциялық саясаттың, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың әсерінен Қытайдың рөлі артып отырғанын көріп отырмыз. Алайда Еуропа Одағы, АҚШ, Жапония, Түркия сияқты басқа да елдердің бәсекелестігі күшейе түскенін жоққа шығармауымыз керек. Себебі бүгінде біздің аймаққа сирек металдарды игеру бойынша қызығушылық артып отыр. Барлық тараптар озық технологияларға керек шикізаттарға баса ден қоюда.

Қорыта айтқан кезде, Қазақстан қазір шын мәнінде С5+1 форматының көшбасшысына айналды, оған оның география­лық орналасуы мен дипломатиялық белсенділігі де тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі геосаяси ахуалда бұл Қазақстанға ірі державалар арасында нақты теңгерімді сақтай отыра, ұлттық мүддесін қорғауға мейілінше үлкен мүмкіндік бермек. Бір сөзбен, Қазақстан жаңа «Ұлы ойын картасында» енді пассивті ойыншы емес, белсенді геосаяси субъектіге айналып келеді деп ашық айта аламыз.

Дайындаған Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ