Демалыс күні, яғни 15 маусымда Астанада Streetfishing бойынша ашық чемпионаты өтті. Астана әкімдігінің қолдауымен өткен сайыстың қатысушылары Астанадағы бұрынғы газ құрылғыларын шығаратын зауыт маңын, яки Есілдің жағасын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Таза Қазақстан»: Астаналық балықшылар Есілді қоқыстан тазалады
Анар Қоныс
414
оқылды

Чемпионатты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы үйлестірді. Оған қоса, ұйымдастырушылар балық инспекциясымен өзара әрекеттесіп, қала тазалығына атсалысты. 

«Streetfishing – бұл жыртқыш балық аулауға арналған. Бұл Қазақстан үшін жаңа бағыт. Чемпионат жеңімпаздары, егер қатысушылар мен командалар саны бойынша нормативтер орындалса, спорт шеберлігіне кандидат атағына дейінгі дәрежеге үміткер бола алады. Бұл – басқа олимпиадалық емес спорт түрлері сияқты мемлекеттік стандарттармен реттеледі. Спорттық балық аулау федерациясында басқа да бағыттар дамып жатыр», – деді төреші-хатшы Андрей Рогов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, балықшылардың арасында жазылмаған ережесі бар. 

– Біздің өз ішімізде жазылмаған ережеміз бар: балық ауламас бұрын сол жердің қоқсығын жинап алу. Ол қоқысты сен тастамасаң да, айналаңды  тазалап кету міндеттелген. Біз үшін бастысы су қоймасы таза болуы тиіс. Ал бұрынғы газ құрылғы зауытының маңы – балықтың мекені. Сондықтан балық аулап қана қоймай, Есілдің маңын қоқыстан тазалап шықпақ болдық. Аз да болса, жеріміздің тазалығына атсалысқымыз келді, – дейді Балық ұстау спортының спорт шебері Александр  Александрович.

Streetfishing чемпионаты дегеніміз – қала шегінде жыртқыш балық аулауға бағытталған спорттық сайыс. Осы жолғы чемпионатқа 23 команда қатысты. Әр команда екі адамнан құрылған. Оның әрқайсысына бір төрешіден жүктелген. Сонымен қатысушылар саны 70-ке жуықтады. 

Бас төрешінің айтуынша, әр командаға жүктелген  төреші балықшылардың талаптарды қаншалықты дұрыс орындағанын бақылайды.

 – Біздің балық аулаудың негізгі форматы – балықты ұстадың ба, жібере сал. Жарыс барысында ұсталған бүкіл балықты қайта өзенге жібере саламыз. Тек құрыққа түскен кезде балықтың өлшемін алып қоямыз. Біз балықты ұстағаннан ләззат алып отырмыз, ендеше оны өлтірудің не қажеті бар?  Мысалы, бекітілген ережеге сай жыртқыш балықтың үш түрін ұстау керек. Онда да бекітілген өлшемнен кем болмауы тиіс. Мәселен, алабұға – 16 см, көксерке – 35 см, шортан 30 см. Бүгінгі сайыста 16 жастағы Мейрамғали Ербатыр ең үлкен шортанды ұстады. Оның ұзындығы – 54 см, ондай балығың 2 келідей шығады,  – деді Александр Крутов. 

Сайыстың нәтижесі бойынша 1 орынды Дархан Исмаилов пен Антон Мелковтың тобы иеленді. 2 орынды Денис Абаназиди мен Эмиль Гарафутдинов алса, үштікті Мейрамғали Ербатыр мен Владимир Терентьев бекітті.  

Ең үлкен балықты ұстаған қатысушының есімі – Мейрамғали Ербатыр, жасы  – 16-да. Ол балық аулауды әкесінен үйренген екен.

– Бала кезімнен әкеме еріп жүріп, балық аулауды үйрендім. Ол кезде қармақпен ұстайтынмын. Бірінші балығымды 7 жасымда ұстадым. Жақында ғана спинингке көштім. Онымен балықты ұстау қиындау. Оның алдында ғана ірі балық ұстап едік, жіберіп алдық. Бірақ сәтімізге қарай жарыс аяқталуға қалғанда бұ балық түсті, –  дейді ол.

Streetfishing чемпионаты Астанада биыл екінші рет өтіп отыр. Халықаралық ережеге сай чемпионат жеңімпаздары республикалық, одан әрі әлемдік жарысқа қатысуға мүмкіндік алады. 

Қатысушылардың кейбірі чемпионатқа дайындықты 3-4 апта бұрын бастап кеткен екен.

– Бүгін біз топтық сайысқа қатыстық. Командаласым екеуміз кім қандай тереңдікте, қандай жем салатыны, алдын ала талқылап, стратегиясын жасаған едік. Өйткені әр балықшының өзгеге айта бермейтін балық аулауда өз сыры бар. Сол себепті де осы жерге 3-4 апта бұрын келіп, алдын-ала судың ағымы қалай екенін, балықтың қай жерте тұрақтайтынын бақыладық. Дайындық барысында белгілеген дүниелерімізді жүзеге асыруға тырыстық. Бәрі бірде жүзеге аспады. Дегенмен сайыс сонысымен қызық емес пе?  Жарыстың бірінші кезеңінде балықты жақсы ұстап, үздік үштіктіте болдық. Түстен кейін екінші кезеңде босаңсып қалдық. Күннің ыстығы бар, көп жүргеніміз бар, әйтеуір артта қалдық. Негізі балық көп ұстадық, тек жарыстың талабына сайы түспеді, –  деді Мади Рымжан.

Оның айтуынша, ол балық аулауға арналған сайыстың бірін жібермей, 20 жылдан бері қатысып жүр. 

– Жалпы, 20 жылдан асты, балыққа қатысты сайыстың бірін жібермеймін. Кішкентайымыздан балық аулап өскендіктен қызығына кіріп кеткенбіз. Мен үшін бұл – балық аулау емес, үлкен спорт. Өйткені балық аулауға шыққандар дем алса, біз бұл жерде кәдімгідей шаршап қаламыз. Күннің ыстығына да, суығына да қарамаймыз. Таңның атқанынан жүреміз. Соған қарамастан осымен айналысу ұнайды. Қай топтың жеңетіні, қайсысының үздік болатыны, қандай балықты, қалай ұстайтынын өте қызық, - дейді ол. 

Streetfishing чемпионаты Астанада биыл екінші рет өткізіліп отыр. Еске аларлығы, былтыр сайысқа қатысушылардың саны екі есе аз болған.