Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясының депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жұмыссыздық мәселесі де жүйелі шешімін таппай отыр.
Үкіметтің мәлімдеуінше, дәл қазір елімізде орташа жалақы – 423 мың теңге, яғни 830 доллар деген мәлімдемесіне сенім жоқ.
Мысалы, елімізде дәл қазір 3 миллион адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?! Меніңше, бұл санның арифметикасын Үкімет былай есептейтін сияқты. Мысалы, Асан 1 миллион теңге жалақы алса, ал Үсен мен Есен 100 мың теңгеден алады. Сонда үшеуіне шаққанда орташа жалақы 400 мың теңге болады.
Елімізде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайызды құрап отыр. Тіпті пандемия кезінде Еуропаның ірі мемлекеттерінде жұмыссыздық көрсеткіші 17 пайызға дейін өссе де, ал Қазақстанда сол баяғы 4,5 пайыз, яғни өзгермейтін 451 мың жұмыссыз адам.
Ал еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыс істеп жүр. Яғни, олар – қажетті салықтарын, жарналарын уақтылы төлейтін санат.
Ал қалғандары қайда?! Олардың көбі уақытша жұмыспен нәпақасын табуда.
Меніңше, пандемия уақытында 42 500 теңгеден көмек алған – 4,5 миллион халықты әлі күнге дейін нақты жұмыспен, не кәсіппен қамтамасыз ете алмай келеміз.
Ел болып табатынымыз, яғни жалпы салықтық түсім – 13,5 трлн теңге болса, ал шығысымыз – 25,7 триллион теңге. Яғни, біз жыл сайын тапқан табыстан шамамен екі есеге артық жаратамыз.
Екі жылдың ішінде халықтың банктерге тұтынушылық несие қарызы – 25 триллион теңгеге жеткен. Бұл – еліміздің бюджетіне пара-пар сома. Яғни, біз қарызға өмір сүріп жатырмыз.
Елімізде ауыл тұрғындарының табысы қаламен салыстырғанда 2 есеге аз. Сондай-ақ, 85 мың теңге жалақы алатындардың 1,2 миллионы – ауыл тұрғындары.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев азық-түлік бағасының қымбат екенін айтқан болатын.