Мәжіліс отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебі жан-жақты талқыланды.
Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймай, әрбір отбасы сезінуі керек – Ерлан Қошанов
Фото: parlam.kz
416
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, бұрын бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты біраз сұрақ туындайтын.

Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер бар. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді.

Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасалулары керек. Жоғарыдағы сын-ескертпелердің біразы бұрыннан айтылып жүр. Бұл – жүйелі проблемалар. Олар жүйелі шешімді қажет етеді. 

Әрине, сынау да керек. Бірақ осы мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы да бүгін айтуымыз керек деп ойлаймын. Депутаттар осы мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу үшін жыл бойы белсене жұмыс атқарды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексі әзірленді. Онда бұрыннан келе жатқан түйткілдердің дені ескерілген. Осылайша, жаңа Бюджет кодексі бұрынғы модельдің олқы тұстарын – бөлшектенуді, жариясыздықты және бақылаудың әлсіздігін жоюға бағытталған.

Енді біз – депутаттар мемлекеттік органдардың ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың да шығыстары мен фискалдық міндеттемелерін толық көріп отырамыз. Бүкіл бюджет процесі цифрланып, ашық болады. Қаржылық тәртіп күшейе түседі. Мемлекеттік органдар нақты нәтижеге қол жеткізуде бюджеттік дербестікке ие болады. Қаражатты игеру ғана емес, дәл осы жайт олардың тиімділігіне баға беруге негіз болмақ. 

Ең бастысы, Ұлттық қор қаражаты тек стратегиялық мақсаттар мен инвестицияға жұмсалады. Мұны депутаттар қатаң қадағалайды. Жыл сайын Үкімет нысаналы индикаторларды бюджет мүмкіндіктеріне орай түзетіп отыратын. Біз оған жол беруге болмайтынын бірнеше рет ашық айттық.  Енді мұндай талап Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде бекітілді.

Бұл қадам бюджетті жоспарлау сапасын жақсартады әрі мемлекеттік органдарды стратегиялық басқару бағытына жетелейді. Алдыңғы жылдары біз республикалық бюджетке дивидендтер төлеуде де теңгерімсіздік барын байқадық. Осы мәселе де жаңартылған Бюджет кодексінде реттелген. Ал квазимемлекеттік сектор компанияларының дивиденд саясаты қайта қаралды.

Жалпы, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік қаржы жүйесін толығымен қайта жаңғыртып, Үкіметтің дербес жауапкершілігін арттыруға тиіс. Бүгін депутаттар бюджеттің кіріс бөлігіндегі проблемаларға да ерекше тоқталды. Көтерілген мәселелер жаңа Салық кодексін қабылдаудың өзектілігін тағы да көрсетіп отыр. Бастысы, депутаттар жаңа салық және бюджет кодекстерінің нормаларын бір-біріне сәйкестендірді.

Тұтастай алғанда, жаңа салық саясаты барлық олқылықтың орнын толтырып, түсінікті әрі әділ ережелер қалыптастырды. Біз жөнсіз салық жеңілдіктері мен бұралаң тұстарды алып тастадық. Депутаттар қолданыстағы салық жеңілдіктерінің тиімділігіне берілген бағаны бюджеттің атқарылуы жөніндегі әрбір есептен көретін болады. Сонымен бірге салықтық әкімшілендіруді күшейту де қарастырылып отыр.

Түптеп келгенде, мұның бәрі мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне оң әсер етеді деп үміттенеміз. Осы қабылданған шаралар болашақтағы бюджет жүйесінде түбегейлі өзгерістер әкеледі деп күтеміз. Енді, биыл жағымды өзгерістер бар екенін көріп отырмыз. Оны да айта кеткен жөн деп ойлаймын. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны біртіндеп үдеп келе жатқаны байқалады.

Соңғы бес айда ішкі жалпы өнімнің өсімі 6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі – 18 пайыз. Барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалып жатыр.

Бұл Мемлекет басшысының экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі нақты тапсырмаларының нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Ендігі кезекте, осы қарқынды бюджет кірісінің нақты өсіміне ұластырып, инфляция мен бағаны төмендетуге оң ықпал етуіне бағыттауымыз қажет. Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Оны еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек.